«ЕҢБЕК ЖОЛЫ» РЕСПУБЛИКАЛЫҚ БАЙҚАУЫ БАСТАЛДЫ

Қыркүйек айының соңғы жексенбісі – «Еңбек күні» мерекесі. Соған орай, елімізде «Еңбек жолы» республикалық байқауы өткізілмек. Ондағы басты мақсат – еңбек адамына құрмет көрсетіп, жастарға үлгі ету. Оларды оң жолға сілтеу. Негізгі идея Елбасының «Жалпыға ортақ еңбек қоғамына қарай 20 қадам» атты бағдарламалық мақаласындағы міндеттермен де үндеседі.

Әлемдік қауымдастықтағы кез-келген мықты мемлекет  еңбекпен еңсе тіктеген. Ал, әлеуеті әлжуаз елдерді  іштен күйреткен, ол – жұмыссыздық, бойкүйездік екені анық. Байқау дамудың басты шарттарын осымен байланыстырып, түсіндіреді. Сол себепті, Қазақстан үшін қазір еңбек дәстүрлерін сақтау және арттыру – басты назарда. Еңбек адамдарының жеткен жетістіктерін насихаттап, олар жайында жағымды пiкiр қалыптастыру да – күннің өзектісі.

Серік Әуесханов – облыстық кәсіподақтар орталығы төрағасының орынбасары:

Бұл байқау – Мемлекет басшысының «Жалпыға ортақ Еңбек қоғамына қарай 20 қадам» бағдарламасын қолдау шарасы. Онда еңбек екпінділері  «Үздік еңбек әулеті»,  «Өндірістің үздік жас маманы» және «Жұмыс істейтін жастардың үздік тәлімгері» аталымы бойынша марапатталады.

Байқау өңірлік және республикалық деңгейде өткізіледі. Әр облыс қазір өңірлік кезеңге қатысушылар өтінімдерін қабылдауда. Құжаттар қабылдау тамыздың 16-сына аяқталады. Байқауға өтінім білдіріп көріңіз! Еткен еңбек, төккен терге сенсеңіз, жеңімпаз атануыңыз бек мүмкін!!!

http://shymkenttv.kz/kz/news/society_public/enbek-zholy-respublikalyk-baikauy-bastaldy#