Татуластыру орталығы ашылды

Шымкент қаласындағы кәсіподақтар орталығында Конституция күні мерекесіне арналған салтанатты жиын өтіп,  «Оңтүстік Қазақстан облысының кәсіподақтар Орталығы» аумақтық кәсіподақтар бірлестігінің төрағасы Бекжанов Берік Айдарбекұлы және Шымкент қалалық соты төрағасының міндетін атқарушы Керімшеев Әділ Құлманұлы жиынға қатысушыларды  Ата заңымыз – Конституция күні мерекесімен құттықтады.

Жиынға сот өкілдері, медиаторлар, облыстық салалық кәсіподақ басшылары мен БАҚ өкілдері қатысты.

Іс-шара аясында Қазақстан Республикасының Жоғарғы Соты мен Қазақстан Республикасының Кәсіподақтар Федерациясы арасында жасалған өзара ынтымақтастық туралы Меморандумына сәйкес «Татуластыру орталығы» ашылды.

Орталық атқаратын жұмыстардың нәтижесінде: қоғамдағы даукестік деңгейі төмендейді, дауды шешу мәдениеті қалыптасады, даулар келісім арқылы жылдам шешіледі, моральдық, материалдық шығындар азаяды, құқық бұзушылықтардың алды алынады.

Орталықтың алғашқы күнгі жұмысын «Медиация және келіссөздер процесі» дауларды реттеу орталығы жеке мекемесінің директоры, заңгер, кәсіби отбасылық медиатор, медиаторлар тренері Оразқұлова Нұрбала Алтынқанқызы бастады.