Қазақстандағы кәсіподақтардың бүгінгі күні жұмысшылар мен қызметкерлер мүддесін қорғаудағы орны ерекше. Олардың қоғамдағы туындаған әлеуметтік мәселелерді оңтайлы шешудегі ролі жоғары бағаланады. Бүгінде аталған біірлестік кәсіподақ мүшелерінінің құқықтары мен мүдделерін қорғау, жұмыс жағдайын жақсарту, өмір сүру деңгейін көтеру мен әлеуметтік кепілдікті қамтамасыз ету бағытында бірқатар игілікті шаруаларды жүзеге асыруда.
2015 жылы құрылған «Алматы облысының кәсіподақтар орталығы аумақтық кәсіподақтар бірлестігі» – облыстағы азаматтық қоғамның маңызды бөлігі болып саналады. Орталық құрылғаннан бері әртүрлі саладағы еңбек ұжымдарын кәсіподақ қозғалысына тарту, жаңадан бастауыш кәсіподақ ұйымдарын құру, жұмыс жасап жатқан кәсіптік одақтардың қызметтерін ретке келтіру бойынша үлкен жұмыстарды іс жүзіне асырды.
Кәсіподақтың қажеттілігі неде? Ол жұмысшыларға не береді? Ең бастысы еңбек дауларына байланысты олардың құқықтарын қорғай ала ма? Міне, осындай сантүрлі сауалдарға жауап бере отырып, алғашқы кезде еңбек ұжымдары арасында түсіндіру жұмыстарын жүргіздік. Әрине, біреулер дұрыс қабылдаса, енді біреу-лер кәсіподаққа секеммен қарады. Біз мүмкіндігінше әрбір ұжымдағы еңбекке байланысты проблемаларды көтеріп, оның шешу жолдарын қарастырып келеміз.
Осы арада мұрағат саласының қызметкерлерімен кездескенде, ескі құжаттармен жұмыс жасайтындарға үстемақы төленбейтіні анықталды. Осы түйткілді мәселеге байланысты әлеуметтік серіктесіміз – жергілікті басқару органдарына хат жолдап, үшжақты келісім жасадық. Мәселені заң тұрғысынан қарастыра келе, оларға міндетті түрде үстемақы төлену қажеттігі дәлелденді. Нәтижесінде облыстың бюджетін қалыптастыру кезінде қосымша қаражат бөлініп, мұрағат қызметкерлеріне қосымша үстемақы төлене бастады.
Таяуда Алматы облысының әкімдігі, «Алматы облыстық кәсіподақтар орталығы» және Алматы облысының Кәсіпкерлер палатасы арасындағы 2018-2020 жылдарға арналған «Үшжақты келісімге» қол қойылып, 21 мамырда өткізілген комиссия отырысында арнайы хаттама бекітілді.
Мемлекеттің, жұмыс берушілердің және қызметкерлердің әлеуметтік жауапкершілігі, өзара сыйластығы мен олардың мүдделерін білдіруге арналған алаңдар құрылып, бірқатар мәселелер өз шешімін табуда. Соның ішінде әлеуметтік әріптестік және әлеуметтік-еңбек қатынастары, ұжымдық шарттардың дайындалуы мен орындалуы жаңа форматта жүргізілуде. Сондай-ақ, кәсіподақ ұйымдарымен ұжымдық келісім-шарттардың бекітілуі және оның орындалуы арнайы сараптамадан өткізіліп, оған ұдайы мониторинг жасалады.
Қазіргі кезде Алматы облысында 14 салалық кәсіподақ ұйымы жұмыс істейді. Олардың жұмысын үйлестіру, әдістемелік көмек көрсету, білімдерін жетілдіру бойынша арнайы курстар ұйымдастыру жұмыстары оң жолға қойылған. Облыстық кәсіподақтар орталығы «Қазақстан Республикасының Кәсіподақтар федерациясының оқыту, зерттеу және туындаған дауларды реттеу орталығымен» бірлесе отырып, жұмысшылардың біліктілігін арттыру бойынша 2016-2017 жылдары 350 адамды оқытып, оларға арнайы сертификат тапсырды. Осы бағытта 7 семинар ұйымдастырылды. Биылғы жылы бұл жұмыс одан әрі жалғасатын болады.
Қазақстан Республикасының кәсіподақтар федерациясының жұмыс жоспарына сәйкес, жыл сайын 8 наурыз Халықаралық әйелдер күніне орай, гендерлік саясатты іске асыру бойынша саяси-қоғамдық, экономикалық өмірдегі еңбек әйелдерінің рөлі мен әлеуметтік қорғау мәселелерін көтеріп, өңіраралық форумдар ұйымдастырылуда. Форум делегаттары әр салада үлес қосып жүрген әйелдердің толайым еңбектері мен ұрпақ тәрбиесі жайында ой қозғап, еркін форматта көзқарастарын білдіріп отырады. Мұндай шаралар кәсіподақ ұйымдарының беделін көтеріп, халықтың оған деген сенімін арттырады.
Үстіміздегі жылы Алматы облысының соты, ҚР сыбайлас жемқорлыққа қарсы күрес агенттігінің Алматы облыстық департаменті, Халыққа қызмет көрсету орталығы және аумақтық кәсіподақтар арасында арнайы меморандумға қол қойылды. Бүгінде облыстық сот және Талдықорған қалалық сотының ғимараттарында сотқа дейінгі даулардың алдын-алу үшін «Татуласу орталықтары» жұмыс жасауда. Осы орайда облыстық соттың ғимаратында ашылған Құқықтық қызметтер орталығына жоғары дәрежелі медиаторды қызметке алдық. Енді медиатордың көмегіне үлкен басшыдан бастап, қатардағы қызметкерге дейін жүгініп, кеңес алатын болады.
Қазір Алматы облысының кәсіподақтар орталығы облыстағы қоғамдық кеңес, бюджетті қалыптастыру, мәслихат отырыстары, дағдарысқа қарсы штаб, жұмыскерлерге квота бөлу, индустриалды-инновациялық дамыту, жастар саясаты, кәсіпкерлікті дамыту сияқты көптеген еңбек қатынастарын реттейтін комиссиялардың құрамына қабылданып, өз жұмысын жалғастырып отыр.
Әсет ҚЫДЫРМАНОВ,
«Алматы облысының кәсіподақтар орталығы
аумақтық кәсіподақтар бірлестігінің»
төрағасы.