24 шілдеде Ақтауда Қазақстан Республикасы Кәсіподақтар федерациясының Төрағасы Бақытжан Әбдірайымның Батыс өңіріне жоспарлы жұмыс сапарының аясында Маңғыстау облысының әкімі Ералы Тоғжановпен кездесуі өтті.
Кездесу барысында қатысушылар өңірдегі әлеуметтік әріптестікті нығайту және жұмысшыларды әлеуметтік қолдау туралы пікір алмасты. Облыстағы әлеуметтік-еңбек қатынастары мәселелері талқыланды. «Біздің басты мақсатымыздың бірі – қызметіміздің әлеуметтік бағдарын жақсарту. Мәселен, кәсіподақ мүшелері мен олардың жанұялары арасында сауықтыру шараларын ұйымдастыру және өткізу, шипажайлық-курорттық емді дамыту, балалар мен жасөспірімдердің денсаулығын нығайту, туризм, демалыс, мәдениет, бұқаралық дене мәдениеті мен спортты дамыту бағыттары қамтылады», – деп атап өтті Бақытжан Әбдірайым.
Облыс әкімі Ералы Тоғжанов кәсіподақтардың түрлі кәсіпорындарда еңбек ететін еңбеккерлер және қатардағы жұмысшылармен әлеуметтік байланысты ұйымдастырудағы ерекше рөл атқаратындығын атап өтті: «Бүгін кәсіподақ облыс халқы арасында тұрақты, жақсы беделі бар әлеуметтік маңызды ұйым болып табылады. Еңбеккерлердің барлық еңбек және әлеуметтік құқықтарының сақталуы – тиімді жұмыстың кепілі. Және осындай барлық нормалардың еңбек ұжымдарында сақталуын кәсіподақ ұйымдары ғана қамтамасыз етеді. Сондықтан да, кәсіподақ ұйымдарын лайықты түрде бағалаған жөн».
Маңғыстау облысының әкімімен кездесуде кәсіподақ өкілдігінің құрамында ҚРКФ Төрағасының орынбасары Марат Тоқжанов, «Мемлекеттік, банк мекемелері және қоғамдық қызмет көрсету қызметкерлерінің салалық кәсіподағы» ҚБ төрағасы Мирболат Жақыпов, «SENIM» денсаулық сақтау жүйесі қызметкерлерінің салалық кәсіподағының төрағасы Сапарбек Дүйсенов және «Қазақстандық мұнай-газ кешенінің салалық кәсіптік одағы» ҚБ төрағасы Сұлтан Қалиев қатысты.
Облыс әкімдігінде өткен кездесуден кейін ҚРКФ Төрағасы Кәсіподақтар үйінде Маңғыстау облысының кәсіподақ активімен кездесу өткізді.