Төлеби ауданында өткен “Өнерлі ұстаз” байқауы

Түркістан облысының Төлеби аудандық білім және ғылым қызметкерлерінің кәсіподақ комитеті мен аудандық білім бөлімі бірлесе отырып, талантты және кәсіби құзыреттілік деңгейі жоғары өнерлі ұстаздарды айқындау, оларға қолдау көрсету мақсатында аудан мұғалімдері арасында “Өнерлі ұстаз – 2018” байқауын өткізді.

Тәрбие жүйесіндегі озат педагогикалық тәжірибені насихаттау, ұлттық салт-дәстүрді ұстаздар арасында дамыту мақсатында өткізілген байқауға аудан мектептерінен 17 мұғалім қатысып, өз бақтарын сынады.

Ұстаздар байқау шарты бойынша өздерін таныстырып, мақал-мәтелден сайысқа түсіп, өз өнерлерін де ортаға салып жан-жақты екендіктерін көрсете білді.

Нәтижесінде қазылар алқасының шешімі бойынша ең жоғарғы ұпайды олжалаған №6 жалпы орта мектебінің мұғалімі Тоқтақұлов Ханыбек бірінші орынды иеленді.

Сан қырлы өнері және кәсіби шеберлігімен танылған №7 ЖОМ мұғалімі Жексенбаева Гульжан, Ш.Уалиханов атындағы №2 ЖОМ мұғалімі Орымбаева Назира жүлделі екінші орыннан көрінді.

Сонымен қатар, Қаратөбе ЖОМ мұғалімі Онғарбаева Айнұр, Қ.Мамытов атындағы ЖОМ мұғалімі Беркінбаева Мөлдір, Көксәйек бастауыш мектебінің мұғалімі Сауртаева Лаура, Қ.Тыныбеков атындағы ЖОМ мұғалімі Дүймова Бибинур жүлделі үшінші орынды қанжығаларына байлады.

Байқау жеңімпаздары арнайы дипломдармен және ақшалай сыйлықтармен марапатталды.