Жаркент өңірінде Конференция өтті

Білім және ғылым қызметкерлері Талдықорған аумақтық ұйымына қарасты барлық бастауыш кәсіподақ ұйымдары есеп беру-сайлау жиналыстарын өткізіп, 120-дан астам төраға жаңадан сайланған болатын. Маңызды жиынның екінші кезеңі аудандық, қалалық кәсіподақ комитеттерінде жалғасын тауып, аталмыш шара Панфилов ауданында өтті.

Жаркент қаласында орналасқан №6 орта мектептің мәжіліс залында өткен жиынға ардагер ұстаздар, мекеме басшылары және білім мекемелерінен сайланған 77 делегат қатысты.

Конференция барысында білім және ғылым қызметкерлері Панфилов аудандық кәсіподақ комитетінің төрағасы Мақытбек Тұрлыбеков баяндама жасап, бірлестіктің негізі Пленум мен атқару комитетінің отырысы уақытылы өтіліп, өзекті мәселелер қамтылғанын жеткізді.

Сонымен қатар, комитет тарапынан 4 жыл ішінде 849 кәсіподақ мүшесіне және 160 балаға сауықтыру орындарына жолдама беріліп, түрлі мәдени шаралар өткізілген.

Құрамында 66 бастауыш кәсіподақ ұйымы, 5012 мүшесі бар комитеттің қаржылық-шаруашылық жұмысы да көпшілік назарына ұсынылды. Онда тексеру комиссиясының төрағасы Қуаныш Шаяхметов жиналған жарнаның мақсатты жұмсалғанын айтып берді.

Кәсіподақ белсенділері жарыссөзге шығып, комитеттің атқарған жұмысына «қанағаттанарлық» деген баға берді.

XVI есеп беру-сайлау Конференциясына қатысқан Талдықорған аумақтық ұйымның төрағасы Садық Әбдіқадыров биылғы Елбасы Жолдауы ұстаздар қауымына қуаныш сыйлағанын айтып, Панфилов аудандық кәсіподақ комитетінің төрағасы лауазымына Мақытбек Тұрлыбековтың кандидатурасын ұсынды. Мақытбек Әділұлының кандидатурасы делегаттар тарапынан қолдау тауып, төрағалыққа сайланды. Сондай-ақ, атқару комитетінің және тексеру комиссиясының мүшелері жаңа құраммен бекітілді.