Тәуелсіздік күніне орай ел азаматтары марапатталды

Тараз қаласындағы «Баласағұн» мәдениет сарайында Қазақстан Республикасының Тәуелсіздік күніне орай салтанатты жиналыс өтті. Осы жиында өңірдің дамуына қомақты үлес қосқан, елеулі еңбектері еліне танылған лайықты азаматтарға Елбасының Жарлығымен мемлекеттік марапаттар табыс етілді. Осындай құрметті марапаттардың біріне Қазақстан Республикасының Кәсіподақтар федерациясының ұсынуы бойынша Мойынқұм ауданында орналасқан «Алтыналмас» АҚ Ақбақай филиалы қызметкерлерінің «Бәйтерек» кәсіподақ ұйымының төрағасы Байсерік Бақбергенов ие болды.

Жамбыл облысының әкімі Асқар Мырзахметов саладағы 40 жылдан астам табысты еңбегі үшін Байсерік Бақбергеновке мемлекеттік награда «Еңбек даңқы» орденін салтанатты табыс етті. Бұл 1000-нан астам адам еңбек ететін үлкен өндірістік кәсіпорындағы еңбеккердің құқын қорғайтын кәсіподақ басшысына деген лайықты құрмет деп білеміз.

Еңбек адамына деген  осындай құрмет көрсетуде қолдау білдіргені үшін аймақтың кәсіподақ белсенділері Кәсіподақтар Федерациясына алғыс білдіруде.