Жұмыскерлер мүддесі басты назарда

Қазақстандағы кәсіподақтардың бүгінгі күні жұмысшылар мен қызметкерлер мүддесін қорғаудағы орны ерекше. Олардың қоғамдағы туындаған әлеуметтік мәселелерді оңтайлы шешудегі ролі жоғары бағаланады. Бүгінде аталған біірлестік кәсіподақ мүшелерінінің құқықтары мен мүдделерін қорғау, жұмыс жағдайын жақсарту, өмір сүру деңгейін көтеру мен әлеуметтік кепілдікті қамтамасыз ету бағытында бірқатар игілікті шаруаларды жүзеге асыруда.
2015 жылы құрылған «Алматы облысының кәсіп­одақтар орталығы аумақтық кәсіподақтар бірлестігі» – облыс­тағы азаматтық қо­ғам­ның маңызды бөлігі болып саналады. Орталық құрыл­ғаннан бері әртүрлі саладағы еңбек ұжымдарын кә­сіподақ қозғалысына тар­ту, жаңадан бастауыш кә­сіподақ ұйымдарын құру, жұмыс жасап жатқан кәсіптік одақтардың қызметтерін ретке келтіру бойынша үлкен жұ­мыстарды іс жүзіне асырды.
Кәсіподақтың қажеттілігі неде? Ол жұмысшыларға не береді? Ең бастысы еңбек дауларына байланысты олардың құқықтарын қорғай ала ма? Міне, осындай сантүрлі сауалдарға жауап бере отырып, алғашқы кезде еңбек ұжымдары арасында түсіндіру жұмыстарын жүргіздік. Әрине, біреулер дұрыс қабылдаса, енді біреу-лер кәсіподаққа секеммен қарады. Біз мүмкіндігінше әрбір ұжымдағы еңбекке байланысты проблемаларды көтеріп, оның шешу жолдарын қарастырып келеміз.
Осы арада мұрағат сала­­сының қызмет­кер­лерімен кез­дес­кенде, ескі құжат­тармен жұмыс жасай­тын­дар­ға үстемақы төлен­бей­тіні анықталды. Осы түйткілді мәсе­леге байланыс­ты әлеу­меттік серікте­сіміз – жер­­гілікті басқару ор­ган­да­рына хат жолдап, үш­жақ­ты келісім жасадық. Мә­се­лені заң тұрғысынан қа­растыра келе, оларға мін­детті түрде үстемақы тө­лену қажеттігі дәлелденді. Нәти­же­сін­де облыстың бюджетін қалып­тастыру кезінде қосым­ша қаражат бөлініп, мұра­ғат қызметкерлеріне қо­сымша үстемақы төлене бастады.
Таяуда Алматы облысының әкім­дігі, «Алматы облыстық кәсіп­одақтар орталығы» жә­­не Алматы облысының Кәсіпкерлер палатасы ара­сындағы 2018-2020 жыл­дарға арналған «Үшжақты келі­сімге» қол қойылып, 21 мамырда өткіз­ілген комиссия отыры­сында арнайы хаттама бекі­тіл­ді.
Мемлекеттің, жұмыс бе­ру­ші­лердің және қызмет­керлердің әлеуметтік жауап­кершілігі, өзара сыйластығы мен олардың мүд­делерін білдіруге арналған алаң­дар құрылып, бірқатар мә­селелер өз шешімін табуда. Соның ішінде әлеуметтік әріп­тестік және әлеуметтік-еңбек қаты­настары, ұжым­дық шарт­тардың дайындалуы мен орындалуы жаңа форматта жүргізілуде. Сон­дай-ақ, кәсіподақ ұйым­дарымен ұжым­дық келісім-шарт­тар­дың бекітілуі және оның орын­далуы арнайы сарап­тама­дан өткізіліп, оған ұдайы мониторинг жасалады.
Қазіргі кезде Алматы облысында 14 салалық кәсіподақ ұйымы жұмыс істейді. Олардың жұмысын үйлестіру, әдістемелік көмек көрсету, білімдерін жетілдіру бойынша арнайы курстар ұйымдастыру жұмыстары оң жолға қойылған. Облыс­тық кәсіподақтар орта­­лығы «Қазақстан Респу­блика­сының Кәсіп­одақ­тар федера­циясының оқыту, зерттеу және туын­даған дауларды реттеу орталы­ғымен» бірлесе отырып, жұмысшылардың біліктілігін арттыру бойынша 2016-2017 жылдары 350 адамды оқытып, оларға арнайы сертификат тапсырды. Осы бағытта 7 семинар ұйымдастырылды. Биылғы жылы бұл жұмыс одан әрі жалғасатын болады.
Қазақстан Респу­бли­касының кәсіподақтар фе­дера­циясының жұмыс жос­парына сәйкес, жыл сайын 8 наурыз Халықаралық әйелдер күніне орай, гендерлік саясатты іске асыру бойынша саяси-қоғамдық, эконо­микалық өмірдегі ең­бек әйелдерінің рөлі мен әлеуметтік қорғау мә­се­ле­лерін көтеріп, өңір­аралық форумдар ұйым­дастырылуда. Форум де­ле­гаттары әр салада үлес қо­сып жүрген әйелдердің толайым еңбектері мен ұрпақ тәрбиесі жайында ой қозғап, еркін форматта көзқарастарын білдіріп отырады. Мұндай шаралар кәсіподақ ұйымдарының бе­делін көтеріп, халықтың оған деген сенімін арттырады.
Үстіміздегі жылы Алматы облысының соты, ҚР сы­­бай­лас жем­қорлыққа қар­­сы күрес агенттігінің Ал­­маты облыстық депар­та­менті, Халыққа қыз­мет көр­сету орталығы және аумақтық кәсіподақтар ара­­сында арнайы мемо­ран­дум­ға қол қойылды. Бү­гінде об­лыс­тық сот және Талды­қорған қалалық сотының ғи­­ма­­­раттарында сотқа де­йінгі дау­лардың алдын-алу үшін «Татуласу орта­лық­­­тары» жұмыс жасауда. Осы орайда облыстық сот­тың ғимаратында ашыл­ған Құ­қық­тық қыз­меттер орта­лы­ғына жоғары дәре­желі медиаторды қызметке алдық. Енді медиа­тордың көмегіне үлкен басшыдан бастап, қатар­дағы қызметкерге дейін жүгініп, кеңес алатын болады.
Қазір Алматы облысының кәсіподақтар орталығы об­лыс­­тағы қоғамдық кеңес, бюд­жетті қалыптастыру, мәс­лихат отырыстары, дағ­да­рысқа қарсы штаб, жұмыс­керлерге квота бөлу, индус­три­ал­ды-инно­ва­циялық да­­мы­ту, жастар сая­саты, кә­сіп­керлікті дамыту сияқты көп­теген еңбек қатынастарын реттейтін комиссиялардың құрамына қабылданып, өз жұмысын жалғастырып отыр.

Әсет ҚЫДЫРМАНОВ,
«Алматы облысының кәсіподақтар орталығы
аумақтық кәсіподақтар бірлестігінің»
төрағасы.

http://pr-hal.kz/kogam/zh-myskerler-m-ddesi-basty-nazarda/