Ұлы даланың ұшқыр жастары

Қазақстан Республикасының Тәуелсіздік күні мерекесіне орай білім және ғылым қызметкерлері Кербұлақ аудандық кәсіподақ комитеті жанынан құрылған Жастар кеңесінің ұйымдастыруымен «Ұлы даланың ұшқыр жастары» атты жас ұстаздар арасында байқау өтті.

Шараның мақсаты- педагог мамандардың мәртебесін арттырып, жас ұстаздардың кәсіби деңгейін көтеру. Елбасының Жолдауын және «Ұлы даланың жеті қыры» мақаласын дәріптеу.

Байқауға Кербұлақ ауданына қарасты білім ордаларынан 14 команда жасақталып, өздерін таныстырып, жас ақындар шығарған өлеңдерін мәнерлер оқып, «Ұлы даланың жеті қыры» атты мақала негізінде жоба қорғап, латын әліпбиін үйретудің тиімді жолдарын көрсетіп, өзара бақтарын сынады.

Қатысушылар жоғары деңгейде дайындықпен келгендерін көрсетіп, бір-бірінен ерекшеленді.

Көркем оқу сайысында №49 орта мектебінің мұғалімі, жас ақын Олжас Наурызбаев өзінің өлеңдер жинағын ұсынып, әділ қазылар алқасының ерекше ықыласына бөленсе, латын әліпбиін оқушыларға үйретудің ыңғайлы әдістерін «Балдырған» балабақшасының тәрбиешілері мен Қаспан орта мектебінің ұстаздары көрсетіп берді.

Жарыстың ережесіне сай көрсетілген кезеңдерді әділқазы алқалары саралап, жас мамандардың ұшқыр ойлары мен жұмыс кезінде қолдануға мүмкіндік туғызатын идеяларына мән берді. Нәтижесінде, І орынды Сарыөзек орта мектебінің ұстаздары, ІІ орынды «Балдырған» балабақшасының тәрбиешілері, ІІІ орынды Д. Қонаев атындағы орта мектебінен келген команда иеленіп, аудандық кәсіподақ комитетінің дипломы және бағалы сыйлықтарымен марапатталды. Көпшілік көңілінен шыққан шара алдағы уақытта да өз жалғасын табатын болады.