Үлкен белеске – жаңа жоспар

Ағымдағы жылдың 17 шілде күні «Алматы қаласы кәсіподақтар орталығының» өкілдері, «Мемлекеттік, банк мекемелері және қоғамдық қызмет көрсету салалық кәсіподақ ұйымының» бастауыш кәсіподақ төрағалары, тексеру комиссиясының өкілдері дөңгелек үстел үстінде кездесті. Кездесуге Алматы қаласының 8 ауданының (Медеу, Наурызбай, Алатау, Әуезов, Алмалы, Түрксіб, Жетісу, Бостандық) және Президент мұрағаты, Қоғамдық келісім мемлекеттік мекемесінің кәсіподақ белсенділері де қатысты.

Кездесу барысында «Алматы қаласы кәсіподақтар орталығының» және «Мемлекеттік, банк мекемелері және қоғамдық қызмет көрсету салалық кәсіподақ ұйымының» бірлесіп атқарған жұмысы айтылды. «Мемлекеттік, банк мекемелері және қоғамдық қызмет көрсету салалық кәсіподағы Алматы қалалық филиалының»  төрайымы  Данагүл Айнақұлова соңғы екі ай мерзімінде атқарылған жұмыстары бойынша есеп берді.

Елбасымыз Нұрсұлтан Назарбаевтың осы жылғы Жолдауындағы «Тиімді мемлекеттік басқару» бөлімінде көрсеткен тапсырмаларды жүзеге асыру кездесудің басты тақырыбы болды.  Кәсіподақтар федерациясының «Ұжымдық келісімшарт жасаңыз!» акциясына берген бағдары да тілге тиек болды. Сонымен қатар, Алматы қаласының ірі мегаполис екендігі ескеріліп, қоғамдық орындарда «Сенім жәшіктерін» көбейту мәселесі талқыланып, аудандық әкімшіліктер өкілдері ыңғайлы орын бекітуге қолдау көрсететіндерін жеткізді.

«Мемлекеттік, банк мекемелері және қоғамдық қызмет көрсету салалық кәсіподақ ұйымына» қарасты мекемелермен әріптестік келісімшарт мәселесі толықтай талқыланып, болашақта атқарылатын іс-жоспарлар кестесі бекітілді. Аудандардағы  екінші жарты жылдықта жоспарланған іс-шараларда бастауыш кәсіподақ ұйымының рөлін арттыру және әлеуметтік-экономикалық құқықтар мен міндеттердің сақталуын қамтамасыз ету басты назарда болмақ.

«Алматы қаласы кәсіподақтар орталығының» қабырғасында өткен «Мемлекеттік, банк мекемелері және қоғамдық қызмет көрсету салалық кәсіподақ ұйымының» кәсіподақ мүшелерімен өткен жиын әріптестікте жаңа белесті байқатады.