ПЕДАГОГТАРДЫҢ ДӘСТҮРЛІ ТАМЫЗ КЕҢЕСІ ӨТТІ

«Төртінші өнеркәсіптік революция жағдайындағы адами капитал» тақырыбында өткен Жамбыл облысы педагогтарыңың дәстүрлі Тамыз конференциясы «Баласағұн» атындағы ОКЗ өтті. Ұстаздар қауымының алқалы жиынына Жамбыл облысының әкімі Асқар Мырзахметов, Сенат депутаты Абдалы Нұралиев, жергілікті атқарушы билік өкілдері мен ЖОО-ның ректорлары, педагогтар және кәсіподақ өкілдері қатысты.
Жиында облыстың білім саласындағы жетістіктері мен жаңалықтары кеңінен талқыланып, облыс ұстаздары жаңа оқу жылына сақадай сай екендіктерін баяндады. Жиында сөз алған облыс әкімдігі білім басқармасының басшысы Рахия Тұрмаханбетова аймақтағы білім саласында атқарылған жұмыстарға кеңінен тоқталып өтті.
– Облыста білім беру жүйесін дамытуға ерекше назар аударылуда. Биыл білім жүйесін қаржыландыруға 106,1 млрд.теңге бөлінді. Білім нысандарының құрылысы қарқынды жүргізілуде. Биылғы жылы 4,9 млрд теңге бөлініп, 14 білім нысанының құрылысы жүргізілуде. Мектепке дейінгі тәрбиемен және оқытумен қамтылған 3-6 жастағы балалардың үлесі 91%-ды құрады. Кестеге сәйкес бүгінге дейін 1,2,5,7 сыныптар жаңартылған білім беру мазмұнына көшсе, жаңа оқу жылынан бастап 3,6,8-ші сыныптар жаңартылған білім беру мазмұндағы бағдарламамен оқиды. Осы сыныптарға сабақ беретін 15633 мұғалім курстан өтті. Бұл барлық мұғалімдердің 63,3%-ы. Облыстың дарынды оқушылары биылғы жылы да халықаралық, дүниежүзілік, республикалық олимпиадалар мен ғылыми жарыстарда 143 медаль иеленіп, 7-ші жыл қатарынан «Ең үздік команда» атанса, дарынды ер балаларға арналған «БІЛІМ-ИННОВАЦИЯ» мектеп-интернаты 10-шы жыл қатарынан «Үздік олимпиада мектебі» атанды. Биылғы жылы ұлттық бірыңғай тестілеудің орташа балы өткен жылмен салыстырғанда 11,5 балға жоғарылап, 89,4-ті құрады. Тестілеу нәтижесі бойынша Жамбыл облысы республика көлемінде алдыңғы үштіктен көрінді, – деді басқарма басшысы.
Бұдан бөлек, Рахия Тұрмаханбетова жаңа оқу жылында күтіп тұрған жаңалықтармен де бөлісті.
– 2018-2019 оқы жылында облыста жаратылыстану-математика пәндерін тереңдетіп оқытатын 11 мектеп-лицей ашылады. Дарынды балаларға арналған мектептер желісі де өседі. Елбасының тапсырмасына сәйкес 2018 жылдың 1 қаңтарынан бастап жаңартылған білім беру мазмұны бойынша жұмыс істейтін 16363 (66,3%) педагогқа лауазымдық жалақысына 30% қосымша ақы төленсе, 1 қыркүйектен бастап 2181 (8,8%) мұғалімнің біліктілігіне қарай 30 пайыздан 50 пайызға дейін қосымша ақы төленетін болады. Облыста дарынды балаларға арналған мамандандырылған ІТ лицей-интернатын ашу жоспарланды, – деді басқарма басшысы.
Рахия Тұрмаханбетова өз баяндамасында білім берудің барлық сатысындағы қол жеткізген жетістіктер мен кемшіліктерге толық тоқталды. Конференцияда жарыссөзге шыққан ұстаздар патриот жастар тәрбиелеудің жолын, үш тілде білім берудің артықшылықтарын сөз етті. Тараз қаласындағы №40 гимназия директорының орынбасары Евгения Өмірзақова білім беру үдерісінде ақпараттық технологиялардың рөлін талдап берді. Ал жаратылыстану-математика бағытындағы пән мұғалімдеріне ағылшын тілін оқытатын «Ұстаз» орталығының директоры Нұркен Әкімов биыл жамбылдық мамандарға 1 қыркүйектен 25 мамырға дейін 14 теориялық сағат және тәжірибелік сабақтар өту жоспарланып отырғанын жеткізді.
Жиында Парламент Сенатының депутаты Абдалы Нұралиев сөз сөйлеп, өңір педагогтеріне басталғалы отырған жаңа оқу жылында зор табыстар тілеген соң, сахнаға аймақ басшысы Асқар Мырзахметов шығып, ұстаздарға арнаған жылы сөзінен кейін жемісті еңбек етіп, табысқа жеткен ұстаздарды марапаттады.
Жұмысының нәтижесіне қарай өңір басшысының қолынан марапат алғандар арасында тараздық Зәуре Жандыбаева, Ирина Королько, меркілік Асипа Қалқабаева, жамбылдық Алтын Әбуева, жуалылық Серік Кенжебаев, облыстық дарынды балаларға арналған үш тілде білім беретін мектептің мұғалімі Гүлназия Рысжанова бар. Ал тараздық Жаннат Әбдіхалықова, Нағима Үсенбекова, байзақтық Макира Рысбаева, Тимофеевтер отбасылық үлгісіндегі балалар үйінің тәрбиешісі Наталья Тимофеева, Талас ауданындағы №14 колледждің директоры Айман Тілеукеева «Қазақстан Республикасының білім беру ісінің құрметті қызметкері» белгісіне ие болды. Сондай-ақ облыс орталығындағы №51 мектептің мұғалімі Рабиға Хайрушева, №8 гимназияның ұстазы Гүлнар Мұстафаева, таластық Берік Сыдық, Меруерт Зайнишова, Жамбыл экономика және ақпараттық технологиялар колледжі директорының оқу ісі жөніндегі орынбасары Нұрбақыт Болтаев «Ыбырай Алтынсарин» төсбелгісінің иегері атанды.
Осы күні өңірдің үздік мектептері де анықталып, қаржылай қолдау көрсетілді. Ең үлкен ақшалай сыйлық – 22 миллион 627 мың 200 теңгенің сертификаты «Айша бибі» атындағы облыстық дарынды қыздарға арналған «Білім-Инновация» мектеп интернатына бұйырды. 1 000 000 теңгенің сертификаттары «Білім беру ұйымдары қызметтерінің тиімділігін бағалау» рейтингісінің нәтижесінде ең жоғары көрсеткішке ие болған білім мекемелеріне берілді. Атап айтсақ, «Ең үздік қала мектебі» номинациясы бойынша –Талас ауданы Қаратау қаласындағы мектеп-лицейге, директоры Мақсат Қазанғаповқа, «Ең үздік ауыл мектебі» аталымы – Жамбыл ауданы Б.Момышұлы атындағы орта мектептің директоры Дәметкен Бегмановаға тапсырылса, Сарысу ауданы Ж.Отарбаев атындағы орта мектеп «Ең үздік шағын жинақталған мектеп» атанды.

http://edu-tradeunion.kz/ru/article/show/21/2554