Жас ұстаздар-Жолдауды қолдауда

Ағымдағы жылдың 13 қарашасында Елбасы Н.Ә.Назарбаев  2019 жылды -Жастар жылы деп жариялады.

Осы бастаманы қолдап, білім және ғылым қызметкерлері кәсіптік одағы Талдықорған аумақтық ұйымының жанынан құрылған жастар кеңесі «Ұстаз мерейін өсірген Жолдау» атты жас ұстаздар форумын өткізді.

Форумның мақсаты – Президент Жолдауына қолдау мен сенім білдіре отырып, өңір жастары арасында бұл маңызды құжаттың басымдықтарын насихаттау және түсіндіру.

Оған Ескелді аудандық ішкі саясат бөлімінің басшысы Мұрат Бектұров, Алматы облыстық кәсіподақтар орталығының төрағасы Әсет Қыдырманов, Талдықорған аумақтық ұйымының төрағасы Садық Әбдіқадыров, білім және ғылым қызметкерлері кәсіподағының белсенділері, сала ардагерлері, Ескелді аудандағы іргелі оқу орындарының жас ұстаздары, «Нұр Отан» партиясының және «Жас Отан» жастар қанатының көшбасшылары қатысты.

Ескелді ауданының орталығы Қарабұлақ ауылында өткен шарада  Талдықорған аумақтық ұйымының төрағасы Садық Нұрсапаұлы сөз алып,  Мемлекет басшысының Жолдауына тоқталып, «Педагог мәртебесі туралы» заңның қабылдануына кәсіподақ  ұйымы өз ұсыныстарын бергендігін айтып, білім саласындағы жас мамандарға сенім артты.

Жігерлі жастар, сала ардагерлері,саяси партиялар және мемлекеттік мекемелердің басшылары өз  ойларын ортаға салып, Жолдауда көрсетілген бағыттар бойынша жүйелі жұмыс жасайтындарына уәде берді. Форумда патриоттық әндер шырқалып, флешмобтар ұйымдастырылды.

Шара соңында Ескелді ауданындағы екі жүзден астам жас ұстаздар Жетісу өлкесінің жастарына Үндеу жариялап, Елбасының Жолдауын қолдауға шақырды.