Инновациялық технологиялар және кәсіподақ қозғалысына жастардың белсенді қатысуы» тақырыбындағы семинар

2018 жылдың 28 қарашасында Қазақстан Республикасының Тұңғыш Президент күніне орай ҚРКФ Оқыту, зерттеу және дауларды реттеу орталығымен бірлескен, кәсіподақ жастарына арналған «Кәсіподақ көшбасшысының имиджі және кәсіподақ ұйымын құрудың қағидаттары. Инновациялық технологиялар және кәсіподақ қозғалысына жастардың белсенді қатысуы» тақырыбында семинар оздырылды. Семинарды алғы сөзбен Батыс Қазақстан облысының Кәсіподақтар Орталығының төраға орынбасары Бауыржан Атауов ашып, шараның мақсаты – жастар арасындағы кәсіподақ көшбасшыларының имиджін арттыру, осы тақырыпта жаңа бастамалар мен инновациялық жобаларды дамыту, әрі кәсіподақ жастары арасында кадрлық резервті қалыптастыру, – деді.
Оқытуды Астана қалалық Кәсіподақтар Орталығының төраға орынбасары, ҚРКФ «Келешек» Жастар Кеңесінің төрағасы Күнәділов Төлеген Нығметжанұлы және ҚРКФ әлеуметтік-экономикалық қатынастар және әлеуметтік әріптестік жөніндегі комитет меңгерушісі Жұмаш Нұрлыбек Қалыбекұлы жүргізді. Семинарға облыстағы салалық, жергілікті және бастауыш кәсіподақ ұйымдарының белсенді жастары және жетекшілері – барлығы 40-тан астам адам қатынасты. Оқыту барысында қатысушылар жастардың белсенділігін арттыру, көшбасшылық қасиеттерін ұштау бағыттары, сондай ақ эволюциялық даму жолында ұлттық кодты сақтау және рухани жаңғыру жолдары туралы ақпараттар алды. Бүгінгі қоғамдағы кәсіподақ рөлі, соның ішінде кәсіподақтарды жаңғырту жолындағы жастардың үлесі тақырыптары қатысушылардың қызу талқысын тудырып, көкейдегі сұрақтарына тұшымды жауаптар алды. Қорытындылай келе семинарға қатысушылар қоғамға серпіліс беруші тың идеяларымен бөлісе отырып, тәжірибе алмасу мақсатында бейресми форматтағы түрлі кездесулер мен семинарлар ұйымдастыру арқылы жастардың қызығушылығын арттырып, қоғамның бәсекеге қабілетті мүшесіне айналдыру үшін аянбай қызмет ету керектігін бір ауыздан түйіндеді. Семинар соңында қатысушылар ҚРКФ оқыту, зерттеу және дауларды шешу орталығының сертификаттарымен марапатталды.