Басты тәрбиеші – еңбек

Тәрбиенің үлкені – еңбек. Бала еңбек істеп үйренуі тиіс. Еңбек денені шынықтырып қана қоймай, сонымен бірге адам бойындағы көптеген жақсы қасиеттердің қалыптасуына да бірден-бір себепші болады. Балалар ауызбірлікке, төзімділікке, ұқыптылыққа, қайырымдылыққа т.т. үйренеді. Жасыратыны жоқ қылмыстың дені бейнет жасамаған жерде пайда болады. Бала құқығын қорғау, баланың еңбегін пайдаланбау дегенді баланы еңбекпен тәрбиелеуге келгенде дұрыс қолданып жүрген жоқпыз. Оны балаға еңбек жасатпаумен алмастырып алғанбыз. Баласына шөптің басын сындыртпауға бекігендер жылына екі мәрте ғана болатын сенбіліктерге де қарсы. Осындай ұстанымдағы кейбір бұқаралық ақпарат құралдары да бала құқығы бұзылды дегенді желеу етіп жалқаулыққа, тоғышарлыққа, өзімшілдікке үндеп жатқанын өздері байқай бермейді. Қоғам мүшесі ретінде баланың өзі жүрген айналасын таза ұстауға үйреніп дағдылануы құқығы шектелгенге жатпайды, екеуі екі басқа нәрсе.

Бүгінгі күні баланы өзі тастаған қоқысты өзі көтермейтін дәрежеге дейін жеткіздік. Бұл өте қауіпті құбылыс. Ұрпақты аздыру үшін әдейі жасалып жатқан іс сияқты. Баласын бейнеттен қашық ұстағысы келетін ата-аналардың екінші жағынан сол баласының ертең бір істің басында болғанын қалайтыны да рас. Ал өзінің қолынан келмейтін, істі өзі білмейтін кісі өзгеге не үйретеді, нені талап етеді? Өзінде жетіспесе өзгені қалай жарылқайды?

Еңбек етуге бейім жан достыққа да берік болып келеді. Әдетте сенімді, жақсы қасиетті деген кісіге айтылып жататын «Барлауға бірге баруға болады» деген бағалау пікірдің негізінде де жауапкершілік, сенімділікпен бірге осы еңбекқорлық жатыр. Өмірде жолы болғандардың барлығы да нәтижеге еңбекпен ғана қол жеткізген. Ересек буын жас күнгі жасаған бейнеттерін, қолдарымен атқарған еңбектерін өмірінің жарқын сәттері санап, оларды мақтанышпен еске алып жүреді. Бүгінгі бала да ертең солай мақтана алуы керек.