КӘСІПОДАҚ КОМИТЕТІНІҢ КОНФЕРЕНЦИЯСЫ ӨТТІ

Білім және ғылым қызметкерлері кәсіподағының Түркістан қалалық комитеті ХІҮ конференциясын өткізіп, күн тәртібіне қойылған бірнеше мәселелерді талқылаумен қатар комитеттің төрағасын қайта сайлады.

Конференция делегаттары жұмысшы төралқасын, мандат комиссиясы мен хатшылығын, есеп санақ комиссиясын сайлағаннан кейін Білім және ғылым қызметкерлері кәсіподағы Түркістан қалалық комитетінің төрағасы Диана Турманова комитеттің 2018 жылғы атқарылған жұмыстары бойынша баяндама жасап, өтіп бара жатқан жылда жасаған жұмыстарын саралады. Қаламыз облыс орталығы атанғанға дейін қалалық комитеттің 112 бастауыш ұйымдарында 12131 кәсіподақ мүшесі болатын. Түркістан қаласына қарасты 40 білім беру мекемесінің Кентау қалалық білім бөлімінің қарамағына өтуіне байланысты кәсіподақтың 3500 мүшесі білім және ғылым қызметкерлері кәсіподағының Кентау қалалық комитетіне ауысқан. Бүгінгі таңда Түркістан қалалық комитеті 84 бастауыш ұйымдардағы 8708 мүшесімен білім қызметкерлерінің әлеуметтік-экономикалық және еңбек құқықтары мен мүдделерін тиімді қорғау, кәсіподақ мүшелеріне құқықтық және консультациялық жәрдем беру аясын кеңейту бағытында жұмыс жасауда. Сонымен қатар, ұжым беделін көтеру, ұжымдағы бірлік пен татулықты қалыптастыру, еңбек дауларын реттеп отыруды мақсат еткен. Арыз-шағымдарға дер кезінде жауап беріліп, жеке еңбек дауларын шешу жөніндегі «Келісу комиссиясы» нәтижелі еңбек атқаруда. «Ашық есік» күндері де ұйымдастырылады. Соның нәтижесінде бүгінде білім саласы ұжымдарынан түсетін арыз-шағымдар азайған. Комитет мерекелік іс шараларға да белсене қатысып, 8-Наурыз – Халықаралық әйелдер және қыз-келіншектер күні, Наурыз мейрамы, Мұғалімдер күні, Еңбек күні, Қарттар күні сияқты айтулы күндерді жоғары деңгейде атап өтіп, еңбегімен көзге түскендерді марапаттап отырады. Кәсіподақ белсенділерінің құқықтық білімін көтеруде баспасөз қызметінің рөлі зор екендігін ескере отырып, «Қазақстан кәсіподағы», «Түркістан», «Ұстаз жолы» газеттеріне комитет есебінен жазылуды ұйымдастырған. Сала ардагерлерімен де тығыз байланыс орнатқан комитет зейнеткерлік демалыста отырған ұстаздарды жергілікті «Түркістан» газетіне 100 пайыз жеңілдікпен жаздырып отыр. Кәсіподақ мүшелерінің рухани-әлеуметтік қорғалуын басты назарға қойып, саламатты өмір салтын насихаттау мақсатында демалыс шипажайларына ем алуға мүмкіндіктер қарастырып, қатерлі ісікке шалдыққандарға, денсаулығымен есепте тұратындарға ота жасатуға, жанұя жағдайы төмен қызметкерлерге қаржылай көмек көрсетілуде. Жыл басынан 50-30 пайыз жеңілдікпен 183 қызметкер жолдама алып, сауықтыру орындарында демалған. Ал, еңбегі сіңген зейнеткер ұстаздар 100 пайыз жеңілдікпен демалу-сауықтыру орындарына барған. Ауған соғысының ардагерлері де осындай жеңілдіктерге ие болуда. Сонымен қатар, Ұлы Отан соғысының 3 ардагеріне де қаржылай, заттай сыйлықтар жасалынуда.

Белсенді кәсіподақ мүшелерінің еңбегі де лайықты бағалануда. Биылғы жылы 2 кәсіподақ белсендісі «Қазақстандық салалық білім және ғылым қызметкерлері кәсіптік одағына сіңірген еңбегі үшін», 15 қызметкер «Қазақстандық салалық білім және ғылым қызметкерлері кәсіптік одағының Түркістан облыстық ұйымына сіңірген еңбегі үшін» төсбелгілерімен, 22 кәсіподақ белсендісі «Қазақстандық салалық білім және ғылым қызметкерлері кәсіптік одағы Түркістан облыстық ұйымының» «Құрмет грамоталарымен» марапатталды. Осындай деректерді атап өткен комитет төрағасы Диана Абайқызының баяндамасынан кейін тексеру комиссиясының төрағасы Умхан Юлдашев та баяндама жасап, комитеттің есебін нақтылап берді.

Жарыссөзге шыққан Әмір Темір атындағы №3 жалпы орта мектебі бастауыш кәсіподақ ұйымының төрағасы, Ауған соғысының ардагері Закир Абдураимов, Ж.Еділбаев атындағы №18 мектеп-гимназияның директоры Дәулет Құдайбергенов, Некрасов атындағы №9 мектеп-гимназияның бастауыш кәсіподақ ұйымының төрағасы Ольга

Матвиенколар комитеттің атқарған жұмыстарына оң бағаларын беріп, алдағы жұмыстарында сәттілік тіледі. Қос баяндама бойынша тиісті қаулы қабылданды.

Конференция жұмысына арнайы қатысқан «Қазақстандық салалық білім және ғылым қызметкерлері кәсіптік одағының Түркістан облыстық ұйымы» Қоғамдық бірлестігінің төрағасы Бахыт Еркінбек сөз алып, күн тәртібінде тұрған негізгі мәселе – комитеттің төрағасын сайлау туралы баяндады. Қалалық комитеттің жұмысына, алға қойған мақсаттарына көзқарасын білдіріп, басшылық қызметке осы кезге дейін төраға қызметін атқарып келе жатқан Диана Турманованы ұсынды. Конференция делегаттары Бахыт Сейтжаппарұлының ұсынысын бірауыздан қолдап, ашық дауыс беру арқылы Диана Абайқызы Турманованы Білім және ғылым қызметкерлері кәсіподағы Түркістан қалалық комитетінің төрағасы қызметіне қайта сайлады.

Төраға сайлауынан кейін кеңес мүшелері, комитет кеңесінің құрамы, тексеру комиссиясының құрамдары қайта жасақталып, дауыс беру арқылы бекітілді. Сонымен қатар, алда өтетін «Қазақстандық салалық білім және ғылым қызметкерлері кәсіптік одағының Түркістан облыстық ұйымы» Қоғамдық бірлестігінің конференциясына да Түркістан қаласының атынан қатысатын делегаттар сайланды.

Конференцияны қорытындылаған Бахыт Сейтжаппарұлы Еркінбек білім саласының бүгінгі жағдайына, орын алып жатқан өзгерістерге тоқталып, жаңадан дайындалып жатқан «Мұғалім мәртебесі туралы» заңы аясында да өзінің тұщымды ойларын жеткізді. Елбасы Н.Ә.Назарбаевтың білім саласына жасап жатқан қамқорлықтарын тілге тиек ете отырып, егемен елімізді дамыту жолында жасалынып жатқан жұмыстарға қолдау көрсетумен қатар бірге атсалысуымыз қажеттігін атап өтті. Сондай-ақ, белсенді кәсіподақ мүшелерін марапаттады. Атап айтсақ, Ұлықбек атындағы жалпы орта мектебінің педагог-психологі Болатхан Алпамысұлы Қаражигитов Қазақстан Республикасының «Еңбек ардагері» медалімен марапатталды. Ал, С.Ерубаев атындағы №7 мектеп-интернатының директоры Әбдіразақ Шереханұлы Өтекей, «Бөбек» балабақшасының меңгерушісі Шарипа Иманәліқызы Алдажуманова, №23 жалпы орта мектебі бастауыш кәсіподақ ұйымының төрағасы Асылхан Сейтқасымұлы Орынтаевтар «Қазақстандық салалық білім және ғылым қызметкерлері кәсіптік одағының Түркістан облыстық ұйымы» Қоғамдық бірлестігінің «Кәсіподаққа еңбегі сіңген қызметкер» белгісімен марапатталса, Әл Фараби атындағы №10 жалпы орта мектебі бастауыш кәсіподақ ұйымының төрағасы Сұлтанкүл Абылайқызы Шораева, «Келешек» санаториялық бөбекжайы бастауыш кәсіподақ ұйымының төрағасы Майра Өтегенқызы Ахмет және №27 жалпы орта мектебі бастауыш кәсіподақ ұйымының төрағасы Құрманғазы Сапарғалиұлы Әшірбек аталған бірлестіктің «Құрмет грамотасымен» марапатталды.