Техникалық инспекторлар Форумы

ҚР Кәсіподақтар федерациясының 2018 жылды «Еңбек қауіпсіздігі және еңбекті қорғау жылы» деп жариялауына сәйкес және «Қауіпсіз еңбек» бағдарламасы аясында еңбек қауіпсіздігінің басты бағыттарын түсіндіру, техникалық инспекторлардың жұмыстарын жетілдіру мақсатында ағымдағы жылдың 20 қараша күні Кәсіподақтар Орталығының ұйымдастыруымен еңбекті қорғау жөніндегі техникалық инспекторлардың облыстық форумы өтті.

Кәсіподақтардың басты назар аударатын мәселелерінің бірі – бұл еңбекті қорғау, еңбек қауіпсіздігі. «БҚО-ның кәсіподақтар орталығы» аумақтық кәсіподақтар бірлестігінің төрағасы Ербол Салықовтың айтуынша, 2018-2020 жылдарға арналған облыстық Келісімде, 2018-2019 жылдарға арналған кәсіподақтарды жаңғырту Жол картасында еңбек қауіпсіздігі, мекемелердегі, кәсіпорындардағы өндірістік кеңестердің құрылуы, техникалық инспекторлардың білімділігін көтеру мәселелері басты көрініс тапқан. Облыс бойынша кәсіподақ ұйымдары бар мекеме-ұйымдарда, кәсіпорындарда 404-дің үстінде өндірістік кеңес құрылған және 492 техникалық инспектор жұмыс істейді. Енді өзге де өндіріс орындарында өндірістік кеңестер құру жұмыстарына назар аударылған.

-Облыста биылғы жылдың өткен мерзімі ішінде 34 жазатайым оқиға орын алса, болған жазатайым оқиғалардан 37 адам зардап шегіп, үш адамның қазасы тіркелді. 2017 жылдың 31 желтоқсандағы жағдайы бойынша облыс кәсіпорындары мен мекеме-ұйымдарында жазатайым оқиғалар салдарынан 68 адам зардап шегіп, олардың алтауы қайтыс болды. Жазатайым оқиғалардың өсуі құрылыс саласында байқалады, -деді жиында облыстық кәсіподақтар орталығы төрғасының орыбасары Бауыржан Атауов.

Облыстағы белсенді техникалық инспекторларлардың басын қосқан Форумда Кәсіподақтар Орталығының кәсіпорындардағы еңбек қауіпсіздігін қоғамдық бақылау, өндірістік кеңестердің және техникалық инспекторлардың жұмысы жөнінде, «Ұлттық сараптау және сертификаттау орталығы» АҚ БҚФ-ның директоры В. Графкиннің кәсіпорындардағы еңбек қауіпсіздігі бойынша халықаралық стандарттар туралы баяндамалары тыңдалды. Сондай ақ бір топ техникалық инспекторлар, «Жайықжылуқуат» АҚ-дан Виталий Кукушкин, Орал политехникалық колледжінен Михайл Горлов, «ҚПО б. в.» компаниясынан Айбек Имақанов, «Батыс су арнасы» кәсіпорнынан Талғат Полатұлы озық еңбек тәжірибелерімен бөлісті. Соның ішінде «ҚПО б. в.» компаниясының техникалық инспекторы Айбек

Имақанов қатысушыларды кәсіпорындағы еңбек қауіпсіздігі талаптарын нығайту бағытында енгізілген «Life Service» бағдарламасымен таныстырып, видеоролик көрсетілді. Форум барысында кәсіпорындардағы Еңбек қауіпсіздігі және еңбекті қорғау саласындағы жұмыс деңгейін анықтау мақсатында қатысушылар арасында сауалнама жүргізілді, сондай ақ облыс бойынша үздік техникалық инспекторлар Батыс Қазақстан облыстық Кәсіподақтар Орталығының алғыс хаттарымен марапатталды. Форум соңында әлеуметтік әріптестермен бірлесіп техникалық инспекторлардың қызметін жандандыру шараларын жалғастыру, соның ішінде ұжымдық шарттарға техникалық инспекторларды моральдық және материалдық ынталандыру түрлерін енгізу, сондай ақ техникалық инспекторлардың үздік, озық іс тәжірибелері таратылуы бағытында қарар қабылданды.