БІЗДІҢ ҮЛЕСІМІЗ

Қайырымдылық – адам бойындағы асыл қасиеттердің бірі. Бұл адам баласының өзін қоршаған жандарға ықылас пен көмегі, жақсылығы мен ізгі-ниеті. Адамға жақсылық жасау, қайырымдылық көрсету – халқымыздың мақтан етер, атадан мұра болған әдет-ғұрпы. Міне, ағымдағы жылдың 1 тамызынан басталған «Мектепке – жол» акциясы Индер ауданында да қарқын алып отыр. Атап айтқанда, жуырда М.Сиранов атындағы орта мектептің 4 оқушысына демеушілер көмегімен 20 000 теңгенің оқу құралдары алынып берілсе, Жамбыл атындағы орта мектебі мұғалімдерінің көмегімен 3 оқушыға 12 000 теңгелік аяқ киімдер сыйға тартылды. Бұлардың барлығы да кұн көрісі төмен отбасыларынан шыққан жасөспірімдер.

Сондай-ақ, «Қазақстандық салалық білім және ғылым қызметкері кәсіптік одағының Атырау облыстық Индер аудандық комитеті» филиалы тарапынан Ш.Уәлиханов атындағы орта мектептің 1 оқушысына мектеп формасы мен спорттық аяқ киімі алынып берілді. Бұл игілікті ісіміз ауданның білім беру жүйесінде «Қайырымдылық – асыл қасиет» атты тақырыбымен осы айдың 25-29 аралығында жалғасын таппақ.