ҚРКФ Төрағасының орынбасары М.Тоқжановтың Батыс Қазақстан облысындағы жұмыс сапары жалғасуда

ҚР Кәсіподақтар федерациясының Төраға орынбасары  М.Л. Тоқжановтың Батыс Қазақстан облысындағы жұмыс сапары жалғасуда.
Батыс Қазақстан облысының Кәсіподақтар Орталығында ҚР Кәсіподақтар Федерациясының Төраға орынбасары  М.Л. Тоқжанов кәсіподақтар өкілдерімен кездесті. Кездесуге облыстағы аумақтық, салалық және жергілікті кәсіподақ жетекшілері мен қызметкерлері қатынасты.
Жиынды М.Л. Тоқжанов ашып, кездесудің мәнін түсіндірді. Бүгінгі күндегі аумақтық кәсіподақтардың рөлін, облыстағы кәсіподақтар арасындағы ынтымақтастықты одан әрі дамыту мәселелеріне назар аударды.
– Кәсіподақ ұйымының бірінші мақсаты – еңбек адамдарының алаңсыз, қауіп-қатерсіз, жайлы жұмыс орнында жұмыс істеуін қамтамасыз ету. Бүгінгі күні Кәсіподақтар Федерациясы еліміздегі кәсіподақ қозғалысын жаңғыртуда, бастауыш кәсіподақ ұйымдарына айрықша көңіл бөлуде, сондай ақ олардың қызметін ұйымдық тұрғыдан нығайтуға, қызметіндегі бірлік пен үйлесімділікке қол жеткізуге бағытталған іс шараларды жүзеге асыруда. Алда үлкен міндеттер, жауапты жұмыстар бар. Ол тек қана кәсіподақ ұйымдарының ынтымақ-бірлігінің арқасында ғана іске асады. Кәсіподақтардың осыған орай басты міндеті – әрбір еңбек ұжымындағы әлеуметтік тұрақтылық пен әл-ауқаттың арттыру, осы мақсатта өз мүшелерінің күш-жігерін біріктіру болып табылады , – деді төрағалық етуші.
Сонымен қатар Төраға орынбасары Кәсіподақтар Федерациясының 2018-2019 жылдарға арналған кәсіподақтарды жаңғырту Жол картасы бойынша бүгінгі таңда атқарып жатырған игі істерге кеңінен тоқталды. Сондай ақ ҚР Кәсіподақтар Федерациясының Жарғысы мен аумақтық кәсіподақтар бірлестіктерінің Типтік жарғысына өзгерістер енгізу, мүше ұйымдармен көрсетілетін статистикалық есептеменің тізімдеріне жаңаша үлгі беру мәселелеріне тоқталып өтті.
Жиынға қатысушылар Қазақстан Республикасы Жоғарғы соты жəне Қазақстан Республикасы Кəсіподақтар федерациясы арасындағы өзара ынтымақтастық туралы меморандумына сəйкес Кəсіподақ орталығында Татуластыру орталығын ашу мәселесін, дауларды сотқа дейін өзара келісу процесі арқылы бітімгершілікке келудің тиімділігін талқылады.
Жиын соңында кәсіподақ жетекшілері төраға орынбасарына айтылған маңызды ақпараттарға  назар аударатындықтарын және алдағы міндеттер мен шараларды жүзеге асыру барысында аянбай еңбек ететіндерін жеткізді.
Сондай ақ іс–сапар бағдарламасына сәйкес ҚР Кәсіподақтар федерациясының Төраға орынбасары М.Л.Тоқжанов, облыстық Кәсіподақтар орталығының төрағасы Е.Г.Салықов және «SENIM» Денсаулық сақтау жүйесі жұмыскерлерінің салалық кәсіптік одағы Республикалық қоғамдық бірлестігінің төраға орынбасары И.А.Тощева қалалық көпсалалық аурухана, облыстық клиникалық аурухана және көпсалалық балалар ауруханаларына барып  ұжымдармен кездесті.
Жиындарда қатысушыларға төраға орынбасары 2018-2019 жылдарға арналған кәсіподақтарды жаңғырту Жол картасы және бүгінгі күні кәсіподақтармен жүзеге асырылып жатырған шаралар туралы, кәсіподақ мүшелерінің құқықтық қорғалуы, олардың әлеуметтік тұрғыдан лайықты қамтамасыз етілуі, денсаулығын сақтау мен еңбек дауларының алдын алу мен оларды шешу жолдары жөніндегі мәселелер бойынша кеңінен мағлұмат берді.
Ұжымдармен кездесулер барысында қатысушыларға ҚР Кәсіподақтар федерациясының  қатарына жаңадан кірген, «SENIM» Денсаулық сақтау жүйесі жұмыскерлерінің салалық кәсіптік одағы Республикалық қоғамдық бірлестігі туралы толық ақпарат берілді және қызметкерлердің еңбек заңнамасының сақталуы, шипажайларға жолдама беру, кәсіподақ мүшелері тарапынан төленетін жарналар, тағы басқа бірқатар сұрақтарына толығымен жауаптар беріліп, барлық істе ашықтық және жариялылықтың болатындығы түсіндірілді.
Кездесулер қорытындысы бойынша  400-ден астам қызметкер жұмыс жасайтын облыстық көпсалалық балалар ауруханасы жаңадан құрылған «SENIM» Денсаулық сақтау жүйесі жұмыскерлерінің салалық кәсіптік одағына кіру жөнінде шешімдерін бірауыздан қабылдады.