«ҮЛКЕНГЕ – ҚҰРМЕТ, ЖАСТАРДАН – ІЗЕТ» ЖАСТАР АКЦИЯСЫ

1 қазан Халықаралық қарттар күні мерекесіне орай Мемлекеттік, банк мекемелері және қоғамдық қызмет көрсету қызметкерлерінің кәсіподағы Ақтөбе облыстық комитетінің Жастар ісі жөніндегі комиссиясы Ақтөбе қаласының жастар ресурстық орталығымен бірлесе «Үлкенге құрмет, жастардан ізет» акциясын өткізді.

Акция барысында жастар ұзақ жылдар бойы мемлекеттік мекемелерде абыройлы қызмет жасап, қазіргі таңда зейнет демалысындағы аға-апаларымыздың үйлеріне барып, мерекемен құттықтап, сый-сияпаттарын табыстады. Ардақ тұтар аға-апаларымыздың әрбір жүріп өткен жолы, елге сіңірген абыройлы еңбектері жастарға қашанда үлгі-өнеге болары сөзсіз.

Олар мерекемен құттықтап барған жандардың қатарында мемлекеттік қызметшілердің салалық кәсіподағы Ақтөбе облыстық комитетін ширек ғасырға жуық басқарған Бимуратов Амантай Бимұратұлы, сонымен қатар кәсіподақтар қозғалысының дамуына үлес қосып, бастауыш кәсіподақ ұйымдарына жетекшілік еткен Салабаева Сабира Қапарқызы, Сычева Наталья Ивановна және т.б бар.

Аға-апалары өз кезегінде осы шараны ұйымдастыруға мұрындық болған салалық кәсіподақтың Ақтөбе облыстық комитетіне алғыстарын жаудырып, жылы лебіз, игі тілектерін арнады. Жастарды білім алуға талпынып, әрқашан адам болуға әрекет жасап, тынбай еңбектенуге шақырды.

Облыстық комитеттің Жастар ісі жөніндегі комиссиясы алдағы уақытта да кәсіподақ ардагерлерін құрметтеп, олардың өнегелі өмір жолдарын жастарға үлгі ету мақсатында өзге іс-шараларды өткізетіндіктерін мәлімдеді.
Еңбектің зейнетін көріп, алдағы мағыналы өмірлерін бала-шаға, отбасы, немере-шөбереге арнаған ата-әжелері жастарға риза болып, баталарын берді.