Копенгагенде Армения кәсіподақтары конфедерациясымен меморандумға қол қойылды

Осы күндері Копенгаген қаласында (Дания Патшалығы) өтіп жатқан Кәсіподақтардың дүниежүзілік конгресі дүниежүзі кәсіподақ бірлестіктері үшін қолайлы диалог алаңы болып табылады.

Ұйымдастырушылар Конгресс интерактивті режимде өтуі, пленарлық сессиялар, пікірталастар мен қатысушылардың сөйлеген сөздері онлайн-режимде көрсетілуі үшін барлық шарттарды жасады.  Қазақстандық делегация өкілдері Конгресс алаңын халықаралық кәсіподақтармен іскерлік әріптестікті нығайту үшін қолдануда.

Осылайша, 2018 жылғы 2 желтоқсанда Дания Патшалығының астанасында Қазақстан Республикасы Кәсіподақтар федерациясы мен Армения Кәсіподақтары конфедерациясының арасында ынтымақтастық туралы меморандумға қол қойылды. Меморандум үш жыл күшке ие болады және өзара түсінушілікті, әріптестікті, серіктестік қатынастарды және қос ел кәсіподақтары арасында ақпарат алмасуды дамытуға бағытталған.

Армения Кәсіподақтары конфедерациясының Төрағасы Эдуард Тумасянның айтуы бойынша, меморандум қос елдің кәсіподақтарының ынтымақтастығы, біріккен іс-шаралар өткізу мен тәжірибе алмасу үшін зор мүмкіндіктерге жол ашады.