Ордабасыда өткен өнерпаз ұстаздар байқауы

Түркістан облысының Ордабасы ауданында «Мұғалімдер күні және Еңбек күні» мерекелері қарсаңында өнерпаз ұстаздар арасында байқау ұйымдастырылып, өткізілді.

Байқаудың басты мақсаты: Мұғалімдер және Еңбек күні мерекелерін атап өту, ұлттық кұндылықтар мен өнерді насихаттау, өнерлі ұстаздарды анықтау, жұмыскерлердің мәртебесін көтеру, бірліктің маңыздылығын арттыру, өзара шығармашылық байланысын нығайту болатын.

Байқаудың бірінші кезеңінде арнайы құрылған сараптау топтары 5 аумақта: Қажымұқан, «Шұбар» аймағы, «Бадам», «Бөржар» аймағы, «Қараспан» аймағы, «Бөген», «Жеңіс», «Қарақұм», «Төрткүл» аймағы, «Шұбарсу» аймағы болып белгіленіп, мектептерде іріктеу өткізген.

5 аумақ бойынша сарапшы топтардың шешімімен байқау Ережесінің талаптары қатаң басшылыққа алынып 17 кәсіподақ мүшесі Ордабасы аудандық Мәдениет үйінде өткізілетін байқаудың екінші кезеңіне (аудандық) жолдама алған.

Байқауға қатысушы үміткерлердің барлығы сахналық мәдениетті сақтап киінгені және талапқа сай дайындықпен келгені көрермендерді қуантты.

Үміткерлеріміз туған жерге, елге деген шынайы сүйіспеншілігін өлең сөзбен өрнектеп жеткізген танымал ақындардың, сазгерлердің әндері мен шығармаларын орындау бойынша өз өнерлерін ортаға салды.

Байқауға қатысушылар ереже бойынша эстрадалық, дәстүрлі, академиялық әндер, жеке аспапта шығарма орындау, би, цирк өнері, тағы басқа да өнерлерін ортаға салу болатын.

Аудандық байқауда кәсіподақ мүшелері өздерінің өнерлі екендігін көрсетті. Олардың бірі домбырада, бірі баянда дәстүрлі және халық әндерін орындаса, бірі эстрадалық әндермен көрермендердің көңілінен шықты, бір қатар ұстаздарымыз мың бұрала би билеп, шешендік өнерлерімен ерекшеленді.

Байқаудың қорытындысы бойынша қазылар алқасының төрағасы, «Өнер» мектебінің директоры А.Абуталипова 13 өнерлі ұстазға ынталандыру дипломдары мен сыйлықтарын тапсырса, Білім және ғылым қызметкерлері кәсіподағының Ордабасы аудандық комитетінің төрағасы Ә.Сәдірмек байқау жеңімпаздарын марапаттады. Атап айтқанда, 3-орынды иеленген жеңімпаз «Қызылжар» жалпы орта мектебінің бейнелеу және сызу пәнінің мұғалімі Н.Қошқарбековке 10,0 мың теңгенің сертификаты, 2-орынды иеленген жеңімпаз М.Х.Дулати атындағы жалпы орта мектебінің қазақ тілі және әдебиеті пәнінің мұғалімі Ә.Пайзоваға 15,0 мың теңгенің сертификаты, I-орынды иеленген жеңімпаз «Ақбұлақ» жалпы орта мектебінің қазақ тілі және әдебиеті пәнінің мұғалімі Э.Асановаға 20,0 мың теңгенің сертификаты, Бас жүлдені иеленген жеңімпаз Б.Нұрлыбеков атындағы жалпы орта мектебінің қазақ тілі және әдебиеті пәнінің мұғалімі Г.Серікбаевқа 25,0 мың теңгенің сертификаты тапсырсырылды.