Бокс тарихындағы Ұлы жекпе-жек, Ұлы Чемпион

Өздеріңіз білетіндей, кеше Лас-Вегас қаласында (Невада штаты, АҚШ) кәсіби бокс бәсекесі өтті. Аталмыш шараның басты оқиғасы WBC, WBASuper және IBO нұсқалары бойынша орта салмақтағы әлем чемпионы Геннадий Головкин мен екі салмақ санатында әлем чемпионы Саул Альварестің екінші рет шаршы алаңда жолығуы болды.

Қарама-қарсылық тығыз және тең күреспен өтті, дегенмен, 12 раунд қорытындысы бойынша қазылар жеңісті Альвареске берді: 114:114, 115:113, 115:113. Головкин үшін бұл шаршы алаңдағы алғашқы жеңілісі болып табылады.

ҚР Кәсіподақтар федерациясы Төрағасының орынбасары Мұхтар Тінікеев осы күндері досы, біздің атақты чемпионымыздың қасында болды.

Жекпе-жектен кейін Мұхтар Бәкірұлы осы жағдайға қатысты өз әлеуметтік желісінде жарияланым жасады:

«Бұл өмірде не маңызды? Бұл – жақындарымыздың сенімі мен махаббаты, жанкүйерлердің үміті мен сенімі. Барлық жанкүйерлерге сенімдері үшін алғысымыз шексіз. Геннадий сіздердің сенімдеріңіз бен сүйіспеншіліктеріңізді аса бағалайды. Бар Әлем кімнің Чемпион екенін біледі!».