ҚР Кәсіподақтар федерациясының Бас кеңесінің отырысы өтті

22 маусымда Астанада ҚР Кәсіподақтар федерациясының Төрағасы Бақытжан Әбдірайымның төрағалығымен ҚР Кәсіподақтар федерациясының Бас кеңесінің отырысы өтті.

Кеңеске қатысушылар Федерацияның және аумақтық кәсіподақтар бірлестіктерінің ұйымдастырушылық-құқықтық қызметін жетілдіру мәселелерін қарастырды. Талқыланған мәселелердің қатарында ҚРКФ құрамына 4 жаңа салалық кәсіподақтарды, атап айтқанда, ақпарат, коммуникациялар және байланыс қызметкерлері кәсіподағы, орман шаруашылығы және жануарлар әлемі қызметкерлері кәсіподағы, «Қамқор Магистраль» көлік жөндеу кәсіпорны кәсіподағы мен «SENIM» денсаулық сақтау саласының қызметкерлері кәсіподағын қабылдау мәселесі болды.

Салалық кәсіподақтардың өкілдігінің кеңеюімен Атқару комитетінің жаңа құрамы сайланды.

Сондай-ақ, ҚРКФ Жарғысы мен аумақтық кәсіподақтар бірлестіктерінің Типтік жарғысына, мүше ұйымдармен көрсетілетін статистикалық есептеменің тізіміне, мүшелік кәсіподақ жарналарының бірыңғай тәртібіне қатысты мәселелер талданды.

Бас кеңестің отырысы аясында Қазақстан Кәсіподақтары күніне арналған аумақтық кәсіподақтар бірлестіктері арасындағы кәсіподақ байқауы қорытындыланды.

Есептер, бұқаралық ақпарат құралдары мен әлеуметтік желілердегі жарияланымдар бойынша Комиссияның шешімімен бірінші орынды Оңтүстік Қазақстан облысының кәсіподақ орталығы, екінші орынды Жамбыл және Қарағанды облыстарының кәсіподақ орталықтары, үшінші орынды Маңғыстау облысы мен Алматы қаласының кәсіподақ орталықтары иеленді.

Бас кеңеске қатысушылар ҚР Үкіметіне Қазақстан Кәсіподақтары күнін (әр жылдың 10 қазаны) мерекелік күндер тізіміне енгізу туралы ұсыныс жіберу жөнінде шешім қабылдады.

Сонымен қатар, отырыста кәсіподақ және еңбек ұйымдарымен халықаралық ынтымақтастықты жетілдіру механизмі және ҚРКФ кезектен тыс съезін шақыру туралы ұсыныстар тыңдалды.