Батаменен ел көгерер

Жақында С.Жиенбаев атындағы облыстық жасөспірімдер кітапханасы «Рухани жаңғыру: болашаққа бағдар» бағдарламасы аясында, АГУ Тарлан колледжімен бірлесе отырып «Батаменен ел көгерер» атты батагөй қариялармен кездесу кешін өткізді.

Кештің мақсаты: ата-бабамыздан мирас болып қалған біздің асыл қазынамыз баталы сөздерімізді жастарға дәріптеу, жастардың бойына рухани байлық орнату. Ұлттық дәстүр-салтымыздың қайта жаңғыруына игі ықпал ету.

Кешке «Даналық сөздер жинағы», «Бақытыңды балаңнан ізде», «Әдептілік әліппесі» т.б 12 кітаптың авторы, Түркістанда өткен Республикалық «Батаменен ел көгерер» жарысында 1-орын, Ақтөбе облысының «Қарттарым-асыл қазынам» байқауында бас жүлдені жеңіп алып, «Ақтөбе қаласының ардагер өнерпазы» атағына ие болып, радио және телевидение экрандарында жас ұрпақтарға өсиет-өнеге көрсетіп жүрген қариямыз Марат Қабижанұлы және мәдениет саласының ардагері, танымал бата беруші Людмила Байқадамова қонақ болып, жастарға өсиеттерін айтып, ақ баталарын берді.

Кеш «Бата туралы не білеміз?» атты бейнероликпен басталды. Осы тұрғыда қарияларымыз сөз тізгінін алып, батаның қандай қасиеті бар екенін айтты. Марат Қабижанұлы: «Мейлінше теріс батадан аулақ болыңдар, теріс бата бермеңдер, тілектерің ақ болсын» деп өсиетін айтты. Танымал батагөй қариямыз Людмила Байқадамова «6 жастағы бала отырып, 60 жастағы әйел бата бермейді» десе де Марат ағасынан рұқсатын алып, өз дәптеріндегі ақ тілекті баталарын жастарға тіледі. Қазіргі таңда қоржынында қазақша баталар жинағы өте көп. Жастарға: «Тек жүректерің елім деп соқсын, Қазақпын деп мақтаныңдар» деп рухтандырды. Салмақты әңгімемен бірге УМДК-101 тобының студенті Болат Жалғасбаев Марат Қабижанұлының «Батаның да батасы бар» өлеңін және КДК-101 тобының студенті Мұсафат Жансая «Қыз балаға» арнауын оқыды. Жастар өздерін толғандырып жүрген сұрақтарымен бөлісті. Осы сұрақтардың ішіндегі ең өтімді сұрақ: «Не себепті ер балаға бас ұстатпайды?» және «қыз балаға кәрі жілікті ұстатпайды» дегені болды. Бұл сұрақтардан жастардың білем, көрем деп талпынғандары қуантады.

Шара соңында дария қариямыз Марат Қабижанұлы қазақтың ұлттық домбырасыменен өз қонақ кәдесін тарту етті. Жәй ғана тарту етпеді домбыраның маңыздылығымен домбыраны өз қолымен жасайтын шебер қариямыз бұл өнердің нағыз төресі екенін жеткізді.

Жақсыменен өткізген жарты сағат жаманның өтіп кеткен өміріндей дегендей кездесу кеші адам жанына рухани нәр беріп, жастардың ой-өрісін кеңейтті. Кітапхана директоры Гүлжайнар Калдина жастарға бата беретін,

жол көрсететін қарияларымыз тұрғанда біз рухани жаңғырамыз дей келе алғысын білдіріп, сый-сыяпат көрсетті. «Ақ бата – асыл мұра» атты кітап көрмесі жасалып, библиографиялық шолу өткізілді.

Міне, біздер жастарға жақсылыққа жетудің жолы үлкенді құрметтеу, солардың алғысы мен ақ батасын алу екендігін түсіндіруіміз қажет. Өмір тәжірибесі және жоғарыда айтылып өткендей үлкеннен әрдайым ақ бата алу жақсылыққа жетудің өмірлік жолдамасы екенін жастардың санасына жиі құйғанымыз жөн. Ата-дәстүріміз, қарт-қарияламыз аман болсын, рухани жаңғыруға үлесімізді қосайық.