Мәжіліс депутаты кездесу өткізді

2018 жылғы  18 шілде күні «Оңтүстік Қазақстан облысының кәсіподақтар орталығы» аумақтық кәсіподақтар бірлестігінде Қазақстан Республикасы Парламенті Мәжілісінің депутаты, «Нұр Отан» партиясы фракциясының мүшесі Фахриддин Қаратаевтың облыстық салалық кәсіподақтар активімен кездесуі өтті.

Кездесуге облыстық салалық кәсіподақтардың өкілдері, «Оңтүстік Қазақстан облысының кәсіподақтар орталығы»  аумақтық кәсіподақтар бірлестігінің  қызметкерлері мен БАҚ өкілдері қатысты.

Кездесу барысында Қазақстан Республикасы Парламенті Мәжілісінің депутаты, «Нұр Отан» партиясы фракциясының мүшесі Фахриддин Қаратаев Қазақстан Республикасы Парламенті Мәжілісінің 2018 жылғы бірінші жарты жылдығында атқарған жұмыстары туралы хабарлама жасады.

Сондай-ақ, «Оңтүстік Қазақстан облысының кәсіподақтар орталығы» аумақтық кәсіподақтар бірлестігінің төрағасы  Берік Бекжанов, «Қазақстандық салалық мәдениет, спорт, туризм және ақпарат қызметкерлерінің кәсіптік одағы» Оңтүстік Қазақстан облыстық филиалының төрағасы Бастарбек Пірімбетов, «Құрылыс кешені және тұрғын үй-коммуналдық шарауашылық саласы қызметкерлерінің салалық кәсіподағы» қоғамдық бірлестігінің ОҚО филиалының төрағасы Абдурайра Манахов , «Оңтүстік Қазақстан машина жасау зауыты»  АҚ кәсіподақ комитетінің төрағасы  Мұхтар Маналов, Шымкент қалалық білім және ғылым саласы қызметкерлері кәсіподақ бірлестігінің бас маманы Валентина Ващенко және «Оңтүстік Қазақстан облысының кәсіподақтар орталығы» аумақтық кәсіподақтар бірлестігінің бас маманы Әділжан Датқаевтар ұтымды ұсыныстар жасады.

Кездесудің қорытындысы бойынша Қазақстан Республикасы Парламентінің Мәжілісінде, сондай-ақ құзырлы органдардың қатысуымен төмендегі мәселелерді қарауды ұсынды:

  1. Еңбек кодексінің 156-бабына «Барлық жұмысберушілер (меншіктік және ұйымдастыру-құқықтық нысанына қарамастан заңды және жеке тұлғалар) Ұжымдық шарт жасауға міндетті» деген қосымша 12-тармақ қосуды.
  2. Еңбек кодексінің 156-бабының 2-тармағын «Ұжымдық келіссөздерді бастау және ұжымдық шартты жасасу туралы ұсынысты тараптардың кез келгені немесе кәсіподақ ұйымдарымен жасауы мүмкін» деген сөзбен өзгертуді.
  3. Еңбек кодексінің 20-бабының 1-тармағын өзгертуді немесе «Жұмыскерлердің сайланбалы өкілдері» деген түсінікті алып тастауды.
  4. Еңбек кодексінің 187-бабының 2-тармағының 4-тармақшасына «Еңбек қызметіне байланысты жазатайым оқиғаларды тергеп-тексеру жөніндегі комиссияның құрамына жұмыскерлердің өкілдерін емес, кәсіподақ ұйымдарының өкілдерін қосу қажет» дегенді қосуды.
  5. Қазақстан Республикасының Үкіметімен «Қазақстан Республикасы еңбек заңнамасының сақталуын қоғамдық бақылауды жүзеге асыру ережесін» бекітуді.
  6. Кәсіпорындар мен ұйымдарда жұмыскерлер алдында қордаланған жалақы қарыздарын өндіру мақсатында «Кәсіподақтар туралы» заңын, Еңбек кодексін қайта қарап, жинақталған тәжірибе негізінде жұмыскерлердің жауапкершілігін арттыруды.
  7. Білім және мәдениет саласы қызметкерлерінің жалақысын көтеруді, сондай-ақ осы саладағы техник қызметкерлерге де демалысқа шыққанда денсаулығын сауықтыру үшін жәрдемақы төлеуді.
  8. Зейнеткерлікке шыққандардың зейнетақысын белгілеуде және төлеуде немесе көтермелеуде сіңірген еңбектері үшін алған (құрмет грамоталары, төс белгілері, медальдары, ордендері, т.б.) марапаттарын ескеруді.
  9. «Кәсіптік одақтар туралы» заңындағы 1-бабының 5-тармағындағы «кәсіподақ мүшесі кәсіподаққа кіруде ерікті» сөзін, «кәсіподақ құрамына кіруге конституциялық құқығын пайдаланып» деген сөзбен ауыстыруды немесе өзгертуді.