«Көркемөнерпаздар» байқауы

Үстіміздегі жылдың желтоқсан айында «Алматы облысы білім беру мекемелер қызметкерлерінің жергілікті кәсіптік одағы» қоғамдық бірлестігінің Еңбекшіқазақ аудандық комитеті филиалының ұйымдастыруымен ауданымыздың білім саласының қызметкерлері арасында көркемөнерпаздар байқауы өткізілді. Тәуелсіздік күніне орай жыл сайынғы дәстүрлі түрде өткізіліп отырған аталмыш байқау өз дәрежесінде жоғары деңгейде өтті. Негізгі мақсат Елбасы Н.Ә. Назарбаевтың «Болашаққа бағдар: рухани жаңғыру» атты бағдарламалық мақаласын қолдау, білім саласы қызметкерлері арасында шығармашылық қарым-қатынасты нығайту, шығармашыл, өнерлі қызметкерлерді насихаттау болатын. Байқаудың алғашқы күні Есік өңірі үшін Ташкенсаз ауылындағы Х.Абдуллин атындағы орта мектебінде өткізілді. Келесі күні Шелек өңірі үшін Шелек ауылының Мәдениет үйінде жалғасты. Екі жақтың жеңімпаздары үшінші күні Қайназар ауылының Мәдениет үйінде финалда жүлделі орындар үшін бақ сынасты. Ұстаздар байқау ережесі бойынша «Туған-ел» тақырыбындағы шығармаларды жатқа мәнерлеп оқу, аспапта күй ойнау, шет тілдерінде ән орындау номинацияларында сынға түсті. Әділқазылар алқасы болып «Алматы облысы білім беру мекемелер қызметкерлерінің жергілікті кәсіптік одағы» қоғамдық бірлестігінің Еңбекшіқазақ аудандық комитеті филиалының төрағасы С. Надырбаев, Шелек музыка мектебінің білікті мамандары мен былтырғы көркемөнерпаздар байқауының жеңімпаздары тағайындалған еді. Әділқазылырға аса тартыс пен бәсекеге толы байқау барысында жеңімпаздарды анықтау оңай болмады, өнерпаздардың арасынан үздік орындаушыларды таңдау шынымен қиындық туғызды. Нәтижесінде әділқазылар алқасының шешіміне сәйкес «Туған-ел» тақырыбындағы шығармаларды жатқа мәнерлеп оқудан бас жүлдені Үміт балабақшасының ересек «Қарлығаш» тобының тәрбиешісі Жанна Шувакбаева жеңіп алды. 1-орын Ы.Алтынсарин атындағы орта мектептің биология пәні мұғалімі Рахым Ажар, 2-орын Ш.Уалиханов атындағы орта мектептің мұғалімі Искакова Мирхан, 3-орын Рахат №1 орта мектебінің мұғалімі Кашкынова Назерке мен Үміт балабақшасының тәрбиешісі Джилкишева Мадинаға берілді. Аспапта күй ойнаудан Абай атындағы орта мектебінің мұғалімі Төреғали Алмас бас жүлдені жеңіп алды. 1-орын Малыбай орта мектебінің мұғалімі Маметов Адылжан, 2-орын Лаубаева Айдана, 3-орын Әл-Фараби атындағы орта мектебінің мұғалімі Ибрагимов Қажымұратқа берілді. Шет тілдерінде ән орындау номинациясында бас

жүлде Аймен орта мектебінің мұғалімі Дайлыбекова Элмираға бұйырды. 1-орын Шелек музыка мектебінің оқытушысы Саясат Айтолқынға, 2-орын Балапан балабақшасының тәрбиешісі Мамирова Гузелге, 3-орын Нұршуақ балабақшасының тәрбиешісі Досимова Гулшихраға берілді. Ендігі кезек марапаттауға келіп жетті. Жеңімпаздарға аудандық білім бөлімі мен кәсіподақ ұйымының атынан мақтау грамоталары мен қаржылай сыйлықтар табыс етілді.