«Жұмыскерлердің еңбек, әлеуметтік-тұрмыс жағдайларын жақсарту – жұмыс берушілердің абыройлы міндеті» тақырыбында көшпелі семинар-кеңес өтті

23 тамыз күні Жамбыл облысының Мойынқұм ауданында орналасқан «Жамбыл цемент өндірістік компаниясы» ЖШС-нің базасында «Жұмыскерлердің еңбек, әлеуметтік-тұрмыс жағдайларын жақсарту – жұмыс берушілердің абыройлы міндеті» тақырыбында көшпелі семинар-кеңес өтті. Аталған семинар-кеңеске облыстың ірі өндіріс орындарының жетекші мамандарымен қатар өңірдің кәсіподақ ұйымдарының өкілдері, атап айтқанда, Жамбыл облысы кәсіподақтар орталығының төраға орынбасары Бахтияр Қараулов, «Казфосфат» ЖШС-нің «Минералды тыңайтқыштар зауыты» Тараз филиалы бастауыш кәсіподақ ұйымының төрайымы Юлия Фролова және  «Қазақстан темір жолы» ҰҚ АҚ-ның Жамбыл жол бөлімшесі кәсіподақ ұйымының өкілі Еркін Алтынбеков белсене қатысты.
Осы зауыттың техникалық директоры Анатолий Медюков зауыт жұмысшыларына арналған «Самал» тұрғын үй қалашығын, өндірістегі толық автоматтандырылған диспетчерлік басқару орталығын таныстырды.
Жиын барысында зауыт өкілдері жұмысшыларға жасалып отырған әлеуметтік, қолайлы тұрмыс жағдайларын баяндап, мұндай жұмыстар алдағы уақытта да жалғасын табатынын тілге тиек етті.
Атқарылып жатқан игі істерге оң баға бере отырып, кәсіподақтар орталығы төрағасының орынбасары Бахтияр Қараулов кәсіпорында кәсіподақ ұйымын құра отырып, ұжымдық шарт жасау заман талабы екеніне тоқталып өтті. Сол арқылы ұжымда жұмыс берушімен бірлесе отырып әлеуметтік әріптестіктің жаңа деңгейіне жетуге мүмкіндік туатынына баса назар аударды.
Кеңес соңында қатысушылар мұндай тікелей өндіріс ошағында бас қосып, пікір алмасу мемлекеттік бақылау органдарына да, жұмыс берушілерге де кәсіподақ ұйымдарының өкілдеріне де пайдалы, әрі тиімді деп қорытындылады. Франция елінің «VICAT Group» компаниясы инвестор болып табылатын кәсіпорын жұмысшылары кәсіподақ ұйымдары өкілдеріне өз алғыстарын білдірді.
Сондай-ақ Жамбыл облысының әлеуметтік әріптестік тараптары, атап айтқанда, еңбек инспекциясы басқармасы мен кәсіподақтар орталығының өкілдері өңірдің Мойынқұм ауданы, Бірлік ауылдық округінің мәдениет үйінде ауылдық оругтар, шаруа қожалықтары басшылары және жеке кәсіпкерлермен «Еңбек шартын жасаңыздар!» акциясы аясында бейресми жұмыспен қамтуды рәсімдеу бойынша кездесу өткізді.
Кездесуді ашқан Жамбыл облысы әкімдігінің еңбек инспекциясы басқармасының басшысы Серғали Айдапкелов аудан көлемінде бұл мәселе бойынша атқарылып отырған жұмыс нәтижесіне тоқтала келе, осы бағыттағы іс-қимылды жандандыру қажеттілігіне баса назар аударды.
Өз кезегінде сөз алған аудан әкімінің орынбасары Бақытжан Есеев әкімдік тарапынан жүргізіліп отырған жұмыстар жайлы көпшілікке ақпарат берді. Бұл мәселенің бүгінгі таңда өзектілігіне тоқталып, жиналған қауымға маңызды іске жауапкершілікпен қарау қажеттілігін тағы еске салып кетті.
Ал, кәсіподақтар орталығы төрағасының орынбасары Бахтияр Қараулов аудандағы кәсіподақ ұйымдары жұмысын атап өтті.
Кездесу соңында жиынға қатысушыларға әлеуметтік әріптсетік тараптарының  «Еңбек шартын жасаңыздар!» акциясы аясында бірлесе әзірлеген ақпараттық буклеттері таратылды.