Тәуелсіздік күніне арналған салтанатты жиын

2018 жылдың 12 желтоқсан күні Қызылорда облысының аумақтық кәсіподақтар бірлестігі ұйымдастыруымен Қазақстан Республикасы Тәуелсіздік күніне арналған салтанатты жиын өтті. Аймақтың кәсіподақ белсенділері жиналған мерекелік шарада кәсіподақтар орталығының төрағасы Серік Сермағамбетов құттықтау сөз сөйлеп, айтулы күннің тарихи құндылығы мен тәуелсіз елдің қалыптасуы мен дамуы жолындағы кәсіподақтар қозғалысының алар орынына тоқталып өтті.
Салтанатты жиын барысында бірқатар кәсіподақ белсенділері марапатталды. Қазақстан Республикасы Президентінің 2018 жылғы 21 қарашадағы Жарлығы бойынша «Қызылорда электр тарату тораптары компаниясы» акционерлік қоғамының кәсіподақ ұйымы төрағасы Қанаев Асылбек Ордабайұлына және «Жаңақорған» шипажайы кәсіподақ ұйымы белсендісі Дауымбаев Алпысбай Тұрабайұлына «Астана 20 жыл» мерекелік медалімен наградалары табысталды. Қазақстан Республикасы Тәуелсіздігі Күніне байланысты еңбектегі елеулі жетістіктерін ескере отырып және кәсіподақтар жұмысындағы белсенділігі үшін облыс көлеміндегі кәсіподақтар жүйесінде еңбек етіп жүрген азаматтар Қазақстан Республикасы Кәсіподақтар Федерациясының «Кәсіподақтарға сіңірген еңбегі үшін» төс белгісі, Құрмет грамотасымен және Федерация төрағасы Бақытжан Жарылқасынұлы Әбдірайымның Алғыс хаттарымен марапатталды.
Сонымен қатар мерекелік шарада салалық кәсіподақтардың, Аумақтық кәсіподақтар бірлестігінің мерекелік марапаттары табысталып, кәсіподақ белсенділерінің елдің әлеуметтік-экономикалық өркендеуіне қосқан үлестеріне, кәсіподақ жүйесіндегі белсенділіктеріне алғыс айтылды.