Жазғы демалысты ұйымдастыру

Жаз айлары- мектеп оқушылары үшін ерекше ықыласпен күтілетін уақыт. Жыл бойы сабақ барысындағы тоқсан арасындағы берілетін күндер демалыс болып есептелгенімен, жаз кезіндей демалыстың мол мүмкіндігін бере алмайды.

Жазғы каникул балалардың жылдық бос уақытының айтарлықтай бөлігін алады.Ол мектептегі сабақтан гөрі баланың еркіндікке, өзі үшін қызықты істерді жасау және өз мүдделерінің еркін дамуы үшін қажеттіліктерін жүзеге асыратын кезең.

Сол себепті Батыс Қазақстан облыстық мемлекеттік, банк мекемелері және қоғамдық қызмет көрсету қызметкерлері салалық кәсіподағы кәсіподақ мүшелерінің балаларына 2018 жылға «Евразия» туристік сауықтыру кешенінде және «Атамекен» сауықтыру лагерінде жазғы демалыс ұйымдастыруда. Облыстық кәсіподақ ұйымы бастауыш, аудандық кәсіподақ ұйымдарының ұсыныстарына сәйкес, соңғы жылдары балалардың жазғы демалысын ұйымдастыру мақсатында 250-ден астам жолдама беруді қамтамасыз етті.

Балалардың бос уақытын ұйымдастыру-баланың лагерде болған кезеңінде бірыңғай өмір сүру процесі құрауыштарының бірі болып саналады. Бала еңбекте және оқуда жүзеге асыра алмаған өзінің дене және рухани қабілеттері мен бейімділіктерін бос уақытында ашып көрсетеді.

Осы сауықтыру кешендерінде балаларды жазғы демалыстарын қызықты және көңілді өткізуде, әр түрлі спорттық шаралар, кинотеатрға, мұражайға бару, байқаулар, би кештері және романтикалық алау жанындағы отырыстар, саяхатқа шығу ұйымдастырылып, баланың көңіл көтеруіне ықпал жасайды.

Биыл «Атамекен» сауықтыру лагерінде іске қосылған жаңа бассейн балалар үшін үлкен қуаныш болды. Жаздың ыстығында суға шомылу балаларға үлкен әсер қалдырды, алыс ауданнан келген көптеген балалар жүзуді үйренді.

Облыстық мемлекеттік, банк мекемелері және қоғамдық қызмет көрсету қызметкерлері салалық кәсіподағы кәсіподақ мүшелерінің балаларына жазғы демалыс ұйымдастыру жалғасын табуда.