Жетісулық ұстаздар Жолдауға қолдау көрсетті

Біз, ұстаздар қауымы, Елбасының жыл сайынғы Жолдауын зор үмітпен күтіп, ерекше ілтипатпен қабылдайтын тұлғалармыз. Себебі, Мемлекет басшысы білім саласын әрқашан тікелей назарында ұстап, ерекше қамқорлығына алып келеді.

Кәсіби мерекеміз – Ұстаздар күні қарсаңында жарияланған биылғы «Қазақстандықтардың әл-ауқатының өсуі: табыс пен тұрмыс сапасын арттыру» атты Жолдау да біздің көптен күткен үмітімізді ақтап, келер күнге деген сенім мен мақсатты істер ала келді. Тіпті Жолдаудың биылғы атауының өзінен де біз халыққа, оның болашағына деген қамқорлықты сезінеміз.

Президенттің осы жолғы Жолдауы бұған дейінгі әлеуметтік жобалардың жиынтығындай болды. Елдің тыныс-тіршілігіне қатысты бірде-бір мәселе назардан тыс қалған жоқ. Соның бір ерекше дәлелі – Елбасының осы Жолдауда «мұғалім мәртебесі» туралы заң қабылдауды тапсырып, педагогикалық қызметті жоғары қоюы бүкіл ұстаздар қауымын зор қуанышқа кенелтті.  Бұл ұстаздар қауымының көптен күткен, шешімін таппай келе жатқан мәселенің бірі еді.

Елімізде мұғалім мәртебесін көтеру бағытында көптеген жұмыстар жүргізіліп те келеді. Ол – жаңартылған білім мазмұнымен жұмыс істейтін мұғалімдер жалақысына 30% үстемақы төленуі. Сонымен қатар, пилоттық мектептерде жаратылыстану-математикалық пәндерді ағылшын тілінде оқытатын мұғалімдер де үстемақы ала бастады. Педагог қызметкерлерді аттестаттаудың жаңа форматы қабылданып, қосымша 30-50% үстемақы төленіп отыр. Менің өзім де «Педагог-зерттеуші» біліктілігін растап, 40% үстемақы алып отырмын. Сондай-ақ, жуырда ғана өткен «Жыл мұғалімі», «Үздік педагог», «Үздік орта білім беру мекемесі», тағы да басқа  байқауларда ұстаздар еңбегі бағаланып, бағалы сыйлықтар мен марапаттауларды иеленуде. Мұның барлығы да ұстаздардың қиын да, қызықты еңбегінің лайықты бағаланып отырғандығы.

Облыс бойынша оқушы орнының тапшылығын жою мақсатында айтарлықтай жұмыстар жасалынуда. Дегенмен, өңірде демографиялық өсім басым, бұл жақсы тенденция. Мұның басты себебі – облыста әлеуметтік-экономикалық жағдайдың тұрақтылығы, табиғатының өмір сүруге жайлылығы, халықтың еңбек етуіне қолайлы жағдайдың туғызылуы.

            Жолдаудағы тағы бір маңызды мәселе, балабақша мен мектептердегі балалардың тәрбиесіне, қауіпсіздігіне жүйелі түрде көңіл бөлуге ерекше екпін беріліп отыр. Бұл ретте Елбасының көрегендігіне, жүргізіп отырған салихалы саясатына тәнтіміз. Қазіргі кезде облыстағы білім мекемелерінің 83% бейнебақылаумен қамтылған. Алдағы уақытта барлық білім мекемелерінде қауіпсіздік шараларының жүзеге асуы – балалар мен  ата-аналарға алаңсыз өмір сүруіне жол ашады.

            Мемлекет басшысының қолдауымен бүгінде оқушыларымыз әлемдік озық үлгілер негізінде білім алуда. Жаңартылған білім мазмұны бағдарламасымен білім алып жатқан балалар өмірге, өзіндік білім алуға бейімделуде.

            Мектепке дейінгі тәрбие беруде облыстың көрсеткіші қазіргі кезде 95,6%-ке, жыл соңына дейін жеке меншік бала бақшалар ашу арқылы 98%-ке жетуі қуанарлық жағдай. Ендігі кезекте педагогтар берілетін білім мен тәрбиенің сапасына назар аударып, осы мақсатта Президентіміз айтқандай 4К моделінде жұмыс жүргізуге дайын. Сондай-ақ, мектепке дейінгі тәрбие беру мекемелері қызметкерлерінің «инемен білім қазғандай» еңбегіне ақы төлеу жүйесін қайта қарастыру облыс педагогтарын қуанышқа бөлеп, ел игілігі үшін еңбек етуге бағыттап отыр.

            Бірлігі мен тірлігі жарасқан, Алматы облысының ұстаздары Елбасының Жолдауын қолдайды және отанымыз –Қазақстанның өсіп-өркендеуі, әлемдегі бәсекеге қабілетті озық елдердің қатарынан  көрінуіне аянбай атсалысады.