Айтматовтың шығармашылық мұрасын насихаттаушылармен кездесу

Әлем әдебиетінің алып тұлғасы, Қырғызстанның халық жазушысы, Қырғызстан Ғылым Академиясының, Еуропа Ғылым Академиясының академигі, Социалистік Еңбек Ері Шыңғыс Айтматов биылғы 2018 жылы 90 жасқа толды. Айтматов өз шығармаларында өмір шындығын, заман тынысын, адамдар тағдырын, ана мен бала жан-сырын көркем бейнелеген.

Жуырда Құлан ауылшаруашылығы колледжінде Шыңғыс Айматовтың 90 жылдығына орай «Әлем әдебиетінің алып тұлғасы – Айтматов» тақырыбында облыстық колледжаралық Айтматов оқулары өткен болатын. 2018 жылдың 3 желтоқсанында аты аңызға айналған жазушы мұрасын насихаттау бағытында колледжде тағы бір игілі іс-шара, Лондондағы Айтматов академиясының өкілдерімен кездесу өтті. Кездесуге Ұлыбританиядағы Айтматов академиясының директоры, профессор Рахима Авдувалиева, Лондон шығыстану және африкатану мектебінің оқытушысы, жазушы, тележүргізуші Джонатан Фрейер, Әл-Фараби атындағы Қазақ ұлттық университетінің «Жалпы тіл білімі және Еуропа тілдері» кафедрасының меңгерушісі Гулмира Мәдиевамен осы кафедра доценті Сауле Бектемирова келді. Айтматов мұрасын насихаттайтын іс-шараға Қазақстан Республикасы Қарулы Күштері Оңтүстік өңірлік Қолбасшылығы Луговой горнизонының бөлімдері мен бөлімшелерінің әскери қызметкерлері де қатысты.

Колледж мұражайында заманымыздың заңғар тұлғасы, қоғам және мемлекет қайтарткері, колледжіміздің 1948 жылғы түлегі Шыңғыс Айтматовқа арналған мемориалды тақтасы ашылды. Ескерткіш тақтаны Т.Рысқұлов аудан әкімінің орынбасары М.Тлепов және Айтматов академиясының директоры Р.Абдувалиева ашты.

Кездесу барысында колледж студенттері Айтматов шығармаларынан үш тілде үзінділер оқып, сахналық көріністер көрсетіп келген қонақтарды өз өнерлерімен тәнті етті. Өзіне берілген сөз кезегінде Айтматов мұрасының шырақшысы, Айтматов Академиясының директоры Рахима Авдувалиева шет мемлекеттерде жазушы шығармаларын насихаттау бағытындағы атқарылып жатқан жұмыстар туралы әңгіме өрбітті.

Іс-шара соңында колледж оқытушылары келген қонақтарға өздерінің көкейінде жүрген сұрақтар қойып, оларға мардымды жауаптар алды. Колледж директоры Ж.О.Букирова Лондонда құрылатын Айтматов мұражайына колледж студенттері жасаған қолөнер бұйымдарын тарту етті.

Шыңғыс Айтматов туған халқының өзіне деген өлшеусіз махаббатымен мерейленген ұлы перзенті, Жаратушы иесі тумысынан бөлекше дарынымен дараланған ұлы жазушы. Өмір атты бір нәзік сәулеге деген шексіз іңкәрлікке, жарық пен жақсылық атаулыға деген ұлы сағынышқа толы Шыңғыс Айтматовтың шығармаларына үңілген әркімнің жансарайы кеңіп сала беретіні анық. Сондықтан оның шығармашылық мұрасын құрметтеу біздің басты міндетіміз.