ҚРКФ Төрағасы Батыс Қазақстан өңірінде жұмыс сапарымен жүр

Қазақстан Республикасы Кәсіподақтар федерациясының Төрағасы Бақытжан Әбдірайым еліміздің батыс өңірінде жоспарлы жұмыс сапарымен жүр.

Осы сапар барысында 2018 жылғы 23 шілде күні Федерация Төрағасы Бақытжан Әбдірайым, Төраға орынбасары Марат Тоғжанов, Мемлекеттік, банк мекемелері және қоғамдық қызмет көрсету қызметкерлерінің салалық кәсіподағының төрағасы Мирболат Жақыпов және Қазақстандық мұнай-газ кешенінің салалық кәсіподағының төрағасы Сұлтан Қалиев Атырау облысына жұмыс сапарымен келді.

Сапар барысында Федерация төрағасының облыс әкімі Нұрлан Ноғаевпен кездесуі өтті. Кездесу барысында Атырау өңіріндегі әлеуметтік әріптестікті дамыту және әлеуметтік-еңбек қатынастары мәселелері талқыланды. Сондай-ақ, ҚРКФ тарапынан қолдау көрсетілуі қажет өзекті мәселелер анықталды.

Сонымен қатар, Бақытжан Әбдірайым облыстың кәсіподақ активімен және аумақтардың әкімдерімен кездесіп, өңірдегі әлеуметтік серіктестікті  нығайту, еңбеккерлерге әлеуметтік қолдау көрсету мәселелері бойынша ой-пікір алмасты.

Жұмыс сапары аясында Н.Ноғаевтың төрағалығымен өткен мәжілісте Федерация төрағасы «Атырау облысы Кәсіподақтар орталығы» аумақтық кәсіподақтар бірлестігінің жаңа сайланған төрағасы Ізтұрған Ұзақбайұлы Баймұхановты  таныстырды. Аталған шараға облыс әкімінің аппараты мен басқармалар басшылары, Атырау салалық кәсіподақтардың облыстық филиалдары, жергілікті және бастауыш кәсіподақтар ұйымдарының төрағалары қатысты.

Мәжіліс соңында Қазақстандық мұнай-газ салалық кәсіподағының төрағасы Тілекқабыл Қабдолов және «Ембімұнайгаз» АҚ-ның Өндірістік-техникалық қамту және жабдықтармен комплектациялау басқармасының бастауыш кәсіподақ ұйымының төрағасы Самат Орамахов Астананың 20 жылдығына орай Мерейтойлық медаль белгісімен марапатталды.