Қазақстандық кәсіподақ ұйымдары өзінің бай тарихи-дәстүрін жалғастыра отырып, бұл күндері жаңару мен жаңғыру жолында екенін белсенді қызметімен көрсетуде. Осы орайда Қазақстан Кәсіподақтар федерациясына қарасты «Жамбыл облысы кәсіподақтар орталығы» аумақтық кәсіподақтар бірлестігінің төрағасы Мейрамбек Төлепбергенмен сұхбаттасқан едік.
– Мейрамбек Мылтықбайұлы, біздің кәсіподақтар да түрлі сыннан өткені белгілі. Еңбеккерлердің сенімді тірегі, қоғам құндылықтарының қамқоршысы болған кәсіподақтардың абырой-беделі қалай сақталып отыр?
– Деректерге сүйенсек, жүз жылдан астам тарихы бар Қазақстанның арғы-бергі өмірінде болған қоғамдық ұйым еліміз егемендік алғалы бері де талай сыннан өткені белгілі. Ел аузында «местком», «профком», «профсоюз» деп айтылып жүретін кәсіподақ ұйымдары өзінің әу бастағы мақсаты мен міндеттерін түбегейлі өзгертпегенімен, қоғам дамуы мен заман талаптарына сай жаңа мазмұндағы жұмыс ырғағына жаңашылдық әкелді. Оның басқару құрылымдарында көп мәселе басқаша шешіле бастады.
Абырой-бедел енді кәсіподақтар үшін тек демалыс орындарына жолдама беруге көмектесе алады деген біржақты ұғым-түсінікпен жиналмайды. Әрбір мекемеде бастауыш кәсіподақ ұйымы сонда не үшін құрылады? Кәсіподақтар әлеуметтік-еңбек қатынастары мен әлеуметтік серіктестік мәселелерін көтеруге және шешуге қабілетті қуатты және жасампаз қоғамдық ұйым болуы тиіс. Қазіргі заманның басты тренді – әлеуметтік еңбек қатынастарын өзектендіру. Осы себепті, кәсіподақтар жұмыс орындарының сақталуы, еңбекті тиімді қорғау, еңбекақыны уақытылы төлеу, өндірісте жазатайым оқиғалардың алдын алу мәселелерін жедел түрде шешуге қатысуы міндет әрі жауапты төл ісі болмақ.
– Кәсіподақтар атқаратын ауқымды жұмыстың өзіндік жаңғыру бағытын атап айтсаңыз?
– Өткен жылдың соңғы айларында Елбасы Нұрсұлтан Назарбаев республикалық Кәсіподақтар федерациясының жаңа төрағасы Бақытжан Әбдірайымды Ақордада арнайы қабылдап, үлкен ұйымның қызметін жандандырып, ортақ мәселелерді жедел шешіп отыруға әрі заңды тұрғыда атсалысу қажеттігіне баса көңіл бөлді. Мемлекет басшысының кәсіподақ ұйымдарының қызметіне деген бұл қамқорлық көзқарасы кәсіподақ жетекшілерінің тиімді әрі табысты қызмет етуіне күш-қуат берді. Кәсіподақтың басшылығы жігерлі де қабілетті, тәжірибесі жеткілікті жаңашыл әрі мемлекетшіл кадрлармен толықты. Жергілікті ұйымдардан да жаңа серпіліс сезілуде.
Кәсіподақтардың айтулы тұлғалары саясаткер әрі оқымысты, қоғамда беделді, интеллектуалдық деңгейі жоғары болуы қажет. Бұл талаптар – кәсіподақтардың жұмысында ықпалды фактор.
– Бүгінде еңбек нарығын тұрақтандыру мақсатында Қазақстан кәсіподақтары жұмыс берушілермен қандай тығыз жұмыс атқарады?
– Биыл 31 қаңтарда Қазақстан Республикасы Үкіметі, республикалық жұмыс берушілер бірлестіктері мен республикалық кәсіподақтар бірлестіктері арасында 2018-2020 жылдарға арналған Бас келісімге қол қойды. Осы құжаттың бекітілуі әлеуметтік әріптестікті дамытуға ерекше назар аударатынын білдіреді. Келісім тараптары үшін бірігіп қызмет етудің басым бағыты болмақ.
Осы құжатқа сәйкес Жамбыл облысы әкімдігі, облыстық кәсіподақтар бірлестігі және облыстық кәсіпкерлер палатасы арасында үшжақты келісім жасалды.
Бұл келісімдер еңбек адамының құқығын қорғап, лайықты еңбек етуге бағытталған мақсаттарға қол жеткізуге мүмкіндік береді.
Ең бастысы, еңбек заңнамасының сақталуына бақылауды күшейту. Әлеуметтік, еңбек саласындағы қатынастарды реттеу қағидаларын негізге алып, нәтижелі жұмыс жүргізу.
Бұл мәселе бойынша атқарылып жатқан жұмыстарды Қазақстан Кәсіподақтар федерациясы, облыс әкімдігінің, сондай-ақ қала мен аудан әкімдіктерінің сайтынан да көруге болады. Бұқаралық ақпарат құралдарында жариялануда.
Жалпы, Кәсіподақтар федерациясы ақпарат саясатына ерекше мән береді. Мәселен, Елбасының биылғы Жолдауы мен бес әлеуметтік бастамасы аясында кәсіподақтардың атқаратын жұмыстарының жоспарын жасады. Жаңғырудың Жол картасын әзірледі. Еңбек адамы және оның лайықты мәртебесі, адам капиталы жайында сөз қозғағанда, түрлі конференциялар мен форумдар, басқосулар жаңа форматта ұйымдастырылып, кәсіподақ басшыларының қоғамдық-саяси өмірдегі белсенді қызметі арта түсті. Жақында Астанада салалық бастауыш ұйымдарының «Ортақтастық. Ынтымақтастық. Жасампаздық» атты республикалық форумында жас теміржолшылардың, автокөлік, әуе және су көлігі қызметкерлерінің, басқа да мамандық иелерінің кәсіподақ ұйымының қызметіне деген ерекше ынтасы мен жарқын үні, мағыналы қызметі бәрімізге қатты әсер етті. Біз мұны жергілікті ұйымдар өмірінен де көріп отырмыз. Соңғы уақытта ауыл шаруашылығы, шағын және орта бизнес саласында бастауыш кәсіподақ ұйымдарын құру бастамалары көбейді. Мұндай белсенділік пен ынта-ықыласты – кәсіподақ ұйымына сенім деп білеміз.
Атақты хирург Сейітхан Жошыбаевты жақсы білетін боларсыздар. Медицина ғылымының дамуына зор үлес қосып келе жатқан талантты дәрігер Таразда жүрек ауруын емдейтін ірі медициналық орталықты басқарады. Жыл сайын жүздеген адамның жүрегіне ота жасап, талай кісінің өмірін арашалап қалған профессор жақында өз мекемесінде кәсіподақ ұйымын құруға ұсыныс жасады. «Себебі, мен кәсіподақ ұйымының жұмысына серпін келгенін сезіне бастадым. Бұл – ауызбірлікке ұйытқы болатын ұйым» деп өз пікірін биік мінберден айтқанын естідік.
Шағын және орта бизнестің айтулы өкілдері Н.Ким, А.Райқұлов секілді азаматтар да жүздеген адам еңбек ететін құрылыс, автобус паркі мекемелерінде кәсіподақ ұйымдарын құрды.
– Кәсіподақ жұмысы ашық болса, оны қолдаушылар көбейетін болар…
– Қазақстан Кәсіподақтар федерациясы басшылығының қатып отырған кесімді талабы да осы. Өзіңіз ойлаңызшы, мүшелік жарна жинаумен ғана жұмыс бітті деуге бола ма? Әрбір кәсіподақ мүшесі әрбір сауалына әділ жауап алуы тиіс. Сонымен бірге, кадрлық жаңару тамырға қан жүгіртумен бірдей жұмыс екенін терең сезінуіміз керек.
Бұл арада үлгі болатын іс-тәжірибе де таратылуы керек шығар.
Ол – өте қажетті іс. Таяуда Алматыда өңірлік кеңес болды. Онда Түркістан, Алматы, Қызылорда, Жамбыл облыстары мен Алматы қаласының кәсіподақ көшбасшылары бас қосып, әр өңірде болып жатқан оң өзгерістер туралы әңгіме айтылды. Әр өңірдің кәсіподақ ұйымында өзіндік табыстары мен жетістіктері бар.
Жиында сөз сөйлеушілер, байырғы және жас кәсіподақ мүшелері бұл ұйым жұмысын ұзақ отыратын жайлы орынға айналдырмау қажеттігін атап, қолдау көрсетті. Бұл бағытта ғана емес, жалпы кәсіподақ ұйымдарының жұмысын жандандыру үшін осы жылдың басынан бергі көп тірлікке де разы ойларын білдірді. Атап айтқанда, барлық өңірде кәсіподақ жұмысы көзге айқын түсе бастады. Осы арада сізге айтайын, республикалық Кәсіподақ ұйымдары туралы осы уақытқа дейін бірде-бір толыққанды ғылыми-зерттеу жинағы жарық көрмепті. Ғалымдар мен саясаткерлер осыны айтып жүр.
Өз кәсібі мен қызметін жақсы көріп, сүю деген адалдықтан нәр алады. Кәсіби білікті мамандар – кәсіподақтың тірегі әрі беделі деп білемін. Келешекте кәсіподақтар мектебін жаңғырту керек деген пікірде негіз бар деп ойлаймын. Әсіресе, «Цифрлы Қазақстан» бағдарламасын жүзеге асыру кезінде қандай мәселелер туындауы мүмкін деген сұраққа да біз дайын болуымыз керек. Мұны айтып отырған себебім, бүгінгі таңда елімізде жұмыс істейтін халық
саны – 9 миллионға жуық адам. Олардың 28 пайызы орта біліммен шектелген. Жұмыссыз азаматтардың 32 пайызы мектептегі білімімен жүр. Өзін-өзі жұмыспен қамтыған 2 миллионнан астам азаматтың жартысының, яғни 49 пайызының кәсіби білімі мен дағдысы жоқ. Ендеше, біздің кейбір азаматтар кәсіптің құндылықтарын сақтай отырып, бейімделу мен дағдыны өзгертуі қажет.
Еңбек қауіпсіздігі мен еңбекті қорғау жөніндегі Өндірістік кеңестер жұмысын өзектендіру, ұжымдық шарттардың саны мен сапасын арттыру осынау әлеуметтік мәселелерге жіті көңіл бөлу міндеттерімен біте қайнасып жатыр. Өндірістік кеңестер құру – еңбек қауіпсіздігіне қол жеткізудің алғы шарты. Елімізде жыл сайын 1,5 мыңнан астам адам өндіріс орындарында жазатайым оқиғаға ұшырап, 200-дей адам көз жұмады. Сондықтан «Қауіпсіз еңбек» бағдарламасын орындау барысында сақтық шараларын қамтамасыз ету ерекше қажет.
Қарапайым жұмысшының көңілінен шығатын мәселелер мен шешімдерден кәсіподақ ұйымдарының тыс қала алмайтыны әркімге-ақ түсінікті.
– Республикамызда «Еңбек шартын жасаңыздар!» атты акция өтіп жатыр. Бұл жерде қандай өткір мәселе бар?
– Бұл – өте маңызды мәселе. Еңбек шарты жасалмаса, адам көп нәрседен ұтылады. Әрбір адам қандай жұмысқа орналасса да еңбек шарты жасалуы қажет екенін білуі тиіс. Жұмыс берушінің жұмыскерге қоятын талаптарымен бірге еңбек адамына жасалатын лайықты шарттар көрініс таппаса, қалай болмақ? Еңбек заңнамалары сақталмаса, күні ертең еңбек даулары шыға қалса, ол қалай реттеледі? Еңбек қатынастары бойынша бүгінгі күннің өзекті мәселелері қатарында жұмысшыларды еңбек шартынсыз, яғни азаматтық-құқықтық сипаттағы келісім негізінде жұмысқа алу тәртібін айтуға болады. Басты себеп – жұмыс берушінің міндетті төлемдер мен салықтан жалтаруы.
«Еңбек шартын жасаңыздар!» атты республикалық акцияның мақсаты мен міндеттерін түсіндіру, еңбек қатынастарының заңдылығын сақтау, еңбек шартының қажеттілігі, міндетті зейнетақы, әлеуметтік төлемдер және медициналық сақтандырудың мән-мағынасын жұртқа жеткізу, осы мәселе бойынша тиісті жұмыстар жүргізу маңызды іс.
– Құқықтық мәдениетті қалыптастыру әрбір адамның сапалы әрі лайықты өмір сүруі үшін де керек қой.
– Әрине. Жалпы еңбек қатынастарын реттеу мәселесі мықты жүйеге түсу үшін де әркім атсалысуы тиіс.
Биыл наурыз айында Жоғарғы сот пен Кәсіподақтар федерациясы арасында өзара әріптестік туралы меморандумға қол қою рәсімі болды. Бұл меморандумда тараптар нені көздейді? «Рухани жаңғыру» бағдарламасы аясында қоғамдық сананы жаңғырту қажет екеніне сүйене отырып, қоғамда шиеленістің алдын алу мақсатында даулар мен жанжалдарды соттан тыс тәртіпте шешу мәселесі алға қойылып отыр. Өмірде кездесіп жататын еңбек дауларын ақылға салып, кеңесіп, заңгерлер мен аузы дуалы, аса беделді азаматтардың араласуымен, турасында әділдік тұрғысында шешуге мүмкіндік жасайды. Жоғарғы соттың бұл идеясы кәсіподақ ұйымдарында толық қолдау табуда. Алдағы уақытта Татуласу орталығының атқаратын қызметі нәтижелі болады деп санаймыз.
Бір ғана дерек келтірейін. 2017 жылы Жамбыл облысы соттарына түскен және қаралған істер саны 2013 жылмен салыстырғанда 2,6 есе өскен (36 227-ден 95 536-ға дейін). Бітімгершілік рәсімдер қоғамдық келісімді нығайтады. Сол себепті, облыстық сот пен аумақтық кәсіподақтар бірлестігі өзара әріптестік меморандумына сәйкес медиация мәселесінде бірлесіп қызмет атқаруды алға қойып отыр.
Біз өз жұмысымыздың қоғамдық мәнін тереңдетіп, өзара әріптестікті нығайту жолында облыс прокуратурасымен, облыс әкімдігі Ішкі саясат басқармасымен, «Нұр Отан» партиясы және басқа да үкіметтік емес ұйымдармен бірлесіп қызмет ететін боламыз.
– Еңбек адамына деген сый-құрмет – ұлттық мәдениетіміздің құндылығы. Бұл ыңғайда қарапайым жұмысшыдан бастап өндіріс жетекшісіне дейінгі аралықта кәсіподақ ұйымдарының қызметі қалай көрініс табуда?
– Елбасының «Рухани жаңғыру» бағдарламасы аясында атқарылып жатқан іс-шаралар мен қолға алынған жаңа жобалар ұлттық болмысымыз бен мәдениетімізді қайта жаңғыртып, заман биігіне көтере түседі.
Біз жыл басынан бері «Кәсіподақтардың еңбек адамының тұлғасын танытудағы рөлі» деген тақырыппен жүйелі түрде дөңгелек үстел және кездесулер өткізуді жалғастырып келеміз. Тегінде қоғамда тұлға тану мәселесі жас ұрпақ тәрбиесі үшін қажет. Жастар кімге қарап өседі, олар кімдерді үлгі тұтып, бойын тіктеуі керек? Өмірі өнеге адамдар аз емес. Нарық заманында қайраткерлік және іскерлік қадір-қасиетімен танылған азаматтардың жетістігі мен табыстарын жастарға насихаттаудың мәні зор. Бұл арада тұлға тану тұнып тұрған ғылым десек те болады.
Біздің облыстағы 120 мыңнан астам мүшесі бар 15 салалық кәсіподақ ұйымы жұмыс істейді. Олар «Рухани жаңғыру» мемлекеттік бағдарламасын жүзеге асыруға белсене атсалысуда. Көрнекті азаматтар мен еңбек тарландарының қоғамдағы орны айқындала түсетін болса, ұлттық құндылықтарымыз да тарихи-дәстүрлі болмысымен өз биігінен табылатыны анық.
Кәсіподақтардың күші – бірлікте.
Біз сан алуан кәсіптің иесі, ел игілігіне мол үлес қосушы әрбір кәсіподақ мүшесінің ерен еңбегі мен Отансүйерлік қадамдарына өз алғысымызды білдіреміз.
– Әңгімеңізге рақмет!
Сұхбаттасқан
Жолдасбек ӘШІМХАНҰЛЫ