Кәсіподақтар қызметі жаңа форматта жүргізілуде

Бүгінгі таңда еліміздегі кәсіп­одақ ұйымдарына деген көзқарас та, пікір де өзгере бастаған. Өйт­кені ұйым жұмысына енгі­зіліп жатқан жаңалық көп. Демек, кәсіподақтардың біз­дің қоғамдағы рөлі мен мағы­насы неде екендігін жақсы білетін­дердің көп болғаны абзал.
Жасы­ратыны жоқ, кәсіподақты әлі күнге дейін өзі және отбасы мүшелері үшін шипажайлар мен демалыс үйлеріне, лагерьлерге жолдама беретін ұйым ретінде қабылдайтындар баршылық. Сөйте тұра, кәсіпорындардағы қандай да бір даулы немесе әлеуметтік мәселелерді шешуде кәсіподақтан белсенділікті талап етеді. Кәсіподақтарға кеңестік дәуірдегідей қарайтындар да, қазіргі заманның талаптарына сәйкес болуын қалайтындар да аз емес. Негізінен елімізде кәсіп­тік одақтардың жаңа жүйе­сі құрылды, жұмыс беру­ші мен жұмысшының өзара қатынас­тарына көзқарас жаңарды.  Кәсіподақтар федерациясы республика­мыздағы ең саны көп ұйым саналатыны да көп жайтты аңғартады. Оның құрамына 18 салалық кәсіптік одақтар біріккен, жалпы саны 2 миллионнан астам мүшесі бар. Олардың ішінде 221 752 адам – Оңтүстік Қазақстан облысындағы 2161 бастауыш кәсіподақ ұйымдарының мүшелері. Ресми статистика бо­йынша, еліміздегі жалдамалы жұмысшылар саны 6 млн адам болса, соның 35 пайызы кәсіп­одақ ұйымдарына мүше. Мем­лекет басшысы кәсіподақтар еңбек қатынастарын реттеуде және еңбеккерлер мен жұмыс берушілер арасында сындарлы диалог орнатуда маңызды рөл атқаратынын атап өткен болатын. Ал сындарлы диалог ең­бек нарығында жұмыс беруші мен жұмысшының арасында еңбек қатынастарын реттейтін екіжақты келісімшарт немесе еңбек ұжымы мен жұмыс беру­шінің арасында ұжымдық шарт болған жағдайда орнайтыны мәлім. Яғни барлық іс-әрекет заң шеңберінде және ашық болуы тиіс. Алайда сол ұжымдық шарт арқылы еңбек адамының еңбек ету құқығы реттеліп отыра­тынын ескермейтіндер де жоқ емес.

Кәсіподақ аза­мат­тар­дың әлеуметтік-экономи­калық және заңды еңбек құқық­тарының бұзылмауын, еңбек қауіпсіздігінің сақталуын қада­ғалайтыны мәлім. Еңбек құқы демекші, егер жұмысшылармен келісімшарт жасалып, қолына бір данасы берілмесе, онда жұмыс беруші Еңбек кодексінің 33-бабын бұзғаны болып саналады. Елбасы Н.Назарбаев «жұмысшылар өздерін лайықты сезінулері үшін кәсіподақтар қоз­ға­лысы өз биігінде болуы тиіс» деген болатын. Яғни еңбек заңнамасының сақ­­та­луын қадағалау, талап ету ұйым үшін маңызды да жа­уап­ты міндет. Осы орайда, айта кетер­лік мәселелер де бар­шы­­лық. Мысалы, әкімшілік заң­­намамен қарастырылған ша­ра­лар қауқарсыз және аз, ең­бек қатынасы мен қауіп­сіз­дігі тұрғысындағы заң бұзушылыққа қарастырылатын ең ауыр жазаның өзі сол заң бұзушылықтың қауіптілігі мен одан келер салдардың дәрежесіне сай келмейді. Заң талаптарын тиісті орындауға кететін шығындар мен заң бұзушылық анықталған жағдайда төлейтін айыппұлдарды салыстыра отырып, жұмыс беруші көбі­несе Еңбек кодексінің талап­тарын сақтағаннан гөрі айып­пұл төлеген тиімді деген қоры­тын­дыға келіп жатады. Еңбек заң­на­масын бұзу фактілері заң талап­тарының орындалуын ба­қы­ламаудан да туын­дайды. Бұл орайда тиісті заң­на­малар­ға бірқатар өзгеріс ен­гізуді ұсына­тын боламыз. Айта кету керек, кәсіподақ – жұмыс­шылар­дың құқығы мен мүддесін заң жүзін­де қорғауға құқығы бар жал­ғыз қоғамдық ұйым. Еңбек кодек­сін әзірлеу кезінде Кәсіп­одақ­тар федерациясы ұсынған 200-ден астам өзгерістің 117-сі енгізілді. Елбасы Жолдауында «Ең­бек нарығының тиімділігін қам­та­масыз етіп, әрбір адамның өз әлеуетін іске асыра алуы үшін жағдай жасаудың маңызы зор» екені айтылған болатын. Бүгінде жұмыссыздық дең­гейін төмендету бағытында атқа­ры­лып жатқан іс аз емес.

Жұ­мыс­қа орналасқан азамат табы­сын молайтуға мүдделі, тұрақ­ты­лықты, еңбегінің әділ баға­лан­ғанын қалайды. Міне, осы орайда ұжымдық келісімшарттың, яғни еңбек және әлеуметтік-экономикалық мәселелерді шешу үшін жұмыс беруші мен жұмысшылардың бір немесе бірнеше өкілімен арада жасалатын жазбаша түрдегі құқықтық актінің маңызы зор. Өкінішке қарай, қажеттілігі жоқ деп санайтын компаниялар да кездеседі. Жұмысшылардың құқықтық сауатсыздығын пайдаланатындар да табылады. Сондай-ақ келісім­шарт түзуді сұрайын десе, жұмыстан қуыла­мын ба деп қорқатын жұмысшылар да жоқ емес. Соңғы екі жылда мемлекет­тік еңбек инспек­тор­ларының тексеруі нәтижесінде жұмысшыларының еңбегін тиісті келісімшартсыз пайдаланып келген мыңнан астам жұмыс беруші анықталып отыр. Олар негізінен құрылыста, саудада, қоғамдық тамақтану орындары мен ауыл шаруашылығында жүрген мамандар. Осыған байланысты жасырын және қалыптан тыс еңбек қатынастарын қысқарту, жұмысшылардың құқықтары мен мүдделерін қорғау деңгейін көтеру мақ­сатында 2018 және 2019 жылдары «Еңбек келісім­шартын жасаңыз!» атты рес­пуб­­ликалық акция өтуде.  Елбасы Жолдауында нәти­желі жұмыспен қамтуды және жаппай кәсіпкерлікті дамыту бағдарламасы аясында оның құралдарын нығайта отырып, халықтың осы санаттарын кеңінен тарту қажеттігі айтылды. Осы орайда ОҚО кәсіподағының оқыту орталығында Нәтижелі жұмыспен қамтуды және жаппай кәсіпкерлікті дамытудың 2017-2021 жылдарға арналған бағдарламасы аясында бірін­ші бағыт бойынша жұмыссыз азаматтар оқытылады. 200-ге жуық адам қамтылып, олар­ды тоқымашы, аспаз, жүр­­гізуші, жиһаз құрастырушы секіл­ді 8 мамандыққа оқыту көз­делуде. Теория бір ай оқы­ты­лып, екі ай практикалық сабақ қарас­тырылған. Қазіргі таңда бағдарлама аясында іс-тә­жірибеден өту үшін өңірдегі ірі кәсіпорындармен келісім жасалды. Азаматтар тегін оқытылады.

Айта кетелік, облыс бойынша өткен жылы бағдарлама аясында 12 159 адам оқуға жіберілсе, биыл 7200 адам оқумен қамтылмақ.  Кәсіподақ мүшелері тарапынан төлеген жарналарының қайда жұмсалып жатқаны, шипажайларға берілетін жолдамалар туралы да сұрақтар қойылып жатады. Барлық мәсе­леде ашықтықтың, жария­лылықтың болғанын қалаймыз, әрине. Жарналардың орта есеппен 70 пайызы бастауыш кәсіподақ ұйымдарында қалады, ал 30 пайызы кәсіп­одақ аппаратының қалыпты жұмыс істеуі үшін облыстық және рес­пуб­ликалық деңгейдегі кәсіп­одақ­тарға бөлінеді. Кез келген салалық кәсіподақтағы штат саны 2-3 адамнан аспайды. Бас­тауыш кәсіподақ ұйымдары өз­дерінің кәсіподақ жиналымдарын өз ұжымындағы кез келген іс-шараға жұмсауға құқы­лы. Айта кетейік, бұл жолдама­лардың бағасы қымбаттап қана қоймай, көп адамға қолжетімсіз бо­лып қалды. Себебі бұған де­йін әлеуметтік төлемдер кәсіп­одақтарға, кәсіподақтар жанын­дағы арнайы қорға бағыт­талып, кәсіподақтар жұмыс­шыларға арналған жолдамаларды сатып алатын, оны өз бағасынан 90 па­йыз арзан немесе тегін тарата ала­тын. Қазір кәсіподақта ондай қор жоқ. Бастауыш кәсіподақ ұйымы өзінде қалған жарнаны өз қалауы­мен жаратып, оның қай­да жұм­сал­ғаны туралы жыл са­йын кәсіподақ мүшелері алдында есеп бере алады.

Десек те, өткен жылы 10 салалық кәсіподақта 4100 адам сауығуға жолдама алды. Оның ішінде 2938 жолдама ОҚО білім беру және ғылыми қызметкерлерінің облыстық кәсіподақ комитетіне тиесілі, бұл мақсатқа 160 миллионнан астам теңге бөлінген болатын. 1114 баланы сауықтыру мақсатында 16 миллион теңгеге жуық қаржыны облыстық білім беру және ғылыми қыз­мет­керлерінің кәсіподақ коми­теті бөлді. ОҚО мәдениет және ақпа­рат кәсіподақтары об­лыс­тық комитеті тарапынан жүзу бассейніне 52 абонемент бөлінді. Сондай-ақ ден­сау­лық сақтау кәсіподақтары фи­лиа­лының құрамына кіретін сту­денттерге қоғамдық өмірге белсене қатысқандары және үздік сабағы үшін Орталық кәсіподақтар кеңесінің атынан және кәсіподақтың ОҚО филиалы атынан жыл сайын конкурс негізінде атаулы стипендия тағайындалады.

Берік БЕКЖАНОВ,  «Оңтүстік Қазақстан облысының кәсіподақтар орталығы» аумақтық кәсіподақтар бірлестігінің төрағасы

Толығырақ: https://egemen.kz/article/170399-kasipodaqtar-qyzmeti-zhanha-formatta-zhurgizilude