Күреңбелдік комитет атқарған жұмысына оң баға алды

Бүгін білім саласының қызметкерлерінің құқығын қорғап, мәртебесін көтеруге жүйелі жұмыс жасап жатқан білім және ғылым қызметкерлері Кербұлақ аудандық кәсіподақ комитеті кезекті ХІV есеп беру-сайлау Конференциясын өткізді.

Оған Талдықорған аумақтық ұйымының төрағасы Садық Әбдіқадыров, аудандық білім бөлімінің басшысы Бексұлтан Ақылбек, мектеп директорлары және Конференция делегаттары қатысты.

Шарада аудандық кәсіподақ комитетінің төрағасы Жақан Дуанаев Елбасы Жолдауын насихаттау жұмыстарын жүйелі жүргізіп жатқанын және барлық білім ордаларында талқыланғанын жеткізіп, күреңбелдіктер қолдау танытқандықтарын баса айтты. Сондай-ақ, төраға кәсіподақ комитеті жұмысының барлық негізгі бағыттарын қамтитын есептік баяндама жасап, әлеуметтік әріптестік негізде аудандық білім бөлімімен бірлесе кәсіподақ мүшелерінің әлеуметтік-еңбек құқықтары мен мүдделерін қорғауда атқарған жұмысына тоқталды.

Жиын барысында тексеру комиссиясының есебі де назардан тыс қалмай, мүшелік жарнаның мақсатты жұмсалғанына делегеттер көз жеткізді. Қатысушалар ішінен К.Шынарбаева, Ж.Молтабаров, С.Қожаханов, Г.Маукенова жарыссөзге шығып, комитеттің жұмысына оң бағаларын берді.

Сала қызметкерлерінің басқосуында делегаттар дауыс беріп, келесі 5 жыл мерзіміне Жақан Ноғайбайұлы Кербұлақ аудандық кәсіподақ комитетінің төрағасы ретінде сайланып, аумақтық ұйымның Конференциясына баратын делегаттар анықталды.

Ел болашағы жас жеткіншектердің бойына білім мен тәрбиені, рухани байлық пен ұлттық қасиеттерді сіңіріп, тұлғалы азамат етіп қалыптастырудағы еңбегі және қоғамдық жұмыстардағы белсенділігі үшін А.Шепенова, Г.Қарымбаева, Е.Баймолдаев және С.Изгутиевалар Талдықорған аумақтық ұйымының Құрмет грамотасымен марапатталды.