«Болашақ – білімді жастардың қолында» атты Республикалық жас ұстаздар форумы

2018 жылғы 23 қарашада Қазақстанның елордасы – Астана қаласында Қазақстандық салалық білім және ғылым қызметкерлері кәсіподағының ұйымдастыруымен ҚР Тұңғыш Президенті күні және ҚР Тәуелсіздігі мерекелеріне орай Л.Н. Гумилев атындағы Еуразия ұлттық университетінде «Болашақ – білімді жастардың қолында» атты дәстүрлі VI Республикалық жас ұстаздардың форумы өткізілді.

Салалық кәсіподақтың төрайымы М.Т. Амантаева барлық қатысушыларды Форумның салтанатты ашылуымен құттықтай отырып, жемісті еңбек пен шығармашылық табыс тіледі. Оның айтуынша, тәуелсіздіктің қадір-қасиетін ертеден білген халқымыз ширек ғасырдан астам ішінде қарышты қадаммен өркендеп, әлем жұртшылығының назарын аударып келеді. Әлемде саяси дауылдар мен табиғи апаттар болып жатқан заманда, еліміздегі ынтымақ пен бірлік, халқымыздың сабырлығы Елбасының салиқалы саясатының арқасында даму жолында келеді.

Қазақстан қазіргі уақытта экономиканың барлық саласы мен қоғамдық өмірді жаңғыртудың жаңа уақыт кезеңінде тұр. Кәсіподақтар жастардың аталған маңызды және жауапты жұмысқа белсенді қатысатынына сенім артады. Жас ұрпақ осы Форумда заманауи Қазақстанды дамытуға өз бағыттарын нақты көрсете алатынын да атап өтті.

Жастардың азаматтық борышы – өз Отанының патриоты болу. Қоғамның басты құндылығы – Қазақстан халқының бірлігін сақтауға жауапкершілікпен қарап, оны өскелең ұрпақтың бойына сіңдіре білулері қажеттігін және аға кәсіподақ ұйымдары жастардың бойында қазақстандық отансүйгіштікті қалыптастырулары тиіс. Мемлекетіміздің Басшысы бұл құндылықты «Өз Отанының патриоты болу – ол Қазақстанды өз жүрегінде

сақтау» деп айқын көрсеткен болатын. Қазіргі уақытта, өмірлік тәжірибесі мен білімі жоқ жастар ортасында, арқа сүйеушілік пен тұтынушылық қатынасқа бейімделгендер бар, жастар кеңестері мен кәсіподақ ұйымдары өз қызметінде осы мәселелерге аса мән бергендері жөн деп, М.Т. Амантаева өз ойын жалғастырды.

Білім және ғылым қызметкерлерінің салалық кәсіподағында әлеуметтік әріптестіктің рөлі ерекше, себебі, ол арқылы еңбек ұжымында пайда болатын көптеген даулы мәселелер мен еңбек жағдайларының шарттары шешіліп реттеледі. Сондықтан жастар кәсіподақ ұйымындағы жұмыспен неғұрлым белсенді айналысса, соғұрлым жаңа білімге, жаңалыққа дағдыларға машықтанып, көшбасшы мектебінен өтеді. Болашақ пен тағдыр жастардың өз қолдарында, жаңа білім мен дағдыға, бастамашылыққа бой алдыра отырып, қоғам алдында байланысқа бейімді, жауапты болу керек. Форумға қатысушы қауымның көпшілігі ұстаздар, сондықтан болашақтың бағамы осы кәсіпке көп байланысты.

Және тағы бір басты міндет – жастарды, студенттерді әлеуметтік қолдау. Қазақстан Республикасы Парламент Палатасының бірлескен отырысында 2018 жылғы 5 наурызда ұсынылып, мемлекет Басшысының әлеуметтік бастамаларында қойылған ең алдымен студенттерге әлеуметтік-тұрмыстық жағдай жасау, оларды заманауи жатақханалармен қамтамасыз ету, жоғары оқу орындарын бітіргеннен кейін жұмысқа орналастыру мәселелері болып табылады. Жолдауда Президент 2022 жылдың соңына дейін 75 мың орындық жаңа студенттік жатақханалар құрылысын аяқтауды тапсырды. Бүгінгі таңда студенттердің 30 пайыздан астамы жалдамалы пәтерлерде тұруға мәжбүр ең ірі студенттік мегаполис Алматы, Астана қалаларында жатақханаларға қажеттілік сақталып отыр. Мұндай жағдай республиканың басқа қалаларында да орын алған. Осыған орай, студенттік кәсіподақ комитеттері облыстық және аумақтық кәсіподақ ұйымдарымен бірлесіп, бағдарламаның орындалу барысын ерекше бақылауға алуға және

қажет жағдайда бұл мәселелерді қоғамдық кеңестердің, жергілікті билік органдарының қарауына шығаруы тиіс.

«Ұлы даланың жеті қыры» мақаласына сәйкес алдымызда тұрған ендігі міндет – Елбасы анықтап берген сол басымдықтарды іске асыруға қоғам болып жұмылу. Бұл ауқымды жұмысқа мемлекеттік органдармен бірге саяси партиялар, үкіметтік емес ұйымдар және қоғам белсенділері мен кәсіподақ жастары бір кісідей атсалысып, өз үлестерін қосса, көздеген мақсатқа қол жеткізу жеңілдейтіні анық. Ең бастысы, науқаншылыққа бой алдырмай, ел дамуы мен тарихымызды танудың жаңа кезеңі жолында жастардың әрқайсысы еңбек еткені абзал.

Бүгінгі жиын тек салтанатты мереке емес, сондықтан, отырыстарда, кездесулер мен секцияларда өздеріңізді толғандыратын сұрақтарды құлшыныспен талқылап, олардың шешу жолдарын ұсынсаңдар, өте орынды болар еді деп, Майра Тұрғанқызы қорытындылады.

Сонымен қатар, ҚР Парламент Мәжілісінің депутаты Г.Г.Шиповских «Педагог мәртебесі» заң жобасына қатысты өзінің оң пікірін білдірді. Аталған заң жобасын барыншы зерделеп, ұстаздар қауымына тиер пайдасы зор болу керектігін атап өтті және бұл орайда министрлікпен және Салалық кәсіподақпен тығыз қарым-қатынас жасау қажеттігін тілге тиек етті.

ҚР Білім және ғылым вице-министрі А.Қ.Аймағамбетов министрдің атынан сәлемін жолдап, жас ұстаздармен жұмыс жасау басты бағыттардың бірі екенін атады. Сонымен қатар, Елбасының халыққа Жолдауында білім беру жүйесіне қатысты көп игі тапсырмалар бергенін және биыл білім саласы үшін жақсы жаңалықтарға толы жыл болғанын айқындап өтті. Нақтылап айтсақ, ол еңбекақының артуы, жаңа аттестаттау жүйесінің енуі, қосымша гранттардың бөлінуі, жатақханалар мәселесінің шешілуі, «Педагог мәртебесі туралы» заң жобасы. Дүниежүзілік банк сарапшыларының зерттеуінше, Қазақстан адами капиталдың дамуы 157 мемлекеттің ішінде 31 орында деп тұжырымдап өтті.

«Назарбаев зияткерлік мектептері» ДББҰ-ның педагогикалық шеберлік орталығы директорының орынбасары Ш.Т. Каринова орта білім беру ұйымдарындағы Назарбаев зияткерлік мектептерінің стандартын ендіру туралы ақпаратымен бөлісті және Қазақстанның аймақтарындағы негізгі жұмыс бағыттары туралы айтып кетті.

Л.Н. Гумилев атындағы Еуразия ұлттық университетінің әлеуметтік даму мәселелері жөніндегі проректоры Д. Қамзабекұлы «мұғалім» деген ұғымға этимологиялық түсініктеме беріп, Елбасының «Ұлы даланың жеті қыры» мақаласына да тоқталды.

Сол сияқты ҚР Қоғамдық даму министрлігінің өкілі А. Ерғабылов пен «Нұр Отан» партиясының «Жас Отан» жастар қанатының атқарушы хатшысы Д. Кәрібек жасалынып жатқан Жол картасы, Үкімет тарапынан жастар Жылына қатысты іске асырылатын 11 негізгі бағыты туралы ақпаратымен бөлісті. Олар – білім, еңбекпен қамту, денсаулық, баспананың қолжетімділік мәселелері, кәсіпкерлік қызметті дамыту, жастардың жемқорлыққа төзбеушілігі, патриоттық сезімді нығайту және т.б. Аталған бағыттар бойынша қазақстандық жастар алға жылжу қажет деп сөздерін қорытындылады.

Жас ұстаздар да спикерлермен қатар өз ойларын ортаға салып, Елбасының білім беру жүйесіне қатысты игі бастамаларына қатысты алғыстарын білдірді.

ҚР Президенті Әкімшілігінің ықпал етуімен форумның қатысушыларына ҚР Президенті Н.Ә. Назарбаев туралы кітаптар сыйлық ретінде тарту етілді.

Пленарлық мәжілістен тыс секциялық отырыстар өткізілді. «Мемлекеттік орта білім беру ұйымдарындағы Назарбаев зияткерлік мектептерінің стандартын ендіру» секциясын Ш.Каринова, «Әлеуметтік медиа маркетинг» секциясын А.Берлібай және Ш.Оразбаева жас педагогтармен тимбилдинг өткізді.

Форумның қорытындысында Қазақстандық салалық білім және ғылым қызметкерлерінің кәсіптік одағы жанындағы жастар қанатының атынан Үндеу қабылданады және форумның соңы Е.Хасанғалиевтің «Атамекен» репертуарымен аяқталды.

Осындай форумдар жас мамандарды шоғырландыра отырып, оларға сала жүйесінде болып жатқан жаңалықтармен және жаңғыртулармен нәрлендірері сөзсіз. Елбасының «Ұлы даланың жеті қыры» мақаласын қолдайтынын және жастар арасында оны кеңінен насихаттайтындарын аңғартты.

Форумның екінші жартысында жас мамандар Тұңғыш Президент музейіне экскурсияға барып, Елбасының қарапайым жұмысшы қатарынан саяси тұлға дәржесіне дейінгі еңбек жолымен толықтай танысты.