МАЗМҰНДЫ БАСҚОСУ БОЛДЫ

Ағымдағы жылдың 27 қыркүйек күні «Қазақстандық салалық білім және ғылым қызметкерлері кәсіптік одағының Атырау облыстық ұйымы» қоғамдық бірлестігі Жылой ауданында «Еңбек қатынастарын құқықтық реттеудегі ҚР еңбек заңдылықтарын қолдану тәжірибесі» тақырыбында облыстық көшпелі семинар өткізді. Семинарға аудандағы білім беру ұжымдарының барлық бастауыш кәсіподақ ұйымдарының жетекшілерімен бірге мектеп директорлары, бала-бақша меңгерушілері мен қосымша білім беру ұжымдарының басшылары қатынасты. Мәжілісті қоғамдық бірлестіктің төрағасы Қылышбай Сүндетұлы кіріспе сөз сөйлеп ашып, білім беру жүйесіндегі білім сапасын арттыру бағытында қабылданған заңнамаларға, жаңа нормативтік құқықтық актілерге тоқталды. Сондай-ақ, алдағы оқу жылы ұстаздардың жағдайын жақсарту кезеңі болып табылғандықтан осы бағыттағы міндеттерді жүзеге асырудағы кәсіподақ ұйымдарының рөліне тоқталды. Семинарда белгіленген тақырыптар бойынша заңгер Юлия Амангелдіқызы Айбусынова, облыстық білім беру басқармасы әдістемелік орталығының бөлім басшысы Айгүл Кенжеғалиқызы Құсайынова және «Өрлеу» ұлттық орталығы акционерлік қоғамы Атырау облысы педагогикалық қызметкерлерінің біліктілігін арттыру институтының кафедра меңгерушісі Камшат Ажығұлқызы Ханалиева баяндамалар жасады.

Тыңдаушылар тарапынан қызу талас тудырған  Қазақстан Республикасы Еңбек Кодексі туралы зерттеуді бір кездесуде толық жеткізу мүмкін емес болғандықтан, үнемі республикалық салалық кәсіподақтың «Ұстаздық еңбек» газетіне жиі түсетін сұрақтар төңірегінде әңгіме өрбіді. Олар педагог қызметкерлердің біліктері атқаратын лауазымдарға сәйкес келетіні-келмейтіні, еңбек шарттың мерзімі, еңбек демалыстан шақыртып алу, зейнеткерлік жасқа келген қызметкерлерімен еңбек шартты бұзу тәртібі және тағы басқада мәселелер қамтылды. Баяндамалардан соң семинарға қатысушылардың сұрақтарына толық жауап берілді.

Түстен кейін семинарға қатысушылар Шоқпартоғай ауылындағы орта мектепте болып осы ұжымның 90 жылдық торқалы тойына қатынасты. Бірлестік атынан мектепке теледидар тарту етіліп, кітапханасына ғалым-ұстаз Қ.Сүндетұлынының 4 ғылыми еңбегі тапсырылды. Республикалық «Мектепке жол» бағдарламасы аясында 1 оқушыға оқу құралдары мен кастьюм сыйланды. Сондай-ақ, ардагер ұстаздардың облыстық кеңесінің төрағасы Қадим Оңғарсынов ардагер Бозаев Сакеннің отбасында болып, 20 мың теңге көлемінде ақшалай сыйлықты табыс етті.

Аталған шаралар мұғалімдердің төлмерекесі қарсаңында ұйымдастырылған мазмұнды басқосу болды.