Бастауыш кәсіподақ ұйымын ашу жөнінде құрылтай жиналысы өткізілді

Биыл Алматы қаласы Наурызбай ауданының құрылғанына 4 жыл толды. Ауданның негізі 2014 жылдың 2 шілдесінде қаланған болатын. Төрт жыл ішінде Наурызбай ауданы біршама өзгерісті бастан өткерді. Онымен қоса, ағымдағы жылдың сәуір айында аудан әкімі аппаратында «Мемлекеттік, банк мекемелері және қоғамдық қызмет көрсету қызметкерлерінің салалық Кәсіподағы» қоғамдық бірлестігінің Алматы қалалық филиалы бастауыш кәсіподақ ұйымын ашу жөнінде құрылтай жиналысын өткізді.
Осыған орай, «Алматы қалалық мемлекеттік, банк мекемелері және қоғамдық қызмет көрсету қызметкерлері салалық кәсіподағы» өз қызметін жандандыру, қарым-қатынасты күшейтіп, бастауыш кәсіподақ ұйымдарының қызметіне көңіл бөлу мақсатында «Алматы қаласы Кәсіподақтар Орталығы» аумақтық кәсіподақтар бірлестігінің қатысуымен кезекті іс-шарасын ұйымдастырды.
29 маусым күні Наурызбай ауданы әкімі аппаратының кәсіподақ активі үшін «Жеке тұлғаны дамытудың жаңа түрлері мен әдістері» тақырыбында лекция өтті. Іс-шараға арнайы шақырылған «Қалалық ғылым берудегі жаңа технологиялардың ғылыми-әдістемелік орталығының» әдіскер-психологы Алиева Эльмира мамандардың функционалдық жауапкершілікпен жеке тұлғаны дамыту қажеттігіне назар аударудың маңыздылығына тоқталды. Сонымен қатар, мемлекеттік қызметтегілер өздерін үнемі жігерлендіріп, ынталандыруға, инновациялық ізденістерге, өзін-өзі жетілдіруге, кәсіби деңгейін арттыруға ұмтылу қажеттігін атап өтті.
Өз кезегінде «Мемлекеттік, банк мекемелері және қоғамдық қызмет көрсету қызметкерлерінің салалық Кәсіподағы» қоғамдық бірлестігінің Алматы қалалық филиалының төрайымы Айнақұлова Данагүл бастауыш кәсіподақ ұйымдарымен әріптестік қарым-қатынасты күшейтіп, әлеуметтік серіктестік аясында барлық мүдделі тараптармен өзара ықпалдастықты жандандыру қажеттігін айтып өтті. Бұл ретте жұмысшылардың еңбек құқықтарын қорғауға бағытталған әлеуметтік диалогтың жаңа түрлерін дамыту маңызды екенін сөзге тиек етті.
Аудан әкімі аппаратының кәсіподақ активі жоғары деңгейде ұйымдастырылған іс-шараға оң баға беріп, өз алғыстарын білдірді.