МӘЖІЛІС ДЕПУТАТТАРЫМЕН КЕЗДЕСУ ӨТТІ

Мәжіліс депутаттары Кәрібай Мұсырман мен Бақытбек Смағұл Жамбыл облысына сапары аясында салалық кәсіподақ ұйымдарының өкілдерімен кездесті. Кәсіподақтар орталығының мәжіліс залында өткен кездесудің басты мақсаты – Мемлекет басшысы Н.Назарбаевтың халқына арналған Жолдауын халық арасында кеңінен насихаттау және түсіндіру.

Елбасының Жолдауындағы «Ауыл – ел бесігі» жобасын басты назарға алған халық қалаулылары сапар барысында Қордай, Мойынқұм мен Шу, Жамбыл аудандарының ауылдарында болғандарын айтып, кәсіподақ өкілдерімен кездесуге тікелей Федерация төрағасының өтініші бойынша келгенін, себебі, кәсіподақ белсенділерімен екінің бірі кездесуге келісе бермейтінін, кездескен жағдайда талай сөз есітуге тура келетінін жеткізді.

– Мектепке барсаң да, ауруханаға барсаң да техникалық персоналдың қолға тиетін айлығы 26 мың теңге көлемінде деген сұрақ алдымыздан жиі шығатын. Елбасы бұл мәселені соңғы Жолдауда шешіп берді. Енді ең төменгі жалақы 42 мың болады. Бұл 1 млн. 300 мың адамды қамтымақ. Елімізде 800 мың адам еңбек шартсыз жалданып жұмыс істеуде. Ол 800 мың адам әлеуметтік қорғаусыз жүр деген сөз. Жалданып жұмыс жасайтын 300 мың шет елдік азаматтар бар. Олар негізінен тәжіктер, қырғыздар мен өзбектер. Ал бізде 450 мың адам жұмыссыз жүр. Осыны біз бірігіп шешуіміз керек, – деген Кәрібай Иманжанұлы Жолдау жүктеген бірқатар міндеттерді бірігіп шешуге шақырды. Атап айтқанда, әр отбасының, әрбір адамның жағдайын, тіршілік ортасын жақсартуға, білім беру, денсаулық сақтау, кәсіпкерлікті дамыту, сыбайлас жемқорлықпен күрес, құқық қорғау органдарының жұмысын жетілдіру, мемлекеттік қызметтің тиімділігін көтеру сияқты күнделікті өмірдегі мәселелерге ерекше тоқталды.

Ал Бақытбек Смағұл болса өңірлердегі, орталықтан шалғай жатқан ауылдардың, ауыл тұрғындарының хал-ахуалымен танысып, олардың ой-пікірлерін білген соң аудандық, облыстық, мемлекеттік деңгейде шешілетін мәселелерге қанық болғанын айтып, Шерағаңдардың, қасқайып өткен Баукеңнің, азаттық жолындағы Қайраттардың жалынды жігерінің әсіресе жігіттердің бойында жоқтығына көңілі толмайтынын айтты.

Сұрақ-жауап бөлімінде кәсіподақ өкілдері негізінен жалақы мәселесін көтерді. Білім қызметкерлері кәсіподағының төрағасы Ерұлан Мағзымбеков ауылдық округтердің иелігіне өткен білім мекемелері – балабақшалардың тарификациялық, одан туындайтын жалақы, демалыс уақыты, еңбек режимі сынды мәселелердің шешілмей отырғандығын алға тартты. Сонымен бірге, ЖОО-ның профессор-оқытушылар құрамының азаматтық не мемлекеттік қызметкерлер құрамына кірмей, былайша айтқанда «статуссыз» қалып отырғандығын, ал жалақылары тіпті төмен екендігін жеткізді. Орталықтардағы 1000 оқушыға арналған мектептің АӘД пәнінің мұғалімі мен 150 оқушы оқитын мектептің педагогы бірдей жалақы алатынын, ал жауапкершілік пен жүктеме бірнеше есе жоғары екендігін айтып, осыны оң шешуге ықпал етуді сұранған Ерұлан Сәбенұлы өз сөзін Елбасы айтқан «Педагог мәртебесі туралы» заңның қабылдануына байланысты бірқатар мәселелерді көтерумен аяқтады.

– Алаш ардақтысы Мағжанның «Төрдегі орын ұстазға» деп айтқаны далада қалды. Қәзір төр – бизнесменге, сот пен прокурорға беріледі. Ақсақалдар қолына су құйған біздерге «Мұғалім бол!» деп бата беретін. 70 жылдардан бастап бұл жоқ. Қәзір «судья бол, прокурор бол» дейді. Біз Елбасы тапсырмасына сәйкес педагогтың мәртебесін Жапония, Финляндия мен АҚШ сынды елдердегі дәрежеге жеткізуіміз қажет. Бүгінде қолымызда педагог мәртебесі туралы модельді заң жобасы бар. Ол 2004 жылы ТМД елдерінің парламентаралық ассамблеясында қабылданған. Аймақтардан, кәсіподақтардан, ұстаздардың өзінен түскен ұсыныстарды ескере отырып заң қабылданатын болады, – деді мәжіліс депутаты Кәрібай Мұсырман.

Жиында сөз алған облыстық ақпарат, мәдениет және спорт қызметкерлері кәсіподағының төрайымы Жанна Алшынбаева ауылдық округтердің иелігіне өткен ауылдық клуб қызметкерлерінің 3 жылда 1 рет өтетін аттестациясын округ әкімі өткізе алмай отырғандығын, сәйкесінше мәдениет қызметкерлері жалақыдан қағылып отырғандығын, сондай-ақ, кітапханашылардың шаң-тозаңмен жұмыс істейтіні, алайда ол үшін ешқандай өтемақы төленбейтіндігін, себебі кітапханашылардың арнайы дайындалған №2 тізімге енбей отырғандығын айтып, осы мәселені шешуге септесуге шақырды. Ал кәсіпкерлік қызметкерлері кәсіподағының төрағасы Асанбек Наурызбаев шағын және орта бизнес саласында жүрген азаматтардың құқықтық сауаттылығын арттыруға мемлекет тарапынан көп көңіл бөліну керек деген ұсынысын айтты.

Кәсіподақ белсенділерінің сауалын тыңдаған депутаттар кейбір мәселелерді қағазға түсіріп жолдауды сұранды. Айтылған барлық ұсыныс-пікірлер назарға алынғандығын, мәселелердің түйінін фракция отырыстарында талқылап, депутаттық сауал арқылы шешуге септесетініне сендірді.