Ақтөбеде Елбасының Жолдауы – мұғалім мәртебесін көтеру, іске асырылуда

2018 жылдың 5 қазанындағы Қазақстан Республикасының Президенті Н.Назарбаевтың «Қазақстандықтардың әл-ауқатының өсуі: табыс пен тұрмыс сапасын арттыру» Жолдауындағы тапсырмаларды орындау, педагогикалық қызметкерлердің қоғамдағы мәртебесін көтеру мақсатында 2018 жылдың 22 қазан күні «Қазақстандық салалық білім және ғылым қызметкерлері кәсіптік одағының Ақтөбе облыстық ұйымы» қоғамдық бірлестігі Ақтөбе облысының кәсіподақтар орталығымен бірлесе отырып өскелең ұрпақты тәрбиелеуде қосқан үлесі үшін, білім және ғылым саласында көпжылдық нәтижелі еңбегі үшін облысымыздың үздік ұстаздарына құрмет көрсетуге арналған салтанатты шара ұйымдастырды.

Сонымен қатар, шараға әлеуметтік әріптестер қатысты – облыстық білім басқармасы, «Өрлеу» педагогикалық кадрларының біліктілігін арттыру институты, Ақтөбе облыстық ғылыми-тәжірибелік орталығының өкілдері.

Салтанатты шарада 4 еңбек ардагері, зейнеткер ұстаздар, Қазақстан Республикасы Білім және ғылым министрлігінің «Еңбек ардагері» медалімен мараптталды, олар Ж.Жақыпбекова – Ақтөбе облысы білім басқармасының статистика және есеп бөлімінің маманы, К.Құлтанова – Қарғалы ауданы Ақжайық орта мектебінің бастауыш сынып мұғалімі, П.Сарышева – Мұғалжар ауданы №1 Қандыағаш орта мектебінің қазақ тілі және әдебиеті пәндерінің мұғалімі, А.Сауырбай – Шалқар ауданы Ақтоғай орта мектебінің мұғалімі. Көп жылдар бойы білім саласында еңбек етіп, әлеуметтік серіктестікті нығайтуға зор үлес қосқаны үшін «Білім және ғылым қызметкерлерінің кәсіподағына сіңірген еңбегі үшін»күміс төсбелгісімен Ақтөбе қаласы №19 орта мектебінің директоры Р.Аманбаева, Ақтөбе облысы аймақтық кәсіподақтар Орталығының Алғыс хатымен әлеуметтік серіктестер Қ.Құлымов пен Н.Кенетаева марапатталды.

Білім беру жүйесіндегі жемісті еңбегі, жаңартылған білім беру технологияларын дамытудағы және жас ұрпақты оқыту мен тәрбиелеудегі шығармашылық жетістіктері үшін жыл сайынғы дәстүр бойынша облыстың50 үздік ұстаздары Жамбыл облысындағы «Меркі» шипажайына облыстық кәсіподақ есебінен демалуға Сертификаттар мен облыстық білім басқармасы мен облыстық кәсіподақтың бірлескен Құрмет грамоталарымен марапатталды.

Сонымен қатар Қазақстан шипажайларында демалуға әлеуметтік серіктес – Ақтөбе құрылыс және бизнес колледжінің директоры Н.Унбаев және 5 кәсіподақ мүшесі – «Өрлеу» педагогикалық кадрларының біліктілігін арттыру институтының қызметкерлері марапатталды.

Аудандық білім бөлімдері мен кәсіподақ ұйымдарының ұсыныстары бойынша облыстың 16 үздік ұстазы облыстық кәсіподақтың Құрмет грамотасымен және 50 000 теңге көлемінде сыйақыларымен марапатталды. Қ.Жұбанов атындағы Ақтөбе өңірлік мемлекеттік университеті бастауыш кәсіподақ ұйымының ұсынысымен университеттің 8 қызметкері Құрмет грамоталармен марапатталды.

Шараға аудандық және бастауыш кәсіподақ ұйымдарының көшбасшылары, ұстаздар, барлығы 120 кәсіподақ мүшелері қатысты, соның ішінде 87 кәсіподақ мүшесі түрлі марапаттарға ие болды.