Жолдауға қолдау көрсетеміз

Елбасының жыл сайынғы дәстүрлі Жолдауын барлық елмен бірге асыға күтетіндердің бірі – ұстаздар! Ол түсінікті де, өйткені, қоғамда республикамыздағы білім саласына байланысты қалыптасқан түрлі пікірлердің бар екені анық. Осыған байланысты әр Жолдаудан ұстаздар жаңалық күтеді.

Биылғы Жолдауда экономиканың негізгі бағыттарын дамытуға басымдық бере отырып, соның ішінде білім саласына да баса назар аударылды. Сондай-ақ әлеуметтік салаларды дамытуға, денсаулық сақтауға, спортқа және халықты әлеуметтік қорғауға қатысты мәселелер кеңінен қамтылды.

Ұстаздардың мәртебесіне, олардың балаларға берген біліміне, тәрбиесіне бәріміздің болашағымыз тікелей байланысты. Сондықтан, ұстаздардың мәртебесі туралы арнайы заң қабылдау туралы президенттің тапсырмасы болашақта ұстаздарға қатысты көптеген мәселелерді шешеді деген ойдамыз. Осыған байланысты президентіміздің айтқандары барлығымыздың көңілімізден шығып отыр. Атап айтсақ, 2019 жылы елімізде «Педагогтардың мәртебесі» туралы Заң қабылданбақшы және бұл туралы Мемлекет басшысы Нұрсұлтан Назарбаев Қазақстан халқына Жолдауында анықтап айтты.

Өз сөзінде: «Келесі жылы «Педагогтардың мәртебесі» туралы Заң қабылдау керек деп есептеймін. Ол заң мұғалімдерді және мектепке дейінгі мекемелердің қызметкерлерін ынталандыратын барлық тетіктерді қарастыруы керек. Жүктемені қысқартып, қызметтен тыс тексерістерден арылту керек. Тыңдаңыздар, мұғалімдерге бүгінгі таңда барлық жұмыс жүктеле береді. Сайлауды өткізетін – мұғалімдер, үгіт-насихатты жүргізетін – мұғалімдер, бір шаруаны атқару керек болса – мұғалімдер… Ол үшін ешкім де оларға ақша төлеп жатқан жоқ. Оларды бүл жүктемеден арылту керек. Олар сабаққа дайындалып, тиісті уақытында жұмыс істеуі керек. Тынымсыз тексерістер де бітпейді. Міне, заң осыларды тоқтату үшін керек», – деді Нұрсұлтан Назарбаев.

Ел президентінің бұл айтқаны, ұстаздарды қосымша міндеттемелерден арылтып, нақты өз істері – шәкірттерге білім берумен тиянақты айналысуға мүмкіндік береді деген сенімдеміз.

Білім беру, денсаулық сақтау саласының жақсарып, ұстаздарға қолжетімді, жайлы және қауіпсіз жағдайда өмір сүру мәселелері оң шешімін табатындығына сеніміміз молайды.

Президенттің тапсырмасына сәйкес, алдағы бес жыл ішінде білім, ғылым, денсаулық сақтау салаларына барлық көздерден жұмсалатын қаражатты ішкі жалпы өнімнің 10 пайызына дейін жеткізу қажет екені де айтылды. Сонымен қатар Елбасы ұстаздарға да шәкірттерге білім беру ісінде 4К моделіне: креативтілікті, сыни ойлауды, коммуникативтілікті дамытуға және командада жұмыс істей білуге басты назар аударулары керектігін тапсырды.

Жолдаудағы тапсырмаларды Алматы облысы Кербұлақ ауданының ұстаздары толығымен қолдайды және тапсырмаларды іске асыруға аудандық кәсіподақ комитеті атсалысады.