Талдықорғанда отбасылық жарыс ұйымдастырылды

Мұғалімдер күні мерекесі қарсаңында білім және ғылым қызметкерлері кәсіптік одағы Талдықорған аумақтық ұйымы «Жақсы бала жеткізеді мұратқа» отбасылық байқауын өткізді.

Оған аумақтық ұйымның төрағасы С.Әбдіқадыров, Алматы облыстық ата-аналар комитетінің төрайымы Д.Қыдырбаева, аудандық, қалалық кәсіподақ комитеттерінен 8 отбасы және жастар кеңестерінің төрағалары қатысты.

Шараның мақсаты – бала күтіміне байланысты демалыстағы ұстаз аналарға көңіл бөлу, ата-ана мен бала арасындағы байланысты нығайту. Сондай ақ, баланы өмірде белсенді болуға, алға қойған мақсатты орындауға үйрету, қимыл-қозғалыс қабілеттерін дамыту. Балаларды шапшаңдыққа, төзімділікке, салауатты өмір салтына тәрбиелеу.

Алғаш рет ұйымдастырылған шараны білім және ғылым қызметкерлері кәсіптік одағы Талдықорған аумақтық ұйымының төрағасы С.Нұрсапаұлы ашып, ұстаздар қауымын мерекемен құттықтап, жарыс жайында ақпарат беріп, қатысушыларға сәттілік тіледі.

Отбасылық байқауда мұғалімдердің 1-3 жас аралығындағы балалары жас айырмашылығына қарай еңбектеп, белгіленген қашықтықты көлікпен жүріп, шашылған шарларды себетке жинап, өзара бақтарын сынады.

Ал, ата-аналар «Мықты отбасы», «Арал» кезеңдерінде бір-біріне демеу болып, арнайы жасалынған кедергілерден бірлесе өтіп, шыныққандарын дәлелдесе, «Диктант» сайысында оқушы кездеріне саяхаттап, қазақ тілінен сауаттылықтары тексерілді.

Соңғы «Үй тапсырмасы» кезеңде отбасы мүшелері толық қатысып, өнерлерін көрсетті.

Әділқазы алқасының шешімімен бағы мен бабы келіскен Алакөл ауданынан келген Толеубековтер отбасы 1 орынды, Ескелді ауданынан Каметжановтар отбасы 2 орынды, Қаратал ауданынан Бараковтар отбасы 3 орынды иеленіп, жүлдегерлер ақшалай сыйлық және дипломдармен марапатталды. Қалған отбасыларға номинациялар бойынша бағалы сыйлықтар табысталды.