Қызылорда облысының кәсіподақтар орталығы төрағасының БАҚ өкілдерімен кездесуі өтті

«Қызылорда облысының кәсіподақтар орталығы» аумақтық кәсіподақтар бірлестігі төрағасы Серік Сермағамбетов бұқаралық ақпарат құралдары өкілдерімен кездесті.

Кездесуге Қызылорда облысы ішкі саясат басқармасының басшысы Талғат Маханов және облыстық және республикалық телеарна, газеталар журналистері қатысты. Кездесу барысындағы әңгіме еркін форматтағы сұхбат ретінде өрбіді. Кездесуде Серік Сағитжанұлы Қазақстан Республикасы Кәсіподақтар федерациясының жаңғыруы бағытындағы шаралары жайлы, облыс көлеміндегі кәсіподақтар қозғалысы туралы ақпараттармен бөлісті.

Облыстық ішкі саясат басқармасы басшысы Талғат Толыбайұлы кәсіподақтардың қоғамдағы ролі турасында ой-пікірін ортаға сала отырып, аумақтық кәсіподақтар бірлестігі тарапынан бұқаралық ақпарат құралдары өкілдерімен еркін форматтағы сұхбаттасу ақпараттық алаңдағы кәсіподақтардың ашықтығы қадамы екендігін атап өтті. БАҚ өкілдеріне облыстың кәсіподақ көшбасшысы ақпарат құралдарының барлық алаңдарында кәсіподақ қызметі жайлы ақпаратпен бөлісіп, еңбек қатынастары бойынша өзекті мәселелерді талқылауға дайындығын жеткізді.

Сонымен қатар, төраға жақын арада аумақтық кәсіподақтар бірлестігімен кәсіподақтар қозғалысын ақпараттандыру мақсатындағы БАҚ өкілдері арасында үздік материалдар бойынша байқау жарияланатындығы жайлы сөз қозғап, журналистерді аталған байқауда белсенділік танытуға шақырды.