Үлкен салтанатты мерекелік жиналыс өтті

Бүгін, 8 маусым күні «Жамбыл облысы кәсіподақтар орталығы» аумақтық кәсіподақтар бірлестігінің ұйымдастыруымен Тараз қаласындағы «Достық» үйінде Қазақстан кәсіподақтары күніне орай үлкен салтанатты мерекелік жиналыс өтті.

Салтанатты жиналысқа Қазақстан Республикасы Кәсіподақтар Федерациясы төрағасының кеңесшісі Аманжол Жанқұлиев арнайы келіп қатысты. Сонымен қатар, бұл жиынға Жамбыл облысы әкімінің бірінші орынбасары Бекболат Орынбеков, облыстық Мәслихаттың хатшысы Бағлан Қарашолақов, «Нұр Отан» ХДП Орталық саяси Кеңесінің мүшесі Айнұр Келімбетова, Тараз қаласының әкімі Ғалымжан Әбдірайымов, Тараз қалалық Мәслихатының хатшысы Батырбек Құлекеев, облыстық басқармалардың басшылары мен кәсіподақ белсенділері, барлығы 220 адам қатысты. Айта кету керек, бұл жиынның құрметті қонақтарының бірі Қазақстанның Еңбек Ері, «Казфосфат» ЖШС-нің Бас директоры Мұқаш Ескендіров болды.

Салтанатты жиналыс Қазақстан Республикасы Кәсіподақтар Федерациясының төрағасы Бақытжан Әбдірайымның кәсіподақ өкілдерін төл мерекемен арнайы құттықтауынан басталды. Жиынның форматы да жаңа үлгіде өтті. Түйіндеп айтсақ, жиынның ұйымдастырылуы мен мазмұндық сипатына қатысушылар жоғары баға берді. Видеосюжеттер, роликтер, слайдтар және ұлт аспаптық оркестр мен эстрадалық концерттік көркемдеу жақсы әсер қалдырды. Мерекелік салтанатты жиында Жамбыл облысы әкімінің бірінші орынбасары Бекболат Орынбеков, облыстық Мәслихаттың хатшысы Бағлан Қарашолақов, «Нұр Отан» ХДП Орталық саяси Кеңесінің мүшесі Айнұр Келімбетова, Тараз қаласының әкімі Ғалымжан Әбдірайымов, Тараз қалалық Мәслихатының хатшысы Батырбек Құлекеев кәсіподақ өкілдерін құттықтап, жылы лебіздерін білдірді. Облыстың кәсіподақ белсенділерін арнайы марапаттаулар мерекелік рухта өтті.

Бұл жиынның тағы бір ерекшелігі, облыстағы жаңадан құрылған бастауыш кәсіподақ ұйымдарына мүшелік сертификат-куәліктер салтанатты табысталды және жас өрендердің ардагерлерге алғыстарын білдіріп, гүл шоқтарын табыстауы мерекенің ажарын аша түсті. Мерекелік көңіл-күй және Қазақстан Республикасы Кәсіподақтар Федерациясының жаңару мен жаңғыру жолындағы сәтті қадамы, әрі өзгерістері осы жиыннан да байқалды.