Сыр мұнайшылары Елбасы Жолдауын талқылады

Мемлекет басшысы Н.Ә.Назарбаевтың 2018 жылғы 5 қазандағы «Қазақстандықтардың әл-ауқатының өсуі: табыс пен тұрмыс сапасын арттыру» Қазақстан халқына Жолдауын ақпараттық насихаттау мақсатында «ҚазГерМұнай БК» жауапкершілігі шектеулі серіктестігінің «Ақшабұлақ» кеніш орынында еңбек ұжымымен кездесу өтті. Кездесуде Қызылорда облысының аумақтық кәсіподақтар бірлестігі және салалық кәсіодақтармен Елбасының Жолдауындағы көтерілген мәселелер, халықтың әл-ауқатын өсірудегі нақты қадамдар мен міндеттемелер түсіндірілді. Жұмыскерлер барлық қазақстандықтардың әл-ауқаты жағдайына бағытталған Жолдауды қуанышпен қабылдап, қолдайтындықтарын білдірді. Мұнайшылар өз тараптарынан Жолдаудағы халықтың табысының өсуі мен тұрмыс сапасын арттыру мақсатындағы Үкіметке берілген тапсырмалардың жүзеге асырылуы арқасында қол жететін әлеуметтік игіліктері жайлы сауалдар қойып, өз ойларымен бөлісті. Тұрғын үйдің қолжетімдігі аясында «7-20-25» бағдарламасымен жеңілдетілген ипотека бойынша алғашқы жарнаны ішінара субсидиялау мәселесін жас мұнайшыларға, үздік мұнайшы отбасыларына да қарастырылуы жайлы пікірлерін жеткізді.
Сонымен қатар, жиын барысында ағымдағы жылдың 3 қазанында өткен Қазақстан Республикасы Кәсіподақтар Федерациясының кезектен тыс XXV съезінің делегаты, «ҚазГерМұнай БК» жауапкершілігі шектеулі серіктестігінің қоғаммен байланыс жөніндегі жетекші маманы, кәсіподақ белсендісі Анна Титенок съезд туралы оң әсерлері мен кәсіподақтармен қаралған мәселелер жайлы әріптестеріне ақпарат берді.