Жаңа әліпби – ұлы дәуір бастауы

Қазіргі уақытта қоғамымызда қазақ тілінің алфавиті туралы мәселелер белсенді талқылануда.

Латын графигіне ауысу идеясы Тәуелсіздік алған сәттен бастап пайда болды. Мемлекет басшысы Н.Ә.Назарбаев 2006 жылы Қазақстан халқы Ассамблеясында, 2012 жылдың 14 желтоқсанында өткен «Қазақстан-2050» жолдауында, 2017 жылдың 12 сәуірінде жарияланған «Болашаққа бағдар: рухани жаңғыру» атты бағдарламалық мақаласында 2025 жылдан бастап латын әліпбиіне көшуіміз керек, барлық саладағы іс-қағаздар, оқулықтар осы алфавитпен жазылуға тиіс деп қадап айтты. Үкіметке нақты кестесін тапсырып, уақыт ұттырмай қолға алу қажеттілігін айтты. Ел ішінде латын әліпбиінің бірыңғай стандартын енгізу мәселесі бойынша жан-жақты іс-шаралар ұйымдастырылуда.

С.Жиенбаев атындағы облыстық жасөспірімдер кітапханасында да бүгінгі күннің өзекті мәселесі бойынша «Жаңа әліпби – ұлы дәуір бастауы» атты түсіндірме сағаты ұйымдастырылды.

Аталмыш шараның мақсаты латын әліпбиіне көшудің маңыздылығы туралы терең мағлұмат беру, қоғамдық пікір қалыптастыру. Қоғамда өздерін көрсете және өз еліне пайдалы бола алатын, Жаңа Қазақстандық патриотизмнің құндылықтары мен мұраттары жүйесін иеленетін патриот ұрпақ тәрбиелеу.

Осы мақсатқа кедергісіз қол жеткізу үшін не істеу керек? Латынға көшу барысында қандай жаңалықтар мен жұмыстар жасалып жатыр?- деген сауалдарға түсіндірме сағатын өткізу үшін Ақтөбе облысының тілдерді дамыту басқармасының «Тілдерді оқыту орталығының оқытушысы – Данагүл Бегімқызы Нұрмұхамедова шақырылды.

Қонағымыз латын әліпбиінің тарихы, латын әліпбиінің негізінде жасалған жазу үлгісі туралы айта отырып, латын графикасына көшудің маңыздылығы неде екенін түсіндіріп берді. Яғни латын әліпбиін қолдану – озық техника мен компьютер тілін меңгеруге жол ашады, мемлекеттік тілдің қолданылу аясын кеңейтеді, шет елде жүрген қандастарымызды осы жазу арқылы қазақ жеріндегі барлық жаңалықтан хабардар қылады. Сонымен қатар латын алфавитінің жаңа емлелерімен таныстырып, түсіндірді. Емлелерді пайдалану арқылы қызметкерлерге, оқырмандарға бірнеше сөздер жазғызып, тексеріп көрді.

Шарада латын әліпбиінің маңыздылығы неде?, Халық латын әліпбиіне көшуге дайын ба?,Өзге ұлт өкілдерінің бұл жазуға көшуі қалай болады?, Латын әліппесін қайдан оқып үйренуге болады? т.с.с сұрақтары қойылды. Сонымен қатар « Тіл қазына» ұлттық ғылыми-тәжірибе орталығы ашылғанын экраннан көріп тамашалады.

Ағартушы – педагог, ғалым Ахмет Байтұрсынов айтқандай «Ұлттың сақталуына да, жоғалуына да себеп болатын нәрсенің ең қуаттысы – тіл» демекші, Кәкімбек Салықовтың «Тіліңді қорға, қазағым!» атты өлең шумақтарын «Ақ қауырсын» жас ақындар шығармашылық клубының

мүшелері Аяулым Зинекен, Лаура Сұлтанбекова, Ақниет Көшербайқызы оқыды.

Шара басталған сәттен аяғына дейін кітапхана программисі Есенаманова Жанат «Жаңа әліпби – ұлы дәуір бастауы» атты слайдын жүргізіліп отырды. Тақырыпқа сай «Латын әліпбиі – өркениеттің кілті» атты кітап көрмесі ұйымдастырылып, кітапхана қызметкері Қайнақаева Азатгүл библиографиялық шолу жасады. Шара соңында кітапхана директоры Гүлжайнар Нәренқызы Калдина қорытынды сөз сөйлеп, қонақтар мен қатысушы жастарға алғысын білдірді. Жастар қабылданған латын графикасы туралы біршама деректер алып, шара өз дәрежесінде өтті.

Латын қарпі қазақ елін әлем мемлекеттерімен жақындастырып, жарқын болашаққа бастайды деген сенімдеміз.