Қараталдықтар 5 жылдық жұмысын қорытындылады

Бүгін білім және ғылым қызметкерлері Қаратал аудандық кәсіподақ комитетінде кезекті XVІІІ Конференциясы өтті.

Сала қызметкерлерінің әлеуметтік – экономикалық құқықтары мен мүдделерін қорғау мақсатында жұмыс істеген комитеттің төрағасы Асхат Жеңісұлы есептік баяндама жасады.

Онда Асхат Исабаев комитет құрамында 39 бастауыш кәсіподақ ұйымы, 1878 кәсіподақ мүшелері тіркелгенін, соңғы жылдары 160 жуық адам кәсіподақ қатарына қосылғанын жеткізді.

«Елбасының Жолдауы барлық білім ордаларында насихатталып, Пленум, атқару комитетінің отырыстары уақытылы өтіп, өзекті мәселелер қамтылған. Кәсіподақ мүшелерінің денсаулығын нығайту үшін белгіленген мерзім ішінде 217 адам шипажайға, 123 бала тегін демалысқа жіберілген. Қоғамдық бірлестіктің маңызды жиыны барлық бастауыш кәсіподақ ұйымдарында өтіп, 15 төраға жаңадан сайланған», -деді өз сөзінде комитет төрағасы.

Сонымен қатар, биылғы жылдың өзінде 66 іс-шара өтіліп, 58-і бұқаралық ақпарат құралдарына шыққан. Атап айтқанда, орталық сайтта -12 мақала, республикалық «Қазақстан кәсіподағы» газетінде- 2, облыстық газетте- 1, жерлілікті басылымда -8, «Facebook» желісінде -35 пост жарияланған.

Конференция делегаттары комитет жұмысына қанағаттанарлық деген баға беріп, тексеру комиссиясының есебін бекітті.

Шарада Лермонтов атындағы орта мектептің директоры Людмила Котова сөз алып, Қазақстан Республикасы Кәсіподақтар Федерациясының кезектен тыс ХХV Съезіне Талдықорған аумақтық ұйымы атынан делегат ретінде қатысып келгенін айтып, кәсіподақ саласындағы соңғы жаңалықпен бөлісті.

Талдықорған аумақтық ұйымының төрағасы Садық Әбдіқадыровтың ұсынысы бойынша конференция делегаттары дауыс беріп, білім және ғылым қызметкерлері Қаратал аудандық кәсіподақ комитетінің төрағасы ретінде Исабаев Асхат Жеңісұлы сайланды.

Жиын соңында Талдықорған аумақтық ұйымының Конференциясына баратын делегаттар тізімі нақтыланды.