МЕМЛЕКЕТТІК ҚЫЗМЕТШІЛЕРДІҢ ҚҰҚЫҚТАРЫ МЕН МҮДДЕЛЕРІН ҚОРҒАУҒА БАҒЫТТАЛҒАН КЕЗЕКТІ МЕМОРАНДУМ

Ағымдағы жылдың 2 қарашасында мемлекеттік, банк мекемелері және қоғамдық қызмет көрсету қызметкерлерінің салалық кәсіподағы Ақтөбе облыстық комитетінің ұйымдастыруымен «Ақтөбе облысы әкімінің аппараты» ММ әдеп жөніндегі Уәкілі Ризагүл Омарованың бастауыш кәсіподақ ұйымдары өкілдерімен кездесуі өткізілді.

Қазақстан Республикасының мемлекеттік қызмет, сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл саласындағы заңнаманы және мемлекеттік қызметшілердің Әдеп кодексін бұзушылықтың алдын алу, салалық кәсіподақ мүшелері болып табылатын мемлекеттік қызметшілердің құқықтары мен мүдделерін қорғау аясында бірлескен іс-шараларды жүзеге асыру мәселелерін талқылау шараның басты мақсаты болып табылады.

Кездесуге ҚР Мемлекеттік қызмет істері және сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл агенттігінің Ақтөбе облысы бойынша департаменті басшысының орынбасары, Әдеп жөніндегі кеңес хатшылығының меңгерушісі Мирамкуль Бибітова қатысып, мемлекеттік қызметшілердің құқықтары мен мүдделерінің қорғалуы аясында департамент тарапынан жүргізіліп жатқан жұмыстар жөнінде толық айтып берді.

Шараның маңызды бөлімі – ҚР мемлекеттік, банк мекемелері және қоғамдық қызмет көрсету қызметкерлерінің салалық кәсіподағы Ақтөбе облыстық комитетінің төрайымы Сағындықова Мухтарита Мұханбетқалиқызы және «Ақтөбе облысы әкімінің аппараты» ММ әдеп жөніндегі Уәкілі Омарова Ризагүл Мырзағалиқызының өзара ынтымақтастық туралы меморандумға қол қоюы болды. Бұл маңызды құжат аясында мемлекеттік қызметшілердің құқықтары мен заңды мүдделері бұзылған жағдайларда облыстық кәсіподақ комитеті мен әдеп жөніндегі Уәкіл оларды қорғау бағытындағы жұмыстарды бірлесе жүргізетін болады.