Есеп беру-сайлау жиналысы Ескелді ауданында жалғасын тапты

Қазақстандық салалық білім және ғылым қызметкерлері кәсіптік одағы Кеңесінің 2018 жылдың 21 ақпанындағы № 4 Қаулысына сәйкес Талдықорған аумақтық ұйымына қарасты бастауыш кәсіподақ ұйымдарында есеп беру – сайлау жиналыстары өтуде.

Осындай маңызды жиынның бірі- Ескелді ауданындағы К.Шестаков атындағы орта мектепте ұйымдастырылды. Оған «Алматы облысының кәсіподақтар орталығы» аумақтық кәсіподақтар бірлестігінің төрағасы Ә.С.Қыдырманов, білім және ғылым қызметкерлері кәсіптік одағы Талдықорған аумақтық ұйымының төрағасы С.Әбдіқадыров қатысты.

Шара барысында бастауыш кәсіподақ ұйымының төрағасы Ботагөз Сайлауқызының есебі тыңдалды. Ұйым төрағасы баяндамасында кәсіподақ жұмысының барлық негізгі бағыттарын қамтып, қоғамдық бірлестіктің 75 мүшесімен қоян-қолтық жұмыс жасап, мектеп әкімшілігімен бірлесіп атқарған шараларды атап өтті.

Сонымен қатар, шағын мекемедегі тексеру комиссиясы төрағасының есебі де назардан тыс қалмай, қанағаттанарлық деген баға беріліп, аудандық конференцияға баратын делегаттар сайланды.

Жиын соңында К.Шестаков атындағы орта мектебінде 42 жыл математика пәнінен сабақ беріп, 25 жылға жуық бастауыш кәсіподақ ұйымының төрағасы болып жұмыс істеп, зейнеткерлікке шыққан Лидия Жуковаға Талдықорған аумақтық ұйымы атынан бағалы сыйлық табысталса, қоғамдық жұмыстарға белсене араласқан Ә.Жұматаев,О. Столярова, А. Әубәкірова, Л.Құсайыновалар облыстық кәсіподақтар орталығының және аумақтық ұйымның Құрмет грамотасымен марапатталды. Талдықорған аумақтық ұйымы бекіткен кестеге сәйкес, бүгінгі күнге дейін жалпы 62 бастауыш кәсіподақ ұйымында есеп беру-сайлау жиналыстары өтіп, төрағалардың 50 проценті жаңадан сайланды.