КӘСІПОДАҚТЫҢ ҚАЖЕТТІЛІГІН ҚАЙ КЕЗДЕ СЕЗІНЕМІЗ?

Қазақстандық кәсіподақ ұйымдары өзінің бай тарихи-дәстүрін жалғастыра отырып, бұл күндері жаңару мен жаңғыру жолында екенін белсенді қызметімен көрсетуде. Осы орайда Қазақстан Кәсіподақтар федерациясына қарасты «Жамбыл облысы кәсіподақтар орталығы» аумақтық кәсіподақтар бірлестігінің төрағасы Мейрамбек Төлепбергенмен сұхбаттасқан едік.

– Мейрамбек Мылтықбайұлы, біздің кәсіподақтар да түрлі сыннан өткені белгілі. Еңбеккерлер­дің сенім­ді тірегі, қоғам құндылық­та­ры­ның қамқоршысы болған кәсіподақтардың абырой-беделі қалай сақталып отыр?
– Деректерге сүйенсек, жүз жылдан астам тарихы бар Қазақ­стан­­ның арғы-бергі өмірінде бол­ған қоғамдық ұйым еліміз еге­мендік алғалы бері де талай сын­нан өткені белгілі. Ел аузында «мест­ком», «профком», «профсоюз» деп айтылып жүретін кәсіподақ ұйым­дары өзінің әу бастағы мақ­саты мен міндеттерін түбегейлі өзгер­т­пегенімен, қоғам дамуы мен заман талаптарына сай жаңа маз­мұндағы жұмыс ырғағына жаңа­шыл­дық әкелді. Оның басқару құры­лымдарында көп мәселе басқа­ша шешіле бастады.
Абырой-бедел енді кәсіподақтар үшін тек демалыс орындарына жолдама беруге көмектесе алады деген біржақты ұғым-түсінікпен жиналмайды. Әрбір мекемеде бастауыш кәсіподақ ұйымы сонда не үшін құрылады? Кәсіподақтар әлеуметтік-еңбек қатынастары мен әлеуметтік серіктестік мәселелерін көтеруге және шешуге қабілетті қуатты және жасампаз қоғамдық ұйым болуы тиіс. Қазіргі заманның басты тренді – әлеуметтік еңбек қаты­настарын өзектендіру. Осы себепті, кәсіподақтар жұмыс орын­дарының сақталуы, еңбекті тиімді қорғау, еңбекақыны уақы­ты­лы төлеу, өндірісте жазатайым оқиғалардың алдын алу мәселелерін жедел түрде шешуге қатысуы міндет әрі жауапты төл ісі болмақ.
– Кәсіподақтар атқаратын ауқым­ды жұмыстың өзіндік жаңғыру бағы­тын атап айтсаңыз?
– Өткен жылдың соңғы айла­рын­да Елбасы Нұрсұлтан Назарбаев республикалық Кәсіподақтар федерациясының жаңа төрағасы Бақытжан Әбдірайымды Ақордада арнайы қабылдап, үлкен ұйымның қызметін жандандырып, ортақ мәселелерді жедел шешіп отыруға әрі заңды тұрғыда атсалысу қажет­тігіне баса көңіл бөлді. Мемле­кет басшысының кәсіподақ ұйым­дары­ның қызметіне деген бұл қамқорлық көзқарасы кәсіподақ жетекшілерінің тиімді әрі табысты қызмет етуіне күш-қуат берді. Кәсіподақтың басшылығы жігерлі де қабілетті, тәжірибесі жеткілікті жаңашыл әрі мемле­кетшіл кадрлармен толықты. Жергі­лікті ұйымдардан да жаңа серпіліс сезілуде.
Кәсіподақтардың айтулы тұлға­лары саясаткер әрі оқымысты, қоғам­да беделді, интеллектуалдық дең­гейі жоғары болуы қажет. Бұл талап­тар – кәсіподақтардың жұмы­сын­да ықпалды фактор.
– Бүгінде еңбек нарығын тұрақ­тан­дыру мақсатында Қазақстан кәсіп­­одақтары жұмыс берушілермен қандай тығыз жұмыс атқарады?
– Биыл 31 қаңтарда Қазақ­стан Республикасы Үкіметі, республи­калық жұмыс берушілер бір­­лестіктері мен республикалық кәсіподақтар бірлестіктері арасында 2018-2020 жылдарға арналған Бас келісімге қол қойды. Осы құжат­тың бекітілуі әлеуметтік әріп­тес­тікті дамытуға ерекше назар ауда­ратынын білдіреді. Келісім тараптары үшін бірігіп қызмет етудің басым бағыты болмақ.
Осы құжатқа сәйкес Жамбыл облы­сы әкімдігі, облыстық кәсіп­одақ­тар бірлестігі және облыстық кәсіпкерлер палатасы арасында үшжақты келісім жасалды.
Бұл келісімдер еңбек адамының құқығын қорғап, лайықты еңбек етуге бағытталған мақсаттарға қол жеткізуге мүмкіндік береді.
Ең бастысы, еңбек заңна­ма­сы­ның сақталуына бақылауды күшейту. Әлеуметтік, еңбек саласындағы қаты­настарды реттеу қағидаларын негізге алып, нәтижелі жұмыс жүргізу.
Бұл мәселе бойынша атқарылып жатқан жұмыстарды Қазақстан Кәсіподақтар федерациясы, облыс әкімдігінің, сондай-ақ қала мен аудан әкімдіктерінің сайтынан да көруге болады. Бұқаралық ақпарат құралдарында жариялануда.
Жалпы, Кәсіподақтар федера­ция­сы ақпарат саясатына ерекше мән береді. Мәселен, Елбасының биылғы Жолдауы мен бес әлеуметтік бастамасы аясында кәсіподақтардың атқаратын жұмыстарының жоспа­рын жасады. Жаңғырудың Жол карта­сын әзірледі. Еңбек адамы және оның лайықты мәртебесі, адам капиталы жайында сөз қозға­ған­да, түрлі конференциялар мен форумдар, басқосулар жаңа фор­матта ұйымдастырылып, кәсіп­одақ басшыларының қоғам­дық-саяси өмірдегі белсенді қыз­меті арта түсті. Жақында Аста­нада салалық бастауыш ұйым­­дарының «Ортақтастық. Ынты­мақ­тастық. Жасампаздық» атты рес­публикалық форумында жас теміржолшылардың, автокөлік, әуе және су көлігі қызметкерлерінің, басқа да мамандық иелерінің кәсіподақ ұйымының қызметіне деген ерекше ынтасы мен жарқын үні, мағыналы қызметі бәрімізге қатты әсер етті. Біз мұны жергілікті ұйымдар өмірінен де көріп отырмыз. Соңғы уақытта ауыл шаруашылығы, шағын және орта бизнес саласында бастауыш кәсіподақ ұйымдарын құру бастамалары көбейді. Мұндай белсенділік пен ынта-ықы­лас­ты – кәсіподақ ұйымына сенім деп білеміз.
Атақты хирург Сейітхан Жошы­баевты жақсы білетін болар­сыздар. Медицина ғылымы­ның дамуына зор үлес қосып келе жатқан талантты дәрі­гер Таразда жүрек ауруын емдейтін ірі медициналық орта­лық­ты басқа­ра­ды. Жыл сайын жүз­­деген адам­ның жүрегіне ота жасап, талай кі­сі­нің өмірін арашалап қалған профес­сор жақын­да өз меке­месінде кә­сіп­­­­­одақ ұйы­мын құру­­ға ұсы­ныс жа­са­ды. «Себе­бі, мен кәсіподақ ұйымының жұмысына серпін келгенін сезіне бастадым. Бұл – ауызбірлікке ұйыт­қы болатын ұйым» деп өз пікірін биік мінберден айтқанын естідік.
Шағын және орта бизнестің айтулы өкілдері Н.Ким, А.Райқұлов секілді азаматтар да жүздеген адам еңбек ететін құрылыс, автобус пар­кі мекемелерінде кәсіподақ ұйымдарын құрды.
– Кәсіподақ жұмысы ашық болса, оны қолдаушылар көбейетін болар… 
– Қазақстан Кәсіподақтар федерациясы басшылығының қатып отырған кесімді талабы да осы. Өзіңіз ойлаңызшы, мүшелік жарна жинаумен ғана жұмыс бітті деуге бола ма? Әрбір кәсіподақ мүшесі әрбір сауалына әділ жауап алуы тиіс. Сонымен бірге, кадрлық жаңару тамыр­ға қан жүгіртумен бірдей жұмыс екенін терең сезінуіміз керек.
Бұл арада үлгі болатын іс-тәжі­ри­­бе де таратылуы керек шығар.
Ол – өте қажетті іс. Таяу­да Алматыда өңірлік кеңес болды. Онда Түркістан, Алматы, Қызылорда, Жамбыл облыс­­тары мен Алматы қаласының кәсіп­одақ көшбасшылары бас қосып, әр өңірде болып жатқан оң өзгерістер туралы әңгіме айтылды. Әр өңірдің кәсіподақ ұйымында өзіндік табыстары мен жетістіктері бар.
Жиында сөз сөйлеушілер, байыр­ғы және жас кәсіподақ мүшелері бұл ұйым жұмысын ұзақ отыратын жайлы орынға айналдырмау қажет­ті­гін атап, қолдау көрсетті. Бұл бағытта ғана емес, жалпы кәсіп­одақ ұйымдарының жұмысын жандандыру үшін осы жылдың басынан бергі көп тірлікке де разы ойларын білдірді. Атап айтқанда, барлық өңірде кәсіподақ жұмысы көзге айқын түсе бастады. Осы арада сізге айтайын, республикалық Кәсіподақ ұйымдары туралы осы уақытқа дейін бірде-бір толық­қан­ды ғылыми-зерттеу жинағы жарық көрмепті. Ғалымдар мен саясаткерлер осыны айтып жүр.
Өз кәсібі мен қызметін жақсы көріп, сүю деген адалдықтан нәр алады. Кәсіби білікті мамандар – кәсіподақтың тірегі әрі беделі деп білемін. Келешекте кәсіподақтар мектебін жаңғырту керек деген пікірде негіз бар деп ойлаймын. Әсіресе, «Цифрлы Қазақстан» бағдар­ламасын жүзеге асыру кезінде қандай мәселелер туындауы мүмкін деген сұраққа да біз дайын болуымыз керек. Мұны айтып отырған себебім, бүгінгі таңда елімізде жұмыс істейтін халық
саны – 9 миллионға жуық адам. Олардың 28 пайызы орта біліммен шектелген. Жұмыссыз азаматтардың 32 пайызы мектептегі білімімен жүр. Өзін-өзі жұмыспен қамтыған 2 миллионнан астам аза­маттың жартысының, яғни 49 пайызының кәсіби білімі мен дағды­сы жоқ. Ендеше, біздің кейбір азамат­тар кәсіптің құндылықтарын сақтай отырып, бейімделу мен дағдыны өзгертуі қажет.
Еңбек қауіпсіздігі мен еңбекті қор­­ғау жөніндегі Өндірістік ке­ңес­­тер жұмысын өзектендіру, ұжым­дық шарттардың саны мен сапасын арттыру осынау әлеу­мет­тік мәселелерге жіті көңіл бөлу міндеттерімен біте қайнасып жатыр. Өндірістік кеңестер құру – еңбек қауіпсіздігіне қол жеткізудің алғы шарты. Елімізде жыл сайын 1,5 мыңнан астам адам өндіріс орын­дарында жазатайым оқиғаға ұшырап, 200-дей адам көз жұмады. Сондықтан «Қауіпсіз еңбек» бағдар­ла­масын орындау барысында сақтық шараларын қамтамасыз ету ерекше қажет.
Қарапайым жұмысшының көңілінен шығатын мәселелер мен шешімдерден кәсіподақ ұйым­да­рының тыс қала алмайтыны әркімге-ақ түсінікті.
– Республикамызда «Еңбек шар­тын жасаңыздар!» атты акция өтіп жатыр. Бұл жерде қандай өткір мәселе бар? 
– Бұл – өте маңызды мәселе. Еңбек шарты жасалмаса, адам көп нәрседен ұтылады. Әрбір адам қандай жұмысқа орналасса да еңбек шарты жасалуы қажет екенін білуі тиіс. Жұмыс берушінің жұмыскерге қоятын талаптарымен бірге еңбек адамына жасалатын лайықты шарттар көрініс таппаса, қалай болмақ? Еңбек заңнамалары сақталмаса, күні ертең еңбек даулары шыға қалса, ол қалай реттеледі? Еңбек қатынастары бойынша бүгінгі күннің өзекті мәселелері қатарында жұмысшыларды еңбек шартынсыз, яғни азаматтық-құқықтық сипат­та­ғы келісім негізінде жұмысқа алу тәртібін айтуға болады. Басты себеп – жұмыс берушінің міндетті төлемдер мен салықтан жалтаруы.
«Еңбек шартын жасаңыздар!» атты республикалық акцияның мақсаты мен міндеттерін түсіндіру, еңбек қатынастарының заңдылығын сақтау, еңбек шартының қажеттілігі, міндетті зейнетақы, әлеуметтік төлем­дер және медициналық сақ­тан­­дырудың мән-мағынасын жұртқа жеткізу, осы мәселе бойынша тиісті жұмыстар жүргізу маңызды іс.
– Құқықтық мәдениетті қалып­тас­тыру әрбір адамның сапалы әрі лайықты өмір сүруі үшін де керек қой. 
– Әрине. Жалпы еңбек қаты­нас­тарын реттеу мәселесі мықты жүйеге түсу үшін де әркім атсалысуы тиіс.
Биыл наурыз айында Жоғарғы сот пен Кәсіподақтар федерациясы арасында өзара әріптестік тура­лы меморандумға қол қою рәсі­мі болды. Бұл меморандумда тарап­тар нені көздейді? «Рухани жаң­ғыру» бағдарламасы аясында қоғам­дық сананы жаңғырту қажет екеніне сүйене отырып, қо­ғам­­да шиеленістің ал­дын алу мақсатында даулар мен жан­жал­дарды соттан тыс тәртіпте шешу мәселесі алға қойылып отыр. Өмірде кездесіп жататын еңбек дауларын ақылға салып, кеңе­сіп, заңгерлер мен аузы дуа­лы, аса беделді азаматтардың ара­ласуымен, турасында әділдік тұр­ғысында шешу­ге мүмкіндік жасай­ды. Жоғарғы соттың бұл идеясы кәсіп­одақ ұйымдарында толық қолдау табуда. Алдағы уақытта Татуласу орталығының атқаратын қызметі нәтижелі болады деп санаймыз.
Бір ғана дерек келтірейін. 2017 жылы Жамбыл облысы соттарына түскен және қаралған істер саны 2013 жылмен салыстырғанда 2,6 есе өскен (36 227-ден 95 536-ға дейін). Бітімгершілік рәсімдер қоғамдық келісімді нығайтады. Сол себепті, облыстық сот пен аумақтық кәсіподақтар бірлестігі өзара әріптестік меморандумына сәйкес медиация мәселесінде бірлесіп қызмет атқаруды алға қойып отыр.
Біз өз жұмысымыздың қоғам­дық мәнін тереңдетіп, өзара әріп­тес­тікті нығайту жолында облыс про­ку­ра­турасымен, облыс әкімдігі Ішкі саясат басқармасымен, «Нұр Отан» партиясы және басқа да үкіметтік емес ұйымдармен бірлесіп қызмет ететін боламыз.
– Еңбек адамына деген сый-құр­мет – ұлттық мәдениетіміздің құнды­лығы. Бұл ыңғайда қарапайым жұ­мыс­шыдан бастап өндіріс жетек­ші­сіне дейінгі аралықта кәсіподақ ұйым­дарының қызметі қалай көрініс табуда?
– Елбасының «Рухани жаңғыру» бағдарламасы аясында атқарылып жатқан іс-шаралар мен қолға алын­­ған жаңа жобалар ұлттық бол­мы­сы­мыз бен мәдениетімізді қайта жаң­ғыр­тып, заман биігіне көтере түседі.
Біз жыл басынан бері «Кәсіп­одақ­тардың еңбек адамының тұлға­сын танытудағы рөлі» деген тақы­рып­пен жүйелі түрде дөңгелек үстел және кездесулер өткізуді жал­ғастырып келеміз. Тегінде қоғам­да тұлға тану мәселесі жас ұрпақ тәрбиесі үшін қажет. Жастар кімге қарап өседі, олар кімдерді үлгі тұтып, бойын тіктеуі керек? Өмірі өнеге адамдар аз емес. Нарық заманында қайраткерлік және іскерлік қадір-қасиетімен таныл­ған азаматтардың жетістігі мен табыстарын жастарға насихаттаудың мәні зор. Бұл арада тұлға тану тұнып тұрған ғылым десек те болады.
Біздің облыстағы 120 мыңнан астам мүшесі бар 15 салалық кәсіп­одақ ұйымы жұмыс істейді. Олар «Руха­ни жаңғыру» мемлекеттік бағдар­ламасын жүзеге асыруға бел­сене атсалысуда. Көрнекті азамат­тар мен еңбек тарландарының қоғам­дағы орны айқындала түсетін болса, ұлттық құндылықтарымыз да тарихи-дәстүрлі болмысымен өз биігінен табылатыны анық.
Кәсіподақтардың күші – бірлік­те.
Біз сан алуан кәсіптің иесі, ел игілігіне мол үлес қосушы әрбір кәсіподақ мүшесінің ерен еңбегі мен Отансүйерлік қадамдарына өз алғысымызды білдіреміз.
– Әңгімеңізге рақмет! 
Сұхбаттасқан 
Жолдасбек ӘШІМХАНҰЛЫ

https://aikyn.kz/2018/07/14/60400.html